"Мұнайдың үстіне өз ақшамызды қосып сатқан жағдай болған" – KazService басшысы
Қазақстанның мұнай нарығындағы орны қандай? Мұнай бағасының төмен түсуіне не себеп? Тозығы жеткен кен орындарының мәселесі қалай шешіледі? BAQ.KZ тілшісіне "Қазақстан мұнай-сервис компаниялары" одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов еліміздің мұнай нарығындағы орны мен болашағы туралы айтып берді.
"Мұнай нарығында ешкім емеспіз"
BAQ.KZ: Қазақстандағы мұнай бағасы әлемдік нарықтағы өзгерістерге қаншалықты тәуелді?
Рашид Жақсылықов: Қазақстанның мұнай өнімі дүниежүзілік нарықтың 1 пайызы ғана. Сондықтан еліміз мұнай бағасы мен ондағы саяси шешімдерге тәуелді болып отыр. Егер әлемдік мұнай нарығының 10 пайызын алып отырсақ, бізбен басқалары да санасар еді. Көп адам "Иран неге нарықтағы ойынға қосылмайды?" деген қарапайым сұраққа жауап бере алмайды. Оның себебі – Иран мұнай қоры бойынша әлемде 4-орында тұр. Егер нарыққа шығып, ауқымды жұмыс істесе, әлемдік мұнай бағасын өзгертіп жіберер еді. Сол себепті нарық сенімсіз, жиі мінез танытатын ойыншыны қажет етпейді. Нарық – жер бетіндегі ең адал саудагер. Өйткен ол – сұраныс пен ұсыныстың ортасында туындайтын баға. Мәселен, пандемия кезеңінде ұшақтар аз ұшып, көліктер жүрмей қалған кезде оның ықпалын анық сезіндік. Өкінішке қарай, әлемдік баға Қазақстанмен ақылдаспайды. Естімеген елде көп, мұнайдың бағасы түсіп кеткен кезде мұнайдың үстіне өзіміз ақша қосып сатқан заман болған.
"Шешімді біз қабылдамаймыз"
Қазақстан үшін мұнай бағасы тұрақты әрі жоғары болуы аса маңызды. Онымен қоса, әлемде экономикалық ешқандай дүрбелең болмаған жөн, өйткені біздің еліміздің 50 пайыздан астам бюджеті мұнайдан келеді. Тәуелсіздік алған жылдары осы шикізаттың арқасында еліміз аяғынан тік тұрды. Қазіргі Астанамыз және басқа да облыс орталықтары соның есебінен салынды. Біз нарыққа ғылыми түрде де, қаражатпен де өзгеріс әкеле алмаймыз. Бар-жоғы мұнайымызды сатып қана күн көріп отырған халықпыз.
Мұнай өндіруші алпауыттар – АҚШ, Сауд Арабиясы және Ресей, ал ірі тұтынушылар – Үндістан, Еуропа және АҚШ. Бұл – нарықтың негізгі ойыншылары. Міне, осы елдердің әртүрлі саяси шешімдері мұнай нарығының бағасын қалыптастырады.
BAQ.KZ: Қазақстан қандай мұнай түрін (маркасы) экспорттайды және оның әлемдік нарықтағы бағасы қандай?
Жақсылықов: Қазақстан мұнайы Ресейдің "Достық" және КҚК-сі (Каспий құбыр концорциумы) құбырлары арқылы жөнелтіледі. Құбырмен тек Қазақстанның мұнайы емес, Ресейдің мұнайы да жіберіледі. Бұл негізі дұрыс емес. Өйткені сатып алушы мұнайдың сапасына шағымданса, кімді кінәлаймыз? Сол себепті мұнайға марка бекітіледі. Шикі мұнай шыққан соң ол тазартылып, тауарлық сатылым кетеді.
2022 жылы дүниежүзілік санкциялар басталған кезде Urals маркалы мұнай бағасы түсіп кетті. Қазіргі таңда аталған марканы 60 доллардан асырып сатуға болмайды. Содан кейін таза пайдамызды жібермес үшін Қазақстан мұнайына Quest атты марка алып бердік. Ол әлемдік Brent мұнайынан 3-4 долларға ғана төмен. Мәселен, Brent мұнайы 78 доллар болса, Quest-тің бағасы сәл төмендеу.
"Ескі үй сатып алсаң оны жөндеп бітпейсің"
BAQ.KZ: Соңғы жылдары мұнай кен орындарының тозуы туралы жиі айтылып жүр. Өндірісті ұзақ мерзімді тұрақты деңгейде сақтау үшін қандай қадамдар жасалуы керек?
KazService төралқа төрағасы: Тозығы жеткен кен орындарын қайта жаңарту жөніндегі мекеме құрылса деймін. Өйткені қазіргі таңда Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау аймақтарына көп зардап келіп жатыр. Себебі Кеңес үкіметі кезінде ашылған жер қойнаулары варварлық түрде пайдаланылды. Қаншама газды тиімсіз пайдаланып, құр босқа жағып жібердік. Жер қойнауына қатты зиян тигізіп алдық. Кейін ғылым дамып, газды жерге құйып, қысымды одан әрі күшейту арқылы мұнай шығаратын әдіс табылды. Ал қазір мұнай төмен кетіп қалды. "Оны қандай қысыммен көтереміз?" деген сұрақ мұнай өндірушілердің күн тәртібінде тұр. Мұнай өндірушілер бұл мәселені жақсы біледі, бірақ бізде екі баға деген түсінік бар. Яғни әлемдік нарық бекіткен баға 78 доллар шамасында және еліміздің тұтынушыларына арналған баға бар. Оның құны 18-25 доллар аралығында. Қызылорда мен Ақтөбе, Маңғыстаудың өндірген мұнайының 40 пайызы ішкі тұтынуға кетіп жатыр. Демек табыс жоқ, табыстың бәрі әлеуметтік қажеттілікке ғана жетеді. Ал кәсіпорынды дамытуға, оны жаңартуға қаражат қалмайды. Жаңа технология не үшін қажет? Өндірілген өнімнің бағасын арзандату үшін керек. Ал біздегі өндірістің бәрі кеңес кезеңінен қалған. Кеңес үкіметі алып пайдаға ұмтылды, бірақ үнемдеуді ойлаған жоқ. Меніңше, мемлекет бұл мәселені көріп отыр.
"Мәселені қалай шешеміз?"
Жақсылықов: Бірінші жол – мұнай бағасын іште де, сыртта да бірдей қылу қажет. Ішкі тұтынуға арналған бағаны алып тастау қажет. Ішкі нарыққа 18 долларға не үшін сату қажет? Мұның кесірінен кәсіпорындарымыз әбден ескірді.
Екінші жол – әлемдік жаңа технологияларға жалтақтай бермей, өз ғылымымызды күшейтуіміз қажет. Біздің ғалымдар қайда? Бізде атаулы министрлік бар ғой. Геология саласын кешенді түрде дамытуымыз қажет.
"Қаныштар қайда?"
KazService төралқа төрағасы: Елімізде ірі дейтін үш кен орны бар. Олар Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз мұнай зауыттары. Олар 57 млн тонна мұнай өндіреді, бірақ ішкі нарыққа бір баррель де бермейді. Экспорттық пайданы әкеліп отырған осы үш оператор. Ал мұнай қорына келсек, адамзат қашан мұнайдан бас тартады, сол кезде бізге де қажет болмай қалады деп ойлаймын. Геологтар әлі де өз тұжырымын айтқан жоқ. Қазақтың жерінің астында мұнай бар екені анық. Потенциалымыз көп, бірақ күн тәртібінде басқа сұрақ бар. Мұнай адамзатқа қашанға дейін керек? Әлі Қаныш Сәтбаев секілді ғалымдардың шығары анық…
BAQ.KZ: Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!