Әбенов: Жаңа Конституция – емдеуге емес, дені сау ұлт қалыптастыруға бағытталуы керек
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов денсаулық сақтау жүйесін мысалға ала отырып, жаңа Конституция не үшін қажет екенін қарапайым тілмен түсіндірді.
Қазақстанда Конституциялық өзгерістер төңірегінде түрлі пікір айтылып жатыр. Соның бірі – медицина саласына қатысты көзқарас. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов денсаулық сақтау жүйесін мысалға ала отырып, жаңа Конституция не үшін қажет екенін қарапайым тілмен түсіндіреді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат пікірінше, бүгінгі қолданыстағы Конституцияға сәйкес мемлекет азаматтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында емдейді. Бірақ ауру түрі арнайы тізімге кіруі керек, дәрі-дәрмек бекітілген тізімде болуы қажет, қаржы шектеулі болса – тізім қысқарады деген секілді проблемалардың барын айтады.
Жүйе «ауырып қалсаң – емдейміз» қағидатына құрылған. Ал ауру түрлері көбейіп, медицина қарқынды дамып жатқан заманда тегін қызмет пен тегін дәрі тізімінің жыл сайын шектелуі қоғамда сұрақ тудырады. Мемлекеттік денсаулық сақтау саласындағы дау-дамайдың басым бөлігі қаржыға тіреледі, - дейді ол.
Мұрат Әбенов қазіргі модельдің басты кемшілігін былай түсіндіреді:
Жүйе адамның ауырмауына емес, ауырғаннан кейін емдеуге бағытталған. Қаржы емделген жағдай санына қарай бөлінеді, - дейді ол.
Сондай-ақ депутат фармацевтикалық нарықтағы баға мәселесіне де тоқталады. Оның пікірінше, дәрі-дәрмек бағасының бірнеше есе өсуі мен мемлекеттік сатып алулардағы тиімсіздік қоғам сеніміне кері әсер етеді.
Жаңа Конституция нені өзгертеді?
Мұрат Әбеновтің айтуынша, ұсынылып отырған жаңа өзгерістердің түпкі мақсаты – мемлекеттің жауапкершілігін кеңейту. Сонда қаржы қайда жұмсалуы керек?
Депутаттың ойынша, бюджет қаражаты қымбат стационарлық емдеуге ғана емес, скрининг, вакцинация, салауатты өмір салтын насихаттау, ауылдық емханалар мен алғашқы медициналық көмекті дамытуға бағытталуы қажет.
Денсаулық сақтау саласы – ең алдымен әлеуметтік сала. Мұнда бірінші кезекте бизнестің емес, халықтың мүддесі тұруы тиіс, - дейді депутат.