Мұнайлы өлке болсақ та, жетпейді. Не масқара? — ақтөбеліктер газ тапшылығы туралы
Ақтөбе облысында тамыз айынан бері сұйытылған газ сататын бекеттерде ұзын-сонар кезек, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Тамыз айының алғашқы онкүндігінен бері облыс орталығында сұйытылған газ тапшы. Қай бекетке барсаңыз да кезекте тұрған көліктерді көресіз.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Асылбек Жақыпов бір айдан бері таңертең ерте барып кезекке тұрып, көлігіне газ құйып жүргенін айтады.
Жұмыс уақыты басталмай, таң атпай тұрып, газ құйдыру үшін кезекке тұратын болдық. Қаланың қай бөлігіндегі газ құю бекетіне барсақ та ұзын-сонар кезек. Кейбір жер, тіпті, талонмен ғана қабылдап жатыр. Мұнайлы өлке болсақ та, сұйытылған газ жетпейді, бұл не масқара? — дейді қала тұрғыны.
Ал Ақтөбе қаласы мен Ырғыз ауданы арасына адам таситын такси жүргізушісі Жеңіс Тұлғабаевтың айтуынша, басқа өңірлерде мұндай проблема жоқ екен.
Кеше ғана жолаушылардың өтінішімен Қызылорда облысына барып келдім. Ол жақта мұндай проблема жоқ. Ал біздің облыста сұйытылған газға кезек көп. Тіпті, 2-3 сағаттап тұрып шаққа құйып аласың. Бұл мәселені жауапты органдар неге шешпейді? Уақытымыздың көбі кезекте тұрып кетіп жатыр. Ал қала мен ауданның арасы 450 шақырым. Тіпті, күн батқанша елге жетіп үлгермейміз, — дейді ол.
Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұртай Сертаевтың айтуынша, Энергетика министрлігі тамыз айына Ақтөбе облысына 12 мың тонна, ал қыркүйек айына 10 мың тонна сұйытылған газ бөлген. Алайда бұл бөлінген газ көлемі өңірдегі автокөліктерге жетпей жатыр. Себебі облыста газ тұтынатын көліктер саны әлдеқайда көп.
Шекара қызметі департаментінің бізге берген деректеріне сүйенсек, қазір Ақтөбе облысы аумағына кіретін шетелдік нөмірдегі автокөліктердің саны 9300-ден асса, мемлекеттік нөмірдегі машиналардың саны — 4520. Бұл автокөліктердің қажеттілігін өтеу үшін өңірге айына 16 мың тонна сұйытылған газ керек. Сондай-ақ қазір өңірдегі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясына қарасты Жаңажол мұнай-газ кешеніне жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты сұйытылған мұнай газын темір жол көлігімен жөнелту 20 пайызға төмендеп отыр. Ал «Қазақойл Ақтөбе» компаниясында компрессордың тоқтауына байланысты тамыз айында газ өндіру тәулігіне 84 тоннадан 64 тоннаға дейін төмендеді. Міне, осыған байланысты облыста газға тапшылық байқалуда, — дейді ол.
Сертаевтың айтуынша, қазір облыс әкімдігі Энергетика министрлігіне қыркүйек айында Атырау мұнай өңдеу зауытынан қосымша газ бөлу қажеттілігі туралы ұсыныстар жеткізіп жатқан көрінеді. Дегенмен бұл әзірге өңірдегі тапшылық мәселесін шешпейді.
Түстен кейін Ақтөбе қаласындағы Тургенев көшесінде орналасқан газ құю станциясының алдында кезекте тұрған жүргізушілер бұл мәселені дереу облыс әкімдігі шешпесе, келесі айда да осындай проблема болатынын айтып, өз пікірлерін жеткізді.
3-4 жылдан бері қала ішінде такси қызметінде жұмыс істеймін. Үнемі сұйытылған газды пайдаланамын. Газ тапшылығы мәселесі былтыр да болды ғой. Биыл облыс әкімдігі жылдағы қайталанатын мәселенің неге алдын алмайды? Неге министрлікке алдын ала ұсыныс айтпайды? Өздеріңізге белгілі, Ақтөбеде жыл санап көлік саны артуда, әсіресе, газбен жүретін машиналар көбейіп жатыр. Себебі бензиннің бағасы ұшып тұр. Қайда барсаң да баяғы қарапайым халық зардап шегеді. Ал әкімдіктің көліктері біз сияқты кезекке тұрмайды, — деді қала тұрғыны Арнұр Отаров мұңын шағып.
Кезекте тұрғандар такси жүргізушісінің сөзін жақтап, өздерінің наразылығын білдірді.
Айта кету керек, бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов орнынан кетті. Оның орнына бұрын Ақтөбе қаласын басқарған Асхат Шахаров келді. Жаңа әкім бұл жағдайға қанық па, ол жағы белгісіз.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің деректеріне сүйенсек, бүгінде Ақтөбе облысында газбен жабдықталған 52 949 автокөлік тіркелген. Ал өңірде 7 газ толтыру, 180-нен астам газ құю станциясы бар.