14 Тамыз 2026, 17:10 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

«Мұсылмандық НАТО» құрылып жатыр ма: Түркия, Сауд Арабиясы мен Пәкістан одағы нені өзгертеді?

Түркия, Сауд Арабиясы және Пәкістан арасындағы қорғаныс саласындағы жаңа одақ мұсылман әлеміндегі күштердің арақатынасын өзгерте ала ма? Бұл үш мемлекеттің арасындағы келісім болып қала ма, әлде болашақта ауқымды қауіпсіздік жүйесіне айнала ма? Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы, Түркиядағы Эрзинджан Бинали Йылдырым университетінің профессоры Айнұр Ноғаева BAQ.KZ тілшісіне үш мемлекеттің жақындасуын ислам әлемінің әскери-экономикалық әлеуетімен, Түркиядағы ішкі өзгерістермен және әлемдегі жаңа геосаяси жағдаймен байланыстыратынын айтты.

Түркия, Сауд Арабиясы және Пәкістанның қорғаныс саласында күш біріктіруі соңғы күндері халықаралық саясаттағы маңызды оқиғалардың біріне айналды. Меккеде жасалған келісім бойынша тараптардың біріне жасалған қарулы шабуыл үшеуіне де жасалған шабуыл ретінде қарастырылады. Осыған байланысты жаңа форматты қазірдің өзінде «мұсылмандық НАТО» деп атай бастады.

Алайда бұл оның ресми атауы емес.

Айнұр Ноғаеваның пікірінше, бұл оқиғаны тек үш мемлекеттің әскери ынтымақтастығы ретінде қарастыру жеткіліксіз. Оның астарында ислам әлемінің қорғаныс саласында күш біріктіру мүмкіндігі, Түркияның сыртқы саясаттағы орны және әлемдегі күштер тепе-теңдігінің өзгеруі секілді ауқымды мәселелер жатыр.

2 миллиард халық, 5 миллион әскер: ислам әлемінің әлеуеті қандай?

Айнұр Ноғаева ислам әлемін құрайтын 57 мемлекеттің жиынтық әлеуетіне назар аударады. Оның келтірген деректеріне сәйкес, бұл елдерде шамамен 2 миллиард адам тұрады, жалпы ішкі өнімінің жиынтық көлемі 9 триллион долларға жетеді, ал белсенді әскери қызметшілерінің саны 5 миллионға жуықтайды.

Бұл жүйеде Пәкістан ядролық қаруға ие мемлекет ретінде ерекшеленсе, Түркия, Сауд Арабиясы, Мысыр және Индонезия әскери және экономикалық әлеуеті жағынан негізгі күштер саналады.

Ислам әлемінде 2 миллиард халық пен стратегиялық энергетикалық ресурстар бар. Бұл – орасан зор әлеует. Бірақ осы мүмкіндікті ортақ күшке айналдыру оңай емес. Әскери әлеует тұрғысынан қарағанда да ислам елдерінің мүмкіндігі аз емес. Пәкістан – ядролық держава. Түркия, Сауд Арабиясы, Мысыр және Индонезия әскери әрі экономикалық жағынан негізгі күштер қатарында. Халықтың елін қорғауға дайындығы да жоғары. Мысалы, Түркияда бұл көрсеткіш 70 пайыздан асса, Пәкістанда 90 пайызға жетеді. Бірақ үлкен әлеуеттің болуы автоматты түрде саяси немесе әскери бірлік қалыптасады деген сөз емес, – дейді Айнұр Ноғаева.

Сарапшы әлемдегі әскери күштердің арақатынасын Global Firepower көрсеткіштері арқылы салыстырып, АҚШ пен Ресейдің мүмкіндіктеріне де назар аударады. АҚШ әлемдегі ең қуатты армияға ие болса, Ресей екінші орында тұр. АҚШ-тың жылдық қорғаныс бюджеті 900 миллиард долларға жуықтайды. Ал Ресей әскери технологиялар мен ядролық әлеуеті жағынан негізгі державалардың бірі болып қала береді.

