Мұнай суынан тұщы суға дейін: Маңғыстаудағы бірегей зауыт қалай жұмыс істейді
Маңғыстау облысында су тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған ірі экологиялық жоба – Қаражанбас кен орнындағы су тұшыту зауыты толық қуатында жұмыс істей бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Орталық Азия және қытайлық "Жэньминь жибао" газеті журналистері "Бір белдеу, бір жол" тақырыбымен өткен бірлескен баспасөз туры аясында өңірлердегі қазақ-қытай бірлескен жобаларымен танысуды жалғастырып жатыр.
Бұл жолы БАҚ өкілдері Қазақстандағы ілеспе қабат суларын тазарту мен тұшытуға арналған алғашқы және жалғыз зауыт, әрі шетелдік технологиямен толықтай жабдықталған өндірістік кешенде болды.
Су тұтынылмайды – қайта айналымға түседі
Қаражанбас кен орнында тәулігіне 20 мың тоннаға дейін тұщы су қажет. Бұрын бұл су Волга өзенінен тасымалданатын. Қазір CITIC Group корпорациясының құрамындағы CITIC Envirotech Ltd. инвестициясымен салынған жаңа зауыттың арқасында бұл қажеттіліктің 85%-ы өз ішінен жабылады.
Зауыттың өндірістік қуаты — тәулігіне 17 000 текше метр тұщы су. Ол ілеспе қабат суын төрт сатылы сүзгіден өткізіп, толық тазалаудан кейін техникалық мақсатта қайта пайдаланылады. Нәтижесінде табиғи су көздеріне түсетін салмақ азайып, экологияға зиян келмейді.
Жобаның ерекшелігі – қоршаған ортаға зиян келтірмей, өндірісті тиімді жүргізу. Бұған дейін ілеспе қабат суларының бір бөлігі қайта жер астына айдалып, біраз көлемі топыраққа тарап, Каспий теңізінің жағалауын ластайтын. Қазір бұл су арнайы сүзгілерден өтіп, толық тазаланып, қайта айналымға жіберіледі.
Су тұшыту процесі толық автоматтандырылған.
Барлық сүзгілеу кезеңдері – автоматты түрде басқарылатын жүйеге қосылған. Судың сапасы мен құрылғылардың жағдайы орталық бақылау экранында көрініп тұрады. Бүгінгі күнге дейін 9,6 миллион текше метр су тұшытып, Қаражанбас кен орнына жеткіздік, - деді ауысым басшысы Бекзат Нұркенұлы.
Зауыт тек су өндірумен шектелмейді. Бұл жоба аясында жергілікті мамандар жаңа экологиялық технологияларды меңгеріп, халықаралық деңгейдегі тәжірибе жинауда. Қытайлық және қазақстандық инженерлер бірігіп жұмыс істеп, заманауи мембраналық сүзу жүйесін енгізді. Бұл — өңірдің кадрлық әлеуетін арттыратын нақты қадам.
Жоба — "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясындағы маңызды серіктестік үлгісі. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы 55 бірлескен инвестициялық жобаның қатарына енген. Қос тараптың инженерлері мен экологтарының бірлесе жұмыс істеуі — тек технология алмасу ғана емес, өзара сенім мен достықтың нығаюының айғағы.
Айта кетейік, Қаражанбас жобасы — Қазақстанда шетелдік инвестиция және технологиямен салынған тұңғыш су тұшыту зауыты ғана емес, сонымен қатар экология, энергетика және экономиканы ұштастырған ауқымды бастама болып отыр.
Еске сала кетейік, бұл баспасөз турын Қытайдың жетекші ақпарат құралдарының бірі — "Жэньминь жибао" газеті ұйымдастырды. Бұған дейін шетелдік журналистер Алматыдағы Алма-Арасан шатқалында болды. Сондай-ақ Ақтаудағы битум зауытының жұмысымен де танысты.
Сонымен бірге журналистер Ақтаудың ерекше көрінісін де тамашалады.
Сондай-ақ іс-шара маусым айында Астанада өтетін "Орталық Азия – Қытай" саммитінде аясында өткізіліп отыр.