30 Наурыз 2026, 18:15 Фото: gov.kz

Мұнайдан кейінгі экономика: Қазақстан үшін машина жасау жаңа драйверге айнала ма?

Экономистер мен салалық сарапшылардың пікірінше, машина жасау мұнайға тәуелділікті азайтып, Қазақстанның жаңа индустриялық өсім нүктесіне айнала алады.

Қазақстан экономикасының тамыры ұзақ жылдар бойы мұнайға байланып келді. Бюджет кірісі, экспорт, валюта түсімі – бәрінің өзегінде көмірсутек тұрды. Бірақ әлемдік нарықтағы құбылмалылық бір шындықты анық көрсетті: елге мұнайдан кейінгі жаңа экономикалық тірек қажет.

Сол тіректің ең шынайы үміткерлерінің бірі – машина жасау.

Қазақстан машина жасаушылар одағының мәліметінше, бүгінде салада 5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, 37 кіші сала қалыптасқан. Ең маңыздысы – бұл тек автокөлік өндірісі емес, теміржол техникасы, электротехника, ауыл шаруашылығы машиналары, мұнай-газ жабдықтары, сорғы, компрессор, кабель және трансформатор шығаратын тұтас өндірістік экожүйе.

Егер 2015 жылы өндіріс көлемі 670 млрд теңге болса, 2025 жылы ол 5,7 трлн теңгеге жетіп, 8,5 есе өсті, – дейді Қазақстан машина жасаушылар одағы атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков.

Бұл – жай статистика емес, Қазақстанда жаңа индустриялық қабаттың қалыптасып жатқанын көрсететін бетбұрыс.

Макроэкономикалық тұрғыдан бұл бағыттың маңызын Еуразиялық даму банкінің бас экономисі Евгений Винокуров та нақты атап өткен.

«Industrialisation is key here» – «Мұнда шешуші рөлді индустрияландыру атқарады, – дейді Винокуров.

Оның айтуынша, Қазақстандағы жаңа инвестициялық цикл дәл шикізаттық емес секторды кеңейтуге жұмыс істеп жатыр.

Бұл жаңа кезең шикізаттық емес секторды кеңейтеді, мұнда жетекші рөл өңдеу өнеркәсібіне тиесілі, – деп атап өтті экономист.

Неге бұл сала?

Мұнай тез ақша береді, бірақ өндірістік тізбек құрмайды.

Ал машина жасау:

  • жоғары қосылған құн береді
  • мыңдаған жұмыс орнын ашады
  • инженерлік мектеп қалыптастырады
  • технология тартады
  • экспортты ұлғайтады
  • импортты алмастырады

Сондықтан бұл сала мұнайдың орнын тікелей емес, экономиканың сапасын өзгерту арқылы басады.

Саланың нақты өндірістік күші

Қазақстан машина жасаушылар одағының дерегіне сүйенсек, елде қазірдің өзінде теміржол машина жасау, электротехника, агротехника және мұнай-газ жабдықтары бағытында қуатты кластерлер қалыптасқан.

Келесі кезең – экспорттық экспансия және жаһандық өндірістік тізбектерге интеграция, – дейді Талғат Базарбеков.

Қазақстан шикізатты ғана емес, локомотив, вагон, трансформатор, компрессор, мойынтірек, ауыл техникасын экспорттайтын деңгейге жақындап келеді.

Әлсіздік пе, әлде мүмкіндік пе?

Сала алдында мәселе де аз емес.

Қазақстан машина жасаушылар одағының дерегінше, ел импортының 44%-ы немесе 25,5 млрд доллар машина жасау өнімдеріне тиесілі.

Бір қарағанда бұл әлсіздік сияқты.

Бірақ авторлық тұрғыдан қарасақ, бұл – Қазақстанның ең үлкен өндірістік резерві.

Өйткені сол импорттың белгілі бір бөлігін ішкі өндіріс жаба бастаса:

  • валюта елде қалады
  • жұмыс орындары көбейеді
  • технология келеді
  • ЖІӨ құрылымы өзгереді

Не жеткіліксіз?

Саланың жаңа экономиканың өзегіне айналуы үшін негізгі мәселе – тұрақты тапсырыс пен технологиялық серпін.

Кәсіпорындардың жүктемесі көбіне ұзақмерзімді әрі тұрақты тапсырысқа тәуелді, – дейді Талғат Базарбеков.

Демек негізгі тіректер:

  • оффтейк-келісімшарттар
  • роботтандыру
  • терең локализация
  • инженер кадр
  • жеңілдетілген қаржыландыру
  • экспорттық қолдау

 болуға тиіс.

Егер мемлекет бұл саланы жай статистикалық өсім емес, жаңа индустриялық саясаттың өзегі ретінде қарастырса, Қазақстан машина жасау арқылы мұнайдан кейінгі экономиканы құруға мүмкіндік те, әлеует те жеткілікті.

Евгений Винокуров айтқан «индустрияландыру – шешуші фактор» дегені де, Талғат Базарбеков келтірген 8,5 есе өсім де осыны дәлелдейді.

Мұнай – бүгіннің табысы. Ал машина жасау – ертеңгі тұрақты, күрделі әрі технологиялық экономика.

Локомотивтен трансформаторға, вагоннан сорғыға дейінгі осы өндіріс тізбегі күшейсе, Қазақстан мұнай бағасының әрбір құбылуына жалтақтамайтын жаңа экономикалық модельге бір қадам жақындайды.