9 Қараша 2026, 21:52 Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Мұздықтарды сақтау және жасыл энергетика: Қазақстан мен Тәжікстан келіссөз жүргізді

Кездесуде Қазақстан ұсынған Орталық Азияның ең озық қолжетімді техникалар бюросын және Жасыл акселерацияның өңірлік хабын құру бастамалары таныстырылды.

COP31 конференциясы аясында Қазақстанның Ұлттық павильонында Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың Тәжікстанның Қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Баходур Шерализодамен кездесуі өтті.

Тараптар қоршаған ортаны қорғау, жаңартылатын энергетиканы дамыту, биоалуантүрлілікті сақтау және климаттың өзгеруіне қарсы күрес бағыттарындағы ынтымақтастықты талқылады. Сондай-ақ гидроэнергетика, энергия тиімділігі, мұздықтарды сақтау, гидрометеорологиялық бақылау және табиғи апаттар туралы ерте ескерту жүйелерін жетілдіру мәселелеріне назар аударылды.

Кездесуде Қазақстан ұсынған Орталық Азияның ең озық қолжетімді техникалар бюросын және Жасыл акселерацияның өңірлік хабын құру бастамалары таныстырылды. Бірінші жоба өнеркәсіп орындарын экологиялық жаңғыртуға, ал екіншісі экологиялық стартаптар мен таза технологияларды дамытуға бағытталған.

Қазақстан тарапы аталған бастамаларды жүзеге асыруға Тәжікстанның белсенді қатысуына мүдделі екенін білдірді. Кездесу соңында екі ел өкілдері Тәжікстанның Ұлттық павильонымен танысты.