Мұрат Нұртілеу Сычуань өлкесі партия комитетінің хатшысымен кездесті
"Орталық Азия – Қытай" форматындағы Сыртқы істер министрлерінің 5-ші кездесуіне қатысу үшін Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Сычуань өлкесінің партия комитетінің хатшысы Ван Сяохуэймен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.
Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы, сондай-ақ жоғары технологиялар, қаржы, инвестиция және жасыл энергетика саласындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.
М. Нұртілеу екі елдің өңірлері арасындағы өзара байланысты, атап айтқанда көліктік-логистикалық ынтымақтастықты кеңейту, инвестиция тарту және адам алмасуы арқылы жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті. Қазақстандық тараптың өзара тиімді әріптестік байланыстарды орнатуға деген жоғары қызығушылығын білдірді.
Өз кезегінде, партиялық комитеттің хатшысы өңірдің мүмкіндіктері туралы айтып, ашықтық саясаты аясында Сычуань өлкесі мен Қазақстанның облыстары арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетуді жалғастыруды ұсынды.
Сол күні Қазақстан СІМ басшысы ірі қытайлық компаниялардың басшылығымен бірқатар кездесулер өткізіп, олардың барысында инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жоспарлары талқыланды.
Қытай бизнесмендері Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформалармен, инвестициялық ахуалмен және елімізде бизнес жүргізудің артықшылықтарымен танысты.
Жасыл энергетика, жаңартылатын энергия көздері, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен және құрылысқа маманданған компаниялар қазақ әріптестерімен өзара тиімді серіктестік құруға жоғары қызығушылық танытып, ҚР Үкіметі олардың Қазақстандағы қызметіне барынша жәрдем көрсетеді деп үміт білдірді.
Кәсіпкерлер күн модульдерін, ауыл шаруашылығында қолданылатын ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіру, астықты және басқа да дақылдарды терең өңдеу, сондай-ақ қалалық инфрақұрылым салу бойынша өз мүмкіндіктерімен таныстырды.