Осы тұрғыдан алғанда, ислам мемлекеттерінің жиынтық әскери әлеуеті айтарлықтай болғанымен, АҚШ пен Ресей сияқты державалардың деңгейіне жету үшін әлі де ұзақ жол бар.

Түркия, Сауд Арабиясы және Пәкістан: неге дәл осы үш мемлекет?

Үш елдің саяси жүйесі мен ұлттық мүдделері әртүрлі болғанымен, олардың әрқайсысында айтарлықтай әскери, экономикалық және геосаяси мүмкіндік бар.

Пәкістан – ядролық держава. Түркия аймақтағы ірі әскери және өнеркәсіптік күштердің бірі болса, Сауд Арабиясы экономикалық және энергетикалық мүмкіндігімен ерекшеленеді. Жаңа келісімнің саяси мәні де осы үш мемлекеттің мүмкіндігін бір қорғаныс форматы аясында тоғыстыруында.

Бір мемлекетке жасалған қарулы шабуыл барлығына жасалған шабуыл ретінде қарастырылатындықтан, бұл қағида НАТО-ның ұжымдық қорғаныс моделін еске салады.

Неліктен ислам мемлекеттері бұған дейін ортақ қорғаныс жүйесін құра алмады?

Айнұр Ноғаева ислам әлеміндегі ортақ әскери-саяси құрылым құру мәселесінің бүгін ғана пайда болмағанын айтады. Бұған дейін Саадабад пактісі, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, D-8 және Ислам ынтымақтастығы ұйымы сияқты түрлі бастамалар болған. Бірақ олардың ешқайсысы НАТО секілді толыққанды ортақ қорғаныс жүйесіне айналған жоқ.

Осман империясынан кейін ортақ саяси орталықтың ыдырауы бұл үдеріске үлкен әсер етті. Оған Батыс державаларының "бөліп ал да, билей бер" саясаты, Сайкс-Пико тәртібі негізінде бір-бірінен бөлек мемлекеттердің құрылуы, ұлттық мүдделер арасындағы қайшылықтар қосылды. Кейін ұлтшылдық ағымдар мен аймақтық бәсеке күшейді. Мұның бәрі панисламдық бірлік идеясын әлсіретті. Сондықтан бүгін де бірден толық саяси немесе әскери одақ құрудан гөрі, аймақтық ынтымақтастықты кезең-кезеңімен дамыту әлдеқайда шынайы жол болып көрінеді, – дейді профессор.

Оның айтуынша, Батыстың сараптамалық орталықтарында да «исламдық НАТО» құру сценарийлері бұған дейін талқыланған. Егер осындай құрылым өмірге келсе, Түркия мен Пәкістан оның стратегиялық орталығында тұруы ықтимал. Ал энергетикалық ресурстар мен маңызды географиялық аумақтарды бақылау мұндай бірлестіктің басты артықшылықтарының біріне айналар еді.

Түркиядағы ішкі тұрақтылық неге маңызды?

Халықаралық сарапшы жаңа қорғаныс форматын Түркияның ішкі саясатында жүріп жатқан өзгерістерден бөлек қарастырмайды. Оның пікірінше, елдегі «Террорсыз Түркия» үдерісі мемлекеттің ішкі ресурстарын босатып, ұзақ мерзімде Анкараның сыртқы саясаттағы мүмкіндігін арттыра алады.

«Террорсыз Түркия» бастамасы аясында әзірленген «Ұлттық ынтымақ пен әлеуметтік интеграцияны нығайту туралы» заң жобасы Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінде қабылданып, күшіне енді. Сарапшы мұны ондаған жыл бойы елдің адами және экономикалық ресурстарын сарқып келген террористік қатерді жою жолындағы маңызды кезең ретінде бағалайды.

