"Мұнда ұйықтау мүмкін емес": Жолаушылар пойыздағы антисанитарияға шағымданды
Компания мәліметінше, аталған вагон соңғы рет 2026 жылдың 30 мамырында белгіленген талаптарға сәйкес өңделген.
№37 Маңғыстау – Семей бағытындағы пойыздың жолаушылары вагондағы антисанитариялық жағдайға наразылық білдірді. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада вагон ішінде еркін жүрген тарақандар көрінеді. Бұл туралы Lada.kz порталы жазды.
Бейне авторының айтуынша, жәндіктердің көптігі салдарынан жолаушылардың тынығуына мүмкіндік болмаған.
Жарияланым астында пікір қалдырған азаматтар да пойыздардағы санитарлық жағдайға қатысты шағымдарын білдірді. Кейбір жолаушылар осындай мәселеге басқа бағыттарда, соның ішінде Маңғыстау – Алматы пойызында да тап болғандарын жазған.
Оқиғаға байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ түсініктеме беріп, пойыз межелі стансаға жеткеннен кейін вагонға жоспардан тыс дезинсекциялық өңдеу жүргізілетінін хабарлады.
Компания мәліметінше, аталған вагон соңғы рет 2026 жылдың 30 мамырында белгіленген талаптарға сәйкес өңделген. Қолданыстағы нормативтер бойынша жолаушылар вагондарына айына кемінде бір рет дезинсекция, ал тоқсанына бір рет дератизация жүргізілуі тиіс.
Қызметтік тексеру нәтижесінде бірқатар жауапты қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында пойыз бастығы, өндірістік оқыту нұсқаушысы, Маңғыстау учаскесінің басшысы, сондай-ақ «Батыс» филиалының басшылығы мен рейс алдындағы комиссия мүшелері бар.
Мән-жайды анықтау үшін «Жолаушылар тасымалы» АҚ орталық аппаратынан арнайы комиссия жіберілді.
Компания жолаушылардан кешірім сұрап, вагондардың санитарлық жағдайы мен қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.
- Қазақстанда әлеуметтік желідегі зиянды контентке бақылау күшейтіледі 16:17
- Ақтауда тоғызыншы қабаттан құлаған әйел көз жұмды 15:50
- Қазақстанда құрылыс қарқын алды: Жарты жылда 4 трлн теңгеден астам жұмыс атқарылды 15:11
- Қазақстандық триатлоншылар Азия кубогінде төрт медаль жеңіп алды 14:48
- Ақмола облысында бір тәулікте 100 гектарға жуық жер өртенді 14:13
- Маңғыстауда мұнай кен орнында резервуарды тазалау кезінде өрт шықты 13:49
- Иран Ормуз бұғазын ашу үшін АҚШ-қа қатаң талап қойды 13:17