3 Тамыз 2026, 11:06 Фото: canva.com

Мусин жасанды интеллектіні меңгеру ауадай қажет екенін айтты

Бағдат Мусин бүгінгі еңбек нарығында қай дағдылардың шешуші рөл атқаратынын айтты. Оның пікірінше, бұл білім болашақ мансаптың негізіне айналады.

Спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусин жоғары білімнің маңызына тоқталып, жасанды интеллект пен бағдарламалау дағдылары бүгінгі еңбек нарығында аса қажетті құзыретке айналғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, жоғары білім алудың қажеттілігіне күмән жоқ. Алайда қазіргі таңда компьютерлік ғылымдар, бағдарламалау және жасанды интеллект саласындағы білім кез келген маман үшін маңызды.

Жоғары білім міндетті түрде керек. Бірақ компьютерлік ғылымдар, бағдарламалау, жасанды интеллект сияқты дағдылар бүгінде мансап құрғысы келетін кез келген адамға ауадай қажет. Бұл физика, химия немесе биология сияқты салаларды терең меңгерудің маңызын жоққа шығармайды, – деді Бағдат Мусин.

Ол болашақтағы ірі ғылыми жаңалықтар бір ғана ғылым аясында емес, бірнеше саланың тоғысында жасалатынын атап өтті.

Мысалы, балаларымның біріне биологияны терең оқумен қатар Python бағдарламалау тілін және жасанды интеллектті меңгеруге кеңес бердім. Себебі болашақта фармацевтикада немесе жаратылыстану ғылымдарында үлкен жаңалықтар жасау үшін технологияны да игеру қажет. Ендігі маңызды жаңалықтар ғылымдардың тоғысқан жерінде дүниеге келеді, – деді федерация президенті.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы 2-8 тамыз аралығында Астана қаласында Жасанды интеллект бойынша 3-ші халықаралық олимпиада – International Olympiad in Artificial Intelligence (IOAI 2026) өтеді. 

IOAI – жасанды интеллект, машиналық оқыту және заманауи цифрлық технологиялар саласындағы дарынды жастарды анықтауға және қолдауға бағытталған мектеп оқушыларына арналған халықаралық ғылыми олимпиада. Олимпиада ЮНЕСКО қамқорлығымен өткізіледі.

Тіркеу қорытындысы бойынша 106 ел мен аумақтың өкілдері IOAI 2026 олимпиадасына қатысатынын растаған. Құрамында 500-ге жуық мектеп оқушысы, сондай-ақ команда жетекшілері, сарапшылар, халықаралық қазылар алқасының мүшелері және құрметті қонақтар бар 126 ұлттық команда тіркелді.

Бұған дейін Спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусин жасанды интеллект олимпиадасына қатысушылардың миллиардер болу мүмкіндігі 1500 есе жоғары екенін айтты.