Терроризмнің мемлекетке келтіретін шығынын тек армияға, полицияға, барлау қызметіне, қару-жарақ пен операцияларға жұмсалған ақшамен өлшеуге болмайды. Бұл – елдің терроризмге қарсы күресуге мәжбүр болғандықтан сала алмаған зауыттары, мектептері мен ауруханалары, жүзеге аспаған жобалары және тартылмай қалған инвестициялары. Яғни терроризм мемлекеттен ақшаны ғана емес, оның мүмкіндігін де алып қояды, – дейді Айнұр Ноғаева.

Түркияның ресми бағалауы бойынша, ондаған жыл ішінде терроризмнен келген жалпы экономикалық шығын шамамен 2 триллион долларды құраған. Бұл сомаға тікелей шығындармен бірге тартылмай қалған инвестициялар, жүзеге аспаған жобалар және қақтығыс салдарынан болмаған экономикалық белсенділік те кіреді.

Түркияның Коммуникациялар басқармасы ұсынған есепте терроризммен күреске кеткен қаражаттың ел экономикасы үшін қандай мүмкіндік болғаны да көрсетілген. Бұл қаржы энергетикаға, мыңдаған өнеркәсіп кәсіпорнына, аурухана, мектеп пен тұрғын үй құрылысына жұмсалуы мүмкін еді.

Сарапшы терроризм тарихындағы қақтығыстар тек мемлекет ішіндегі қайшылықтардан туындамайтынына да назар аударады. Оның пікірінше, мұндай қақтығыстарға сырттан саяси, қаржылық, ақпараттық немесе ұйымдастырушылық қолдау көрсетілетін жағдайлар аз емес.

Лай судан балық аулағысы келетіндер әрқашан табылады. Үнемі басқаларға жалтақтап, ресурстарының үлкен бөлігін ішкі текетіреске жұмсауға мәжбүр әлсіз Түркия белгілі бір топтар мен мемлекеттердің мүддесіне сай келді. Бірақ қазір заман өзгерді, түрік қоғамы да өзгеріп жатыр. Саяси көзқарастар әртүрлі болғанымен, қоғамда күшті, дербес және өз тағдырын өзі айқындай алатын мемлекетке деген сұраныс күшейді. Түркия республикалық тарихының екінші ғасырына әлемдегі өз орны туралы мүлде басқа түсінікпен кіріп отыр, – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, қазіргі Түркияның ықпалы өз шекарасымен шектелмейді. Анкара Балқанда, Кавказда, Түркістанда, яғни Орталық Азияда, Африкада, Жерорта теңізі мен Қызыл теңіз аймағында белсенді. Әсіресе түркі әлемінде Түркия интеграциялық үдерістердің негізгі орталықтарының біріне айналып келеді.

Мемлекеттің күші тек армиямен өлшенбейді

Айнұр Ноғаеваның пікірінше, мемлекеттің сыртқы саясаттағы салмағын тек әскері мен қару-жарағына қарап бағалау жеткіліксіз.

Мемлекеттің күші – тек әскери әлеует емес. Бұл экономика, өнеркәсіп, технология, адами капитал, дипломатия, саяси тұрақтылық және мемлекеттің ресурстарын стратегиялық мақсаттарға жұмылдыра алу қабілеті. Сондықтан Түркиядағы бейбіт үдерістің маңызы ішкі саясатпен ғана шектелмейді. Ол сыртқы саясатқа да тікелей әсер етеді, – дейді профессор.

Басқа мемлекеттердің тәжірибесі де мұндай үдерістердің ұзақ мерзімді ықпалын көрсетеді. Испания ондаған жылға созылған қақтығыстан кейін ЕТА қызметінің толық тоқтауына қол жеткізді. Солтүстік Ирландияда 1998 жылғы Белфаст келісімі жаңа кезеңнің басталуына жол ашып, 2005 жылы ИРА қарулы науқанын тоқтататынын ресми жариялады. Бұл үдерістер оңай болған жоқ, алайда ақырында қарулы текетірестің орнын саяси тетіктер басты.

