Мұқырыға газ келді

Бүгін Жетісу облысының Мұқыры ауылына 30 км газ құбыры тартылып,   табиғи газ берілді. Бұл - Көксу ауданында осы жылы көгілдір отынға қосылған бесінші ауыл, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жетісу облысы әкімінің мәлімдеуінше, Мұқырылық тұрғындар осыған дейін облысы әкімі Бейбіт Исабаевпен кездесуінде ауылға газ қостыруды жылдың соңына дейін бітіріп беруді сұраған болатын. Басшылықтың жіті бақылауы мен іркіліссіз атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауылдықтардың өтініш-талабы орындалып, 600 абоненттің газға қосылуына мүмкіндік туғызылды. Жалпы ауданда қазір 20 503 адамның немесе тұрғындардың 43,7%-ның көгілдір отынға қосылуына жағдай жасалған.

2020-2022 жылдарға Көксу ауданындағы 8 елді мекенді газдандыруға бюджеттен 2,023 млрд. теңге бөлінген болатын. Осы күнге дейін Мұқырыны қосқанда 5 ауыл газға қол жеткізсе, жыл соңына дейін 4 мыңнан астам тұрғыны бар тағы 3-еуі - Бесқайнар, Жамбыл, Мәмбет ауылдары да газға қосылады. Тағы 12 ауылды газдандыруға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Олардағы құрылыс-монтаж жұмыстары 2023-2024 жылдары жүргізіледі. 

Мұқырыда алғашқы болып үйіне газ кіргізілген тұрғын - 44 жыл жергілікті мектепте ұстаз болған, жалғыз тұратын ардагердің бірі, Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтің қызы Рәбиға Алдабергенова. Оның қуанышында шек жоқ. Бұл үйге «BSP групп» компаниясы жергілікті әкімдікпен бірлесіп газды тегін қосып берген болатын. Зейнеткер газ тарту ісінің басы-қасында жүрген жандарға алғысын айтты:

Үйіме тегін газ қосып берген демеушілерге, барша азаматтарға айтар алғысым көп. Егде адам болғасын жүректің ауруы, бел омыртқамда сырқатым бар, сол үшін маған от жағып, күл шығарған қиын еді. Газға қосыа бергені маған үлкен демеу болды. Қыста суық 40 градусқа барғанда газдың қысымы төмендеп кететіні заңды құбылыс. Оны өзім химия пәнінің мұғалімі ретінде жақсы білемін. Сондықтан қатты аяздарда қосымша қор болсын деп 1-2 тонна көмір алып қойдым. Ауылға жеткен табиғи газдың қызығын барша тұрғын көре алатынына қуаныштымын, - деді Р.Алдабергенова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы