Мұрат Есжан: Мені «Абай жолының» жазылу процесі қызықтырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатыр. Осыған орай елімізде ауқымда іс-шаралар болды.
Осыдан бірнеше күн бұрын «Абай жолы» атты 6 сериядан тұратын кинокартина көрерменге жол тартты.
Алты бөлімнен тұратын тарихи-драмалық туынды әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын жазу барысы мен Абай өмірінің романға арқау болған кейбір сәттерін баян етеді.
Осы ретте сериалдың қоюшы режиссері Мұрат Есжан жоба жайында, жалпы түсірілім жұмыстары туралы айтып берді.
«Парижге кетем бір күні...». Ең алғашқы жұмысы туралы
Мұрат Есжан сұхбат барысында кино саласына қалай келгені туралы сөз етті.
Қазақ Ұлттық унивеситетінің журналистика мамандығын тәмамдағанмын. Журналистика факультетін бітірген соң 7 жыл «Хабар» телеарнасында мамандығым бойынша жұмыс істедім. Кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түсіп, магистратураны АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында Өнер академиясында жалғастырдым. Академияны сценарист мамандығы бойынша бітірдім, - деді ол.
Режиссер 2014 жылдан бері кино саласында жүр.
АҚШ-та жүрген кезімде «Парижге кетем бір күні...» (I’m going to Paris) деп аталатын ағылшын тілінде қысқаметражды фильм түсірдім. Алғашқы жұмысым осы болды. Кейін елге келген соң кино саласына жаңадан келген жастарға қолдау көрсететін "Қазақфильм"-нің «Дебют» шығармашылық бірлестігінің қолдауымен «Тиын» деп аталатын фильм жарыққа шықты. Бұл жазушы Лира Қоныстың аттас әңгімесінің желісінде түсірілген болатын. Одан бөлек сериалдарға және басқа фильмдерге сценарий жазып жүрмін. Сондай-ақ деректі фильмдер де түсірдім. Ал бұл - үлкен сериалдағы алғашқы режиссерлік жұмысым, - деп түсіндірді Есжан.
Мені «Абай жолының» жазылу процесі қызықтырды
«Абай жолы» сериалының идеясы көптен ойымда жүрді. Абайға қай қырынан келу керек? Жалпы, Абай тақырыбы терең, қиын тақырып қой... Мені «Абай жолының» жазылу процесі қызықтырды. Осы форма өзіме ұтымды болып көрінді. Өткен жылы бұл идеяны «Абай жолына» арналған байқауларға жібердім. Жобам «Хабар» телеарнасы тарапынан қолдау тауып, қазіргі күні жарыққа шықты. Сценарийін жазушы-драматург Ұларбек Нұрғалымұлы және журналист Мақпал Мадиярова - үшеуіміз бірге жаздық, - деді Мұрат Есжан.
Сериалда үш кезең қамтылады. Ол Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романына материал жинаған кезеңі. Ол жерде 30-жылдардағы репрессия көрсетіледі. Кейін роман жазылып болғаннан кейінгі 40-50-жылдардағы репрессияның екінші толқыны және цензура мәселелері көрсетіледі. Сондай-ақ Әуезовтің жазып жатқан қаламы арқылы Абай өмірінің кейбір тұстары қамтылады.
Сондай-ақ алдымызда осы кезеңдердегі шығармашылық адамының жай-күйін көрсету мақсаты да тұрды дейді режиссер.
Тек бір-екі адамның ғана еңбегімен кино түсірілмейді
Түсірілім тобын негізінен жастар құрады. Қоюшы оператор – Қаршыға Оспанов. Оның жас та болса сериалдар түсіруде тәжірибесі бар. Кино индустриясында есімі танымал. Қоюшы суретшіміз Шаттық Батан. Ол кәсіби суретші, қылқалам шебері. Сериал оның қоюшы суретші ретіндегі дебюдтік жұмысы болды. Композитор – Ұшқын Жамалбек. Ол да жеке шығармашылығымен де, әншілігімен де, фильмдердің композиторы ретінде де көрерменге танымал, - деді сериалдың режиссері әрі сценарийсі түсірілім тобы жайында.
Кино – ол ұжымдық жұмыс. Бұл жерде тек бір-екі адамның ғана еңбегімен кино түсірілмейді. Кино – ол әр маманның маңдай терімен туатын дүние. Сондықтан нәтиже - ортақ.
