Мұндай жоба бұрын-соңды болмаған. Ауыл тұрғындарының табысын арттыратын бағдарлама таныстырылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған баспасөз мәслихатында «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев мәлімдеді.
Бағдарлама наурыз айында Үкіметте талқыланып, қабылданды. Бірақ заңды күшіне 14 сәуірде енді. Өздеріңіз білетіндей, оған дейін 11 қаңтар күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліске келіп, Үкіметке осы бағдарламаны дайындауға тапсырма берді. Президентіміз 9 бағыт ұсынған болатын. Соның бірі - ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналып отыр. Осы ретте Amanat «Ауыл аманаты» бағдарламасын ұсынды. Бұл жобаның пайда болуы қаңтар оқиғасына байланысты деуге болады, - деді ол.
Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, ауылды дамытуға арналған жобалар көп, алайда ауыл халқының табысын көтеретін нақты бағдарлама болмаған.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының ерекшеліктерінің бірі осы – ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Мұндай жоба бұрын болған жоқ. «Ауыл аманаты» партияның бірінші рет қабылдайын деп тұрған ауқымды жобасы екенін айта кеткен жөн. Жобаны іске асыру үшін партия жанынан кеңсе құрылады. Осы аптаның ішінде жұмысымызды бастап кетеміз, - деп атап өтті «AMANAT» партиясының хатшысы.