Мусин ІТ саласындағы ерекше жобалардың іске асырылуын тексерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ІТ саласындағы жобалардың іске асырылу барысын тексеріп, ерекше стартаптар туралы Facebook парақшасында жазды.

Бүгін ІТ саласындағы адами капиталдың дамуына оң әсерін тигізер қызықты жобалардың іске асу барысын байқауға бардым. Креативті кеңістік - ІТ индустриядағы маңызды элемент және оны мемлекет емес, ІТ нарығын жете түсінетін кәсіпкерлер жасап жатқаны тіпті керемет. ІТ хаб пен мектепке арналған алғашқы ұтымды локация қайда дейсіздер ғой, шай өндірген зауыттың аумағында. Әйгілі №36 шайды қаптаған бұрынғы алматылық шай өлшеу фабрикасы оқыту және қайта даярлау, сондай-ақ ІТ сервистерді экспорттау орталығына айналмақ. Ескі цехтерді ІТ компанияларға ыңғайлап, кеңсе қылса, ал ғимараттардың бірінде ІТ саласына бойлап, осы нарықтың қыр-сырына қанығып, технологиялық ұйымдарда жұмыс істегісі келетіндерді оқытатын инновациялық академия ашылады. Негізі тарихта мұндай мысалдар көп: мәселен, Лондон, Берлин, Сингапурдың бұрынғы индустриялық аудандарының джентрификациясы, - деді ол.

Ал Әлім Хамитов ІТ саланың стартапшылары мен кәсіпкерлеріне арналған 3 мың шаршы метр креативті кеңістік беретін «инкубатор» туралы айтты. Жігіттердің инкубация, акселерация бойынша он жылдық тәжірибесі де бар, енді олар экожүйелерінің өміршеңдігін қамтамасыз ету үшін Венчурлық қор құрып жатыр.

Алға қойған мақсат-мұраттарыңызға жетіңіздер! Мұндай жобалар көптеген елдерде жүзеге асты, сондықтан біздің елде де бұл жобаның сәтті боларына сенімдімін, - деп жазды Мусин.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы