5 сағаттық ойын-сауықтың соңы ажалға апарады – Ақмола облысының санитар дәрігері той туралы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысының санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина карантин шаралары мен жалған вакцина паспорттарын жасату және өңір реанимациялық төсек-орындардың толуы бойынша төртінші орында тұрғаны туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, дабыл қақты.

Мусина таңертең қайтыс болғандар туралы күнделікті ақпарат алған сайын қорқыныш үдей түсетінін жасырмады. Ол тамыз айының басынан бастап аймақта күн сайын 14-16 адам қайтыс болатынын айтты. 

Қайырлы таң! Мына жағдайда қайырлы деп айтуға келсе...Індеттен қайтыс болғандар туралы күнделікті ақпарат алып отырамыз. Өте қорқынышты. Айдың басынан бастап өңірде коронавирустан күніне 14-16 адам көз жұмады. 165 адам хал үстінде жатыр. Мысалы үшін шілде айының басында олардың саны 60 болатын. Біз республика бойынша реанимациялық төсек-орынның толуы бойынша төртінші орында тұрмыз. Реанимациялық төсек-орын толығымен толды десе де болады. Күнделікті телефонда маза жоқ. «Науқасты ауруханаға жатқызуға көмектесіңізші», «жағдайы мүшкіл», «өкпенің қабынуы 70 пайыз» деп хабарласып жатса, енді біреулері «ПЦР тестің нәтижесі оң», «тағы бір өлем тіркелді, қалай алып кетеміз, қалай жерлейміз» деп хабарласып жатады, - деп жазды дәрігер.
Ол вакцина салу қарқыны төмендеп кеткенін де айтты. Көпшілік заңды айналып өтудің жолдарын қарастырып, жалған вакцина паспортын жасатып алып, не болмаса жалған анықтама жасатып алу жолдарын қарастыратынын айтты. (медотвод). Той болса тоқтар емес.

Кім кінәлі? Барлығы кінәлі. Тыйымдарға қарамастан тығылып, жасырын той, туған күн, мерекелік шаралар ұйымдастырып жатыр. Бұл жасырын той ұйымдастыруға келісіп отырған тойхана иелеріне қатысты. Ashyq-ты мүлде елемейді де, ол болса жайына қалды. Қарап отырсақ ауырғандардың арасында дәмхана иелері, той иелері бар. Көрші ауданда 53 жастағы кәсіпкер осы індеттен көз жұмды. Туыстары оның вакцина паспортын Көкшетаудан сатып алғанын мойындап отыр. Сонда біз кімді алдағымыз келеді? Күнделікті өлім-жітім туралы статистика жалған емес! Шілде айында екі бала осы індеттен көз жұмды. Той ұйымдастырушылар ең үлкен кінә сіздерден. 5 сағаттық ойын-сауықтың соңы неге апаратынын білесіздер ме?! Ажалға апаратын жол болуы мүмкін. Тоқтатыңыздар, өздеріңізді, туыстарыңызды ойлаңыздар, - деп жазды ол.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы