17 Ақпан 2026, 10:36 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Мұнайға тәуелділік азайып келеді – Жұманғарин

Осы кезеңдегі жиынтық инвестициялар көлемі 400 млрд АҚШ долларына жетеді.

Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин экономиканың құрылымдық өзгерістері туралы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Егер 2010 жылы өңдеуші өнеркәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 11,3% болса, 2024 жылы ол 12,4%-ға дейін өсті. Сонымен қатар тау-кен өндіру секторының үлесі екі есеге жуық – 19,5%-дан 12%-ға дейін төмендеді. Оның ішінде мұнай мен газ өндіру үлесі 16,5%-дан 8,1%-ға дейін қысқарды, – дейді министр.

Оның сөзінше, экономикалық күрделілік индексі бойынша 2024 жылдың қорытындысында Қазақстан 145 елдің ішінде 55-орынды иеленді. 2020 жылы ел 87-орында болған.

Алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін инвестициялар көлемін ұлғайту қажет. Ұлттық жоспарға сәйкес инвестициялардың ЖІӨ-ге қатынасы қазіргі 14–15%-дан 2029 жылы 23%-ға дейін өседі. Нәтижесінде 2029 жылы негізгі капиталға салынатын инвестициялар 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2,5 есеге артады. Бұл 2025–2029 жылдары қосымша 120 млрд АҚШ долларын тартуға мүмкіндік береді. Осы кезеңдегі жиынтық инвестициялар көлемі 400 млрд АҚШ долларына жетеді, – деді Серік Жұманғарин.