Мұрат Әуезов тектінің тұяғы еді
Мұрат Әуезов қазақ халқы үшін жазушы Мұхтар Әуезовтің ұлы ғана емес, көрнекті жазушы, мәдениеттанушы, дипломат, қоғам қайраткері ретінде тарихта қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Биыл қаңтарда 81 жасқа толған Мұрат Әуезов Жамбыл облысы Меркі ауданында дүниеге келген.
Анасы Фатима Ғабитова — алаш жұртына есімі Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүргіров пен Мұхтар Әуезовтің өмір жолында өшпес із қалдырған ерекше тағдырлы жан.
1918 жылы 17 жастағы Фатима ағартушы Біләл Сүлеевке қосылып, Жәнібек, Фарида, Азат есімді үш бала сүйеді. 1930 жылы Біләл Сүлеев тұтқындалып, ақыры «қызыл террордың» құрбанына айналады.
1932 жылы Біләл Сүлеевтің досы Ілияс Жансүгіровпен отау құрып, Үміт, Ильфа, Болат есімді үш перзент көреді. Біләлді жалмаған саяси сүргін Ілияс Жансүгіровті де тыныш қоймайды.
Бес баламен жалғыз қалған (1930 жылы Фарида қайтыс болады) Фатиманы Біләл мен Ілиястың тілеулесі болған Мұхтар Әуезов қамқорлығына алады.
Бұл қамқорлық жанұя жылуына ұштасып, 1943 жылдың қаңтарында өмірге Фатима ананың сүт кенжесі Мұрат Әуезов дүниеге келеді. Дәл осы жылы Біләл мен Фатиманың ұлы Жәнібек майдан даласында қаза табады.
Фатима Ғабитқызының өнегелі тәлімін Мұрат Әуезовтің былай деп еске алатыны бар:
«Анамыздың тәрбиесі соншалықты керемет болған. Біздің әр әкеден туғанымызды ешқашан білдіртпеген. Ауызбіршілігімізді әрдайым нығайта түскен. Үлкен ағамыз Азат біздің көзімізді ашты. Кітап болмаған кезде өзі ойлап тауып әңгімелеп беретін. Төрт қабырғасы аппақ болған бір бөлмеде ғана тұрамыз ол кезде. Азат сол қабырғаға шамды жағып, саусақтарымен неше түрлі кино көрсететін. Ол өте дарынды болды. Мектепті алтын медальмен аяқтады. Болат ағамызбен де қарым-қатынасымыз ерекше болды. Әрдайым бір-бірімізге қамқорлық танытып, ұйымшыл болып өскенбіз».
Жазушы өз естеліктерінде Мұхтар Әуезовтің ұлы екенін 1949 жылы ғана білгенін айтады. Мектеп табалдырығын енді аттаған сәтінде әкесі қасынан табылады.
Тегіне тартып туған жас Мұрат 1959 жылы, 16 жасында М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекет¬тік университетінің Шығыс тілдері институтының қытай филологиясы факультетіне оқуға түседі.
Қытайтанушылық жолға түсуіне әкесі себепкер болады. Өмірінің ең маңызды сәттерін күнделікке түсіріп қалдырған ғалым Мәскеуде оқыған кезең оның саяси танымын түбегейлі айқындаған жылдар болғанын жазады.
1963 жылы Болатхан Тайжан, Алтай Қадыржанов, Әнуар Сартбаевтармен бірге «Жас тұлпар» ұйымын құрып, еркіндік, әділдік жолындағы күрес жолын бастап кетеді. Бұл ұйымның айналасына кілең білімді, рухы ояу жастар топтасып, қазақтың санасын оятуға, төл тарихтың ақтаңдақ беттерін аршуға ұмтылады.
1966 жылғы Қазақстан Жазушылар Одағының жиналысында Мұрат Әуез бен Болатхан Тайжан жастардың атынан сөз алып, ұлт, тіл тақырыбына атышулы баяндама жасайды.
Мұраттың сөзі әр адамның көңіл түкпірінде сары сем боп қатып жатқан ар мен намысты оятты, іште қамалып келген ұлт болашағы жайлы уайымына қозғау салды. Оның ойлары мен өткір топшылауларын жиылған жұрт уыздай жас жігіттің албырт эмоциясы деп қабылдаған жоқ, мейлінше ақыл тоқтатқан, ұлт болашағын білімдарлықпен батыл қозғай білген толысқан азаматтың сөзі деп айрықша қабылдады. Ұлттың ассимиляцияға түсіп, ертеңгі болашағы бұлыңғыр екенін трибунадан ашық айтпақ түгілі, сыбырлап сөйлесуден жасқанатын кезеңде Мұрат Әуезовтің сөзі билік басында отырғандар үшін ашық күнгі найзағайдай қабылданды, – деп жазады Дулат Исабеков.
Демек, «Жас тұлпардың» жастары Алматыға келгеннен кейін де көп ізденіп, көп еңбектенген.
Сол ізденіс ұлт тарихы мен мәдениетін түгендеуге арналған «Көшпелілер эстетикасы» дейтін интеллектуалдық мақалалар жинағы ретінде 3000 тиражбен жарыққа шығады.
Бірақ ел ішіне тарап үлгермей, түгел жойылады.
Кейін «Жас тұлпар» сапындағы Олжас Сүлейменов, Әнуар Әлімжанов, Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжан бастаған аталған Азия мен Африка жазушыларының 50-ден аса шығармасын қазақ тіліне аударып шығады.
Бұған 1973 жылы Алматыда өткен Азия және Африка елдері жазушыларының V конференциясы түрткі болса керек.
1989 жылы Семей полигонын жабу миссиясы үлкен ауқыммен бастау алғанда бұл істің де басы-қасында Мұрат Әуезов жүрді.
Қазақстан тәуелсіздік алған кезде оңтүстіктегі ең алып көрші Қытай Халық Республикасына Елші болып тағайындалып, жаңа тарихтағы қазақ-қытай қарым-қатынасының іргесін қалады (1992-1996 ж.ж).
Бұдан бөлек Мұрат Әуезов еңбек жолында (1981-1987 жылдар) «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор, Қазақстан жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі алқа басшысы (1988-1990 жылдар), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің халық депутаттығына сайланып, парламентаралық байланыстар жөніндегі комитеттің төрағасы (1990 жылы), «Сорос-Қазақстан» қорының атқарушы директоры, Ұлттық кітапхананың бас директоры (2003-2006 жылдар) қызметтерін атқарды.
Мұрат Әуез оқырман есінде 200-ден астам ғылыми-танымдық еңбектің, «Уақыт байланыстырушы — жіп» (1972), «Иппокрена. Уақыт құдықтарына бару» (1997) және «Қайту үшін кету» (2002) сияқты монографиялардың авторы ретінде қалды.