Айнұр Ноғаеваның пікірінше, Түркия үшін мұндай өзгерістің ықпалы бұдан да ауқымды болуы мүмкін. Өйткені Түркия – ірі өнеркәсіптік мемлекет, НАТО мүшесі, альянстағы саны жағынан екінші армияға ие ел, қару-жарақ өндіретін жетекші мемлекеттердің бірі және дербес аймақтық күш орталығы.

«Террорсыз Түркия» әскердің әлсіреуін білдірмейді

Профессор РКК террорлық ұйымының ыдырауы (жойылуы) (Қазақстанның да террорлық ұйым тізімінде – ред.) Түркияның қорғаныс әлеуетін әлсіретуі немесе әскери шығындарды қысқартуы керек дегенді білдірмейтінін айтады.

Керісінше, заманауи бақылау жүйелері мен қару-жарақ террористік ұйымдардың әрекетін қиындатты. Түркия қазір дербес қорғаныс-өнеркәсіп базасын дамытып, ұшқышсыз жүйелерге, авиацияға, зымырандарға, кеме жасауға және басқа да жоғары технологиялық бағыттарға күш салып келеді. Қорғаныс өнеркәсібінің өзі ел үшін маңызды экспорттық секторға айналған.

Сондықтан "Террорсыз Түркия" мен күшті түрік армиясы бір-біріне қайшы ұғымдар емес. Әңгіме стратегиялық назардың өзгеруі туралы. Бұрын ресурстар мен саяси күш-жігердің үлкен бөлігі террористермен күреске жұмсалса, жаңа жағдайда Түркия технологиялық дамуға, экспортқа, сыртқы саудаға, инфрақұрылымға және айналасындағы аймақтардағы орнын нығайтуға көбірек мүмкіндік алады. Осы жерде ішкі бейбітшілік сыртқы саясатқа тікелей жұмыс істей бастайды, – дейді Айнұр Ноғаева.

Мысыр неге одаққа қосылмады?

Жаңа форматқа қатысты негізгі сауалдардың бірі – алғашқы қатысушылардың арасында Мысырдың болмауы.

Мысыр – араб әлеміндегі ең ірі мемлекет, аймақтағы ең үлкен армиялардың біріне ие. Сонымен қатар Суэц каналын бақылап, Жерорта теңізі, Қызыл теңіз және Таяу Шығыс түйісетін стратегиялық кеңістікте орналасқан. Бұған қоса, Мысыр Түркия, Сауд Арабиясы және Пәкістанмен жеке төртжақты форматта ынтымақтасып келеді.

Сондықтан Мысырдың Мекке келісіміне қол қоймауын ынтымақтастыққа қызығушылықтың жоқтығы деп бірден қабылдауға болмайды. Бұл Каирдің саяси сақтығымен байланысты болуы мүмкін. Мысыр дәстүрлі түрде араб монархияларымен, Түркиямен, АҚШ-пен және басқа күш орталықтарымен қатар байланыс орнатып, маневр жасау мүмкіндігін сақтауға тырысады. Сондықтан алдымен жаңа форматтың іс жүзінде қандай құрылымға айналатынын бақылап, содан кейін шешім қабылдауы мүмкін. Анкара да есіктің ашық екенін айтып отыр, – дейді сарапшы.

Жаңа одақ шынымен «мұсылмандық НАТО-ға» айнала ала ма?

Айнұр Ноғаеваның пайымынша, жаңа келісімнің болашағын оның қалай аталатыны емес, тараптардың практикалық ынтымақтастықта қаншалықты алысқа баратыны анықтайды. Ең басты мәселе – ортақ қорғаныс қағидатының нақты тетіктерге айналуы.

