Мусин интернет сапасының төмендеуін мектеп директорларынан көріп отыр
Мәжілісте «Үкімет сағатында» еліміздегі интернет мәселесі талқыланды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мектеп директорлары интернетті үнемдеп, секундына 20 Мбиттің орнына 8 Мбит үшін ақша төлеп отырғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская білім ордаларындағы интернет мәселесін көтеріп, Оқу-ағарту мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері өкілдеріне сұрақ қойды.
Қоғамда оқушыларды планшетпен қамтамасыз ету мәселесі қызу талқыланып жатыр. Осылайша ауыр сөмке мәселесін шешіп, бір жағынан отандық техника өндірушілерге қолдау көрсетілмекші. Ата-аналар мен мұғалімдердің осыған қатысты ойлары әлі әртүрлі. Себебі көп мектепте интернет әлі де сапасыз жұмыс істейді. Шындығында сапалы интернет қолжетімді емес. Ал интернет болған күннің өзінде 3 интертақтаны қоссаң, интернет сапасы нашарлай түседі. Сонымен бірге отандық техника өндірушілердің осындай құрылғының көлемімен қамту үшін «қуаты жеткілікті ме?» деген сұрақ та туындайды. Себебі осы жылдың өзінде 1-сыныпқа 400 мыңдай бала барды. Ал оқушылардың жалпы саны 3,6 млн. Бүгінгі күні қанша мектеп сапалы интернетке қосылған? Қаншасында интернет жоқ? Оқу-ағарту министрлігінде осындай техникаларға қызмет көрсететін мамандар жеткілікті ме? Не болмаса бұл техникаларға қызметті информатика/бағдарламалау тілі пәндері мұғалімдері көрсете ме? Бұл жұмысты кім жүргізеді? – деп депутат Оқу-ағарту министрлігі өкілінен сұрады.
Депутат Кучинская сұрағын толықтыра келе, Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннен бұл жобаны жүзеге асыру үшін интернет-провайдерлер қандай қосымша техникалық жұмыстарды істеуі керегін сұрады.
Депутаттың сұрағына Оқу-ағарту министрінің орынбасары Айбат Ілиясов жауап берді.
Бүгінгі күні халықаралық телекоммуникация одағының ұсынысы бойынша, интернет жылдамдығы - 20 мбит/с. Интернет жылдамдығы төмен мектептер саны – 4 978 (7 000 мектептің). 2 750 мектепте интернет жылдамдығын жақсартуға техникалық мүмкіндігі бар. Осы мақсатты жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Интернеті бар мектептерде информатика кабинеті, техникамен жұмыс істеу мамандары бар. Ал мұндай кабинет жоқ жерлерде мектеп өзі қамтамасыз етеді, - деп жауап берді Оқу-ағарту министрлігі өкілі.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мектептегі интернет мәселесі туралы айтты.
Мектептердегі интернет мәселесі шын мәнінде жеңіл. Жеңіл дегенім – егер кез келген ұйым нарықтағы тариф бойынша интернетке төлеуге дайын болса, онда әрине оған интернетті қосып береді. Яғни мектептерде жағдай қандай? Бұл мәселені жақында ғана Үкімет отырысында талқылаған едік. Әкімдіктерге нақты тапсырма бердік. Интернетке мектептерге бюджет келгенде стандарт бойынша 20 Мбит/с келеді, ал директор үнемдеп, 8 Мбит/с үшін төлейді. Бұл бірінші мәселе. Екінші мәселе – мектеп ішіндегі сымдар. Оператор модемді бір компьютерге ғана әкеледі, ол негізінен есепші немесе директор кабинетінде болады. Ал сайып келгенде бүкіл мектепте интернет болмайды, - деді ол.
Министр мектептер сапалы интернетпен қамтамасыз етілуі үшін әкімдерге тиісті тапсырма берілгенін айтты.