Өте жақсы пікірлер айтылып жатыр
Абай емес, жалпы кез келген тұлғаның өмірін сомдап шығу өте қиын. Әсіресе, ол көрерменге таныс болса, көрерменнің ойында өзінің қалыптастырған образы болса, оны дәл табу тіпті мүмкін де емес. Түрі ұқсар, басқа қыры келіспеуі мүмкін, біреуі оны басқаша елестетуі мүмкін немесе бір қимылы біреуіне дұрыс көрінсе, енді біреуіне оғаш көрінуі мүмкін. Тарих туралы немесе тарихи тұлға туралы әркімде қалыптасқан өзінің ішкі көзқарасы болады. Сондықтан бұл жерде ең тиімді нұсқаны таңдайсыз, Алайда ол 100% дұрыс дегенді білдірмейді. Бірақ фильм шыққалы 2-3 күн болды. Біздің Абайымыз бен Мұхтарымызға өте жақсы пікірлер айтылып жатыр. Ел ішінде ғана емес, тіпті Түркияда, Қытайда көріп жатқан қандастарымыздан да оң пікірлер келіп жатыр. Негізгі пікірлердің легінде Абай мен Мұхтардың образына ризашылықтарын білдіріп жатыр. Сондықтан біз таңдаған Айдос Бектемір (Абай) мен Сәкен Қалымов (Мұхтар) өздеріне қойылған міндетті абыроймен алып шықты деп айта аламын, - дейді ол актерлер жайында.
Сонымен қатар Мұрат Есжан әңгіме барысында қандай критерийлерге мән бергенін айтты.
Портреттік ұқсастыққа мән бердік. Онсыз болмайды. Себебі танымал тұлғалардың түрі адамдардың ойында жатталып қалған. Сыртқы сипат сол бейнеге сәйкес болмаса, қабылдануы қиын. Отандық кинода ондай мысалдар көп. Көп жағдайда ұқсастыққа қарамай, актерлік шеберлікке немесе басқа бір мәселелерге байланысты қабылдай береді. Біз аталған екі критерийді де қамтуға тырыстық. Яғни түрі ұқсаса, актерлік шеберлігі де сәйкес келсе, ішкі руханияты да жақынырақ болса деген... Дегенмен «100 пайыз Абайды көрсетемін, 100 пайыз Мұхтарды көрсетемін» деп ешкім айтпайды және оны талап ету де орынсыз болар еді, - дейді режиссер.
Түсірілім қыркүйекте басталып, қарашада аяқталды
Жасыратыны жоқ, біз тез-тез болғанды қалаймыз ғой. Абай жылының өзіне дайындығымыз, жалпы дайындығымыз 2-3 ай қалғанда басталды. Сондықтан сериалды түсіру шешімі қабылданған соң, оған осы жылдың басында кірісе бастадық. Жобаны жасауға ақпан айында кірістік. Материал жинау, іздену жұмыстарына. Бірақ кейін пандемия келіп, карантин басталды. Осылайша, жұмыс кейінге шегерілетін болды. Оның үстіне карантин бір қатаңдатылып, жеңілдетіліп жүргенде біздің түсірілім жұмыстарымыз күзге дейін шегерілді. Түсірілімді қыркүйек айының ортасынан бастап, қарашаның соңында бітірдік, - дейді ол сериалдың түсіруге кеткен уақыт туралы.
Сондай-ақ режиссер түсірілім кезінде қиындықтарға да тап болғанын жасырмады.
Түсірілім жұмыстарына карантин талаптары біршама қиындық келтірді. Одан бөлек, бізде тарихи ғимараттар сақталмаған – ол да үлкен қиындықтың бірі болды. Декорация салуға телевизияның бөлетін қаржысы жетіспейді. Сондықтан барды ұқсатып, жоқтан бар жасап, ескі ғимараттың алдында, ішін бөлек жерде, сыртын бөлек жерде түсіруге тура келді. Оның бәрі шығын, уақыт, шығармашылық шектеу. Тағы бір қиындығы – қаржыға келіп тірелді. Бізде «Киіз үйлер неге жұпыны? Аттар неге аз? Массовкадағы адамдар неге тарихи шындыққа сәйкес емес?» деген сияқты сындар жиі айтылып жатады. Оның барлығын біз көрдік, білдік. Осындай қиындықтарды мүмкіндігінше еңсеруге тырыстық. Сонымен қатар осы олқылықтардың орнын толтыру үшін дерекнамалық жағынан, тарихи дәлдік жағынан және кейіпкердің ішкі психологиялық күйін беру жағынан күшімізді салдық, - деп атап өтті.
