Мусин Мәжілісте «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiн құруға қатысты заң жобасын таныстырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңның жобасы ұсынылды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, бұл хаттамаға 2020 жылғы 31 қазанда Мәскеу қаласында қол қойылды.Хаттаманың негізгі міндеті - «Бәйтерек» жобасының негізгі шарттарын түзету және өзектендіру. Бұл ретте хаттама ең алдымен Қазақстан тарапының мүдделеріне жауап береді.
Хаттама қазақстандық тарап үшін қажет, өйткені бұл бірінші кезекте бірлескен кәсіпорынның Қаржы министрлігінің алдындағы бюджеттік кредит бойынша қаржылық міндеттемелері мәселесін заңды негізде шешуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, хаттамаға Ресей тарапының 2036 жылға дейін «Союз-5» зымыран-тасығыштарын ұшыру кешенін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелері енгізілген, - деді министр.
Айтуынша, бұл жобада Ресей тарапы тасымалдағыш зымыранды құруды қамтамасыз етеді, ал Қазақстан тарапы қолданыстағы «Зенит-М» ғарыштық зымыран кешенінің жерүсті кешенін жаңғыртуды қаржыландыруды мемлекеттік тапсырма арқылы орындауды қамтамасыз етеді.
Заң жобасы күшіне енгенде бірнеше нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді:
1. «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамы бюджеттік кредитті оның жарғылық капиталына айырбастау арқылы кредиттік міндеттемелерден босатылады және «Бәйтерек» мемлекетаралық жобасын іске асыруды жалғастыруға мүмкіндік алады. Айырбастау рәсімінің нәтижесінде Қазақстандық тараптың Бірлескен кәсіпорынға қатысу үлесі шамамен 99%-ға дейін артады.
2. Хаттама «Бәйтерек» ғарыштық ұшыру кешенінен 10 жыл ішінде Ресей тарапынан кемінде жылына 2 ұшырылым қамтамасыз ететін кепілдігін береді.
Бұл құрылған кешеннің болашақта мемлекеттік инвестицияларының қайтуына мүмкіндік береді. Ресей тарапымен осы келісімнің күшіне енуі туралы ішкі мемлекеттік рәсімдері орындалды, - деп толықтырды Мусин.
Мәжіліс депутаттары ұсынылған заң жобасын қабылдады.