Мұнайдан бөлек мүмкіндік: Қазақстан транзиттен табысын арттыра ала ма?
Қазақстанның көлік-логистика саласындағы мүмкіндіктері нақты экономикалық нәтижеге ұласа бастады. Орта дәліз арқылы жүк тасымалының артуы транзиттік табысты көбейтіп, қызмет экспортын дамытуға жол ашады. Экономист Айбар Олжай әлемдік саудада Қазақстан Азия мен Еуропа нарықтарын байланыстыратын ел ретіндегі орнын нығайтып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша,әлемдік саудада тауарды кім өндіргенімен қатар, оны соңғы тұтынушыға кім жеткізетіні де маңызды.
Қазір әлемде тауарды кім өндіргенімен қатар, оны ақырғы тұтынушыға кімнің жеткізгені де маңызды. Біз осы нарықтағы маңызды курьер рөлін ойнап тұрмыз, – деді Айбар Олжай.
Орта дәлізге сұраныс артып келеді
Айбар Олжай 2026 жылдың алғашқы сегіз айында Транскаспий халықаралық көлік бағыты, яғни Орта дәліз арқылы 44,2 мың TEU тасымалданған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 58 пайызға көп. TEU – контейнерлік тасымал көлемін жиырма футтық контейнер баламасымен есептейтін өлшем бірлігі.
Осы кезеңде Қытайдан аталған бағытпен жөнелтілген контейнерлік пойыздар саны 419-ға жеткен. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 228 пойыз жөнелтілгенін ескерсек, өсім шамамен 84 пайызды құрайды.
Оның сөзінше, бұл үрдіс биыл ғана қалыптасқан жоқ. 2025 жылдың қорытындысында Орта дәліз арқылы шамамен 77 мың TEU тасымалданып, 2024 жылмен салыстырғанда 36 пайызға артқан.
Айбар Олжай бұл көрсеткіштерді Қазақстан арқылы өтетін балама сауда жолына сұраныстың біртіндеп күшейіп келе жатқанының белгісі деп бағалайды.
Транзиттің пайдасы жүк өткізумен шектелмейді
Оның пікірінше, тасымал көлемінің артуы Қазақстан экономикасына бірнеше бағытта мүмкіндік береді. Ең алдымен, теміржол қызметіне, терминалдарға, жүкті өңдеуге және өзге де логистикалық операцияларға сұраныс көбейеді. Сонымен қатар инфрақұрылымға инвестиция тартуға, қоймалар мен логистикалық орталықтарды дамытуға жағдай жасалады.
Яғни біз тек жүк өткізуден емес, сол жүктің айналасында қалыптасатын экономикалық қызметтен де табыс таба аламыз, - деді ол.
Экономист негізгі міндет – Қазақстан аумағы арқылы өтетін жүк көлемін арттырумен қатар, оған көрсетілетін қызметтің барынша үлкен бөлігін ел экономикасында қалдыру деп есептейді. Бұл отандық сервистік кәсіпорындардың дамуына және жаңа жұмыс орындарының пайда болуына мүмкіндік береді.
Жаңа жолдар транзиттік әлеуетті күшейтеді
Айбар Олжай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударып келе жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Ресеймен бірлескен Солтүстік – Оңтүстік бағытының Қазақстан үшін стратегиялық маңызын айтып, Каспий арқылы өтетін Орта дәлізге де сұраныс өсіп келе жатқанын жеткізген. Қазақстан қазір бірнеше бағытты қатар дамытып жатыр. Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы аяқталуға таяу. Ал Бақты – Аягөз бағытын 2027 жылы ашу жоспарланған. Бұдан бөлек, Қытайды Каспий теңізімен және одан әрі Еуропа нарығымен байланыстыратын Арал – Каспий магистралі жобасы іске асырылып жатыр,- деді ол.
Оның пікірінше, бұл жобалардың экономикалық мәні – тасымал мүмкіндігін кеңейтіп, Қазақстан арқылы өтетін халықаралық жүк ағынын көбейту.
Географияның өзі ақша әкелмейді
Дегенмен экономист елдің қолайлы орналасуы өздігінен тұрақты табысқа кепіл болмайтынын ескертеді. Географиялық артықшылықты тиімді пайдалану үшін инфрақұрылым, жеткізу жылдамдығы, тариф және қызмет сапасы қатар дамуы керек.
Географияның өзі ақша әкелмейді. Ақшаны инфрақұрылым, жылдамдық, тиімді тариф және сапалы логистика әкеледі. Жүктің шекарада ұзақ тұрып қалуы бағыттың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Ал тасымал мерзімі алдын ала белгілі болып, тауар уақтылы жеткізілсе, халықаралық компаниялардың Қазақстан бағытын таңдау ықтималдығы артады. Сондықтан транзиттік әлеуетті арттыруда жол салумен қатар, жеткізу тізбегінің үздіксіз әрі үйлесімді жұмыс істеуі де маңызды, - деді экономист.
Қазақстан қызмет экспортын ұлғайта алады
Айбар Олжай логистиканы елдің экспорттық кіріс көздерін кеңейтетін бағыттардың бірі деп санайды. Оның пікірінше, Қазақстан шикізат сатумен қатар, халықаралық тасымалға қызмет көрсету арқылы да табысын арттыра алады.
Енді біз шикізатты экспорттап қана қоймай, транзит арқылы қызмет экспортын да өсіре аламыз. Бұл үшін өткізу қабілетін ұлғайтып, қызмет сапасын жақсарту және маршруттардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажет. Қазақстанның мақсаты – Қытай мен Еуропаның арасындағы орналасуын осы екі ірі нарықтың саудасынан тұрақты табыс табуға мүмкіндік беретін экономикалық артықшылыққа айналдыру, - деп түйіндеді экономист.