Тағы бір мәселе – уақыт. Себебі жылдың аяғына дейін сериал көрсетіліп бітуі керек болды. Пост продакшн деген - үлкен процесс. Монтаж бар, дыбыс, музыка, бояу, графика - әрқайсысы өз алдына бөлек жұмыс, әрбіріне тиісті уақыт арналуы керек.
«Қазақша субтитрлар неге жоқ» деген сын тағылып жатыр. Шынын айту керек, ол - уақыттың тапшылығынан болған дүние. Оны қазір жөндеуге тырысып жатырмыз. Ол түзеледі. Қазір процесс үстінде, - деді ол айтылған сын туралы.
Тарихи ғимараттар заманауи түрге еніп кетіпті
Қай жерде тақырыпқа сәйкес келетін локация болды, сол жерде түсірдік. Түсірілім жұмыстары негізінен Алматы, Семей, Текелі, Талғар қалаларында, Ұзынағаш, Мыңбаев секілді елді мекендерде, Шамалғанда, Матайда, Асы жайлауында өтті. Кино үшін көшіп-қону деген уақыт пен қаржының соры. Оны кино саласының мамандары жақсы біледі. Осы жерде айта кететін мәселе бар. Өте көп ескі ғимараттар бұзылып жатыр. Тіпті Орал, Павлодар және Семейдегі ескі ғимараттар бұрынғы қалпынан айырылып, оның есік-терезесі пластикке ауыстырылып, заманауи түрге еніп кетіпті, - дейді Мұрат Есжан.
Ол тарихи құндылық ретінде ғимараттардың сақталып тұрғаны дұрыс дейді.
Ол тек қана кино үшін ғана емес, сонымен қатар тарихымыздың сақталуы үшін үлкен құндылық болар еді. Өкінішке қарай, ғимараттардың бет-бейнесі өзгеріп кеткенін байқадық, - дейді режиссер.
1995 жылы Ардақ Әмірқұловтың фильмінен кейін көркем фильм (сериал, фильм) түсірілмеген екен. Тек биыл ғана екі телеарна екі сериалды ұсынды. Өзім үшін Абай туралы фильмдер аз сияқты көрінеді. Себебі бұл тақырып қиын, тәуекелі мол. Сондықтан да көбі бара бермейді деп ойлайтынын айтты.
Сыни пікірлер алдағы уақытта айтылмай қалмайды
Сериал бірнеше күн бұрын ғана жарық көрді. Көп адам хабарласып, пікірлерін айтып жатыр. Олардың ішінде, әсіресе, зиялы қауым өкілдері, қалам ұстаған жұртшылық көп. Анау айтқандай бір сыни пікірлер көзіме түсе қоймаса да, алдағы уақытта айтылмай қалмайды деп ойлаймын. Меніңше, көбіне сол декорация, массовка, киім, киіз үй мәселелеріне қатысты болатын шығар. Дегенмен, бұл мәселеге түсіністікпен қарауға шақырамын. Көп дүние біздің қолымызда емес, - деді режиссер Мұрат Есжан.
Сөйте тұра қазақтың бұрынғы өмірін көрсеткенде малындырып суреттей алмасақ та, өрескел қателіктерге жол бермей, шынайылыққа жақын етіп көрсетуге тырысқандарын жеткізді.
Ол жағынан Ұларбек Нұрғалымұлының еңбегін ерекше атап өту керек. Редактор ретінде түсірілімге бастан-аяқ қатысып, киіз үйдің жабдықталуы, ат әбзелдері секілді ұсақ-түйекке дейін араласып, барды ұқсатуға барын салды. Ол кісінің айтатыны бар - көріністің ғана емес, үннің, сөздің де декорациясы бар. Дұрыс сөзді таңдап, оны дұрыс дыбыстаудың да маңызы тарихи туынды үшін декорациядан артық болмаса, кем емес. Міне, осы жағынан мүлт кетпеуге күш салдық, - деп түсірдірді ол.
Режиссер фильм экранға шықпай жатып Кәмшат Жолдыбаеваның рөлге алынуы бойынша сын-пікірлер айтыла бастағанын, кейін экранға шыққан соң оның фильмдегі актерлік еңбегіне оң бағаларын беріп жатқанын байқағанын айтты.
Жыл сайын мемлекеттік арналар жобалар қабылдайды. Осыған бірнеше жобамызды ұсындық. Әзірге белгісіз. Жоспар деген нәрсе ойда жүретін ниет. Бірақ өткен жылы жазда «Абайды» түсіремін деген жоспар мүлде болған жоқ. Сол сияқты кейде жоспардан тыс, ойламаған, күтпеген жобалар жүзеге асып кетуі мүмкін, - деп қорытындылады Мұрат Есжан.