Бірлескен қолбасшылық құрыла ма? Барлау ақпаратымен алмасу қаншалықты терең болады? Бірлескен әскери жаттығулар өткізіле ме? Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері ықпалдастырыла ма? Ортақ қорғаныс жобалары пайда бола ма? Ең бастысы – бұл келісім болашақта мұсылман әлемінің кеңірек қауіпсіздік жүйесінің негізіне айнала ала ма? Жаңа форматтың шынайы салмағын осы сұрақтардың жауабы көрсетеді, – дейді Айнұр Ноғаева.

Ормуз бұғазы жабылса, әлемдік энергия саудасының 20 пайызына әсер етеді

Сарапшы жаңа қорғаныс форматын әлемдегі қазіргі қақтығыстардан бөлек қарастыруға болмайтынын айтады. Ресей мен Украина арасындағы соғыс, Таяу Шығыстағы шиеленіс, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты тәуекелдер Түркияға да тікелей әсер етеді.

Оның сөзінше, Ормуз бұғазы сияқты стратегиялық өткелдердің жабылуы әлемдік энергия саудасының 20 пайызына әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдай әсіресе дамушы мемлекеттер үшін елеулі тапшылық қаупін туғызады.

Айнұр Ноғаева Ресей мен Украина арасындағы соғыстың ұзаққа созылуы мен энергия бағасының өсуі энергия экспорттаушы Ресейдің пайдасына жұмыс істеуі мүмкін екенін айтады. Бұл жағдай Қытайдың да мүмкіндігін арттырады. Сарапшының пікірінше, қазіргі өзгерістер Ресей мен Қытай сияқты мемлекеттердің ықпалы күшейетін көпполярлы әлемдік тәртіпке көшуді жеделдетіп отыр. Сонымен бірге НАТО мен Еуропалық одақ секілді АҚШ-пен одақтас құрылымдардың ішінде де стратегиялық көзқарас қайшылықтары тереңдей түсуде.

Ішкі тұрақтылық пен сыртқы ықпал

Айнұр Ноғаева Түркиядағы ішкі бейбіт үдеріс пен үшжақты қорғаныс келісімін бірінің тікелей салдары ретінде қарастырмайды. Түркия бұған дейін де террористік қатермен күресе отырып, белсенді әрі дербес сыртқы саясат жүргізіп келді.

Дегенмен «Террорсыз Түркия» үдерісінің нәтижесі ішкі бірлікті нығайтып, экономикалық және әлеуметтік салмақты азайтып, елдің дамуына қосымша ресурс босата алады. Ал ішкі жағынан тұрақты әрі қуатты Түркия соңғы жылдары жүргізіп келе жатқан сыртқы саясатын жалғастыру үшін қосымша мүмкіндікке ие болады.

Уақыт көрсетеді. Бірақ қазірдің өзінде Түркияның ішкі іргетасын нығайтуы мен сыртқы серіктестігін кеңейтуін біртұтас стратегиялық тұрғыдан қарастыруға болады. Ішкі бейбітшілік елге қосымша экономикалық және саяси мүмкіндік береді, ал сыртқы серіктестік сол мүмкіндікті жүзеге асыратын кеңістікті ұлғайтады. Ендігі мәселе – Түркия өз аймағындағы күшті мемлекеттердің бірі болып қана қала ма, әлде жаңа әлемдік тәртіптің қалыптасуына ықпал ететін дербес күш орталықтарының біріне айнала ала ма? – дейді профессор Айнұр Ноғаева.

Сарапшының пікірінше, жаңа қорғаныс одағының нақты салмағы алдағы уақытта үш елдің әскери және саяси ынтымақтастықты қаншалықты тереңдете алатынына байланысты болмақ. Егер бұл бастама басқа мемлекеттерді де қамтыса, мұсылман әлеміндегі қауіпсіздік жүйесіне елеулі өзгеріс әкелуі мүмкін.