Мусин: Қазақстан халқының 97%-ы интернетке қолжеткізе алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республиксының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Зерде» холдингі» АҚ-мен бірлесіп «Тұрақты даму жолында: әлемді әдепкі қалпы бойынша цифрлық күйге келтіру» тақырыбында онлайн-сессия ұйымдастырды («Towards sustainable development: making world digital by default»).

Кездесу БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші мәжілісі аясында өтті.

Цифрлық саланы дамытудың өзекті және перспективалы трендтері бойынша өзінің пайымдарымен БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Фабрицио Хохшильда, GIGA жобасының жетекшісі, UNICEF Innovation аға кеңесшісі Кристофер Фабиан, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, саяси көшбасшылар, халықаралық сарапшылар, халықаралық ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі.

Цифрландыру саласындағы көшбасшылар ортақ пікірге келді, пандемия жағдайында бүкіл әлем алдында негізгі міндеттер тұр, атап айтқанда, Интернет пен байланыс желісіне қауіпсіз, сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету. Кездесу барысында Қазақстан, Гватемала, Үндістан, Нигерия, Мексика, Аргентина және Бангладештің алдыңғы қатарлы стартаптары тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қолжеткізу үшін цифрлық технологиялар мен деректердің барлық әлеуетін ашуға көмектесуге бағытталған цифрлық шешімдерді ұсынды.

Бағдат Мусин өзінің алғы сөзінде әлем пандемия жағдайында жаңа шындыққа және жаңа сынақтарға бейімделуі керек екенін атап өтті.

COVID-19 пандемиясы бізге әлемнің өзгергенін және әдепкі қалпы бойынша «цифрлық» болғанын көрсетті. Сондықтан пандемиядан алынған сабақтарды ескере отырып, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізілді, оған сәйкес біз елдің цифрлық дамуының бес басым бағытын айқындадық: АКТ инфрақұрылымын, цифрлық үкіметті дамыту, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, цифрлық кеңістікте қауіпсіздікті және құқықтарды қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ экономика салаларын цифрландыру және ауқымды деректерді енгізу, - деп атап өтті министр.

Бағдат Мусин, сондай-ақ, Қазақстанның негізгі «цифрлық» көрсеткіштерін атап өтті: Қазақстан халқының 97%-ы интернетке қол жеткізе алады, цифрлық сауаттылық деңгейі 82,1%-ға тең, автоматтандырылған мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саны 83%-ға дейін өсті, БҰҰ рейтингінде Қазақстан «Электрондық үкіметті» дамыту бойынша 193 елдің ішінде 29-орын алады.

Фабризио Хохшильду пандемияға байланысты заманауи технологияларға қол жеткізе алмағандар үшін алаңдаушылық білдірді.

Бүкіл әлемде 3,6 миллиард адам Интернетке қол жеткізе алмайды, оның 360 миллионы 15 пен 24 жас аралығындағы жастар, яғни 10% құрайды. COVID-19 пандемиясы дамушы елдерде ғана емес, теңсіздіктің әртүрлі формаларының шиеленісуіне байланысты ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін, - деді БҰҰ Бас хатшысының орынбасары.

Сонымен қатар ол БҰҰ Бас хатшысының цифрлық ынтымақтастық Жол картасының ұсынымдарын іске асыру, байланыс пен Интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету, цифрлық инклюзияны кеңейту және цифрлық әлеуетті дамыту бойынша GIGA бастамасына Қазақстанның қосылуының маңыздылығын атап өтті. Фабрицио Хохшильд UNICEF, ХЭО және Қазақстан жаһандық мақсаттарға қолжеткізу жолында GIGA-ны іске асыруда алғаш жол ашқаны үшін алғысын білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы