Мұнай соғысы басталды ма? АҚШ Иран экспортына кедергі жасап жатыр
АҚШ-тың Иранға қарсы санкцияларды күшейтуі әлем назарын тағы да Таяу Шығысқа бұрды. Бірақ Вашингтонның бұл қадамы уақытша реакциядан гөрі ұзақ жылдардан бері жалғасып келе жатқан саясаттың жалғасы секілді. Тақырыпты BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.
Халықаралық сарапшы Таир Нигмановтың айтуынша, бұл қадамды "кезекті шектеулер пакеті" ретінде ғана қарастыру аздық етеді. Өйткені мәселе санкцияның көптігінде емес, Вашингтонның Иранға қатысты тұтас саяси бағытының өзгермей келе жатқанында жатыр.
Сарапшы Дональд Трамптың Иранға сенімсіздігі оның билікте болған бүкіл кезеңінен анық байқалатынын айтады: бірінші президенттік мерзімінде де, екінші мерзімінде де дәл осы ұстаным басым болған.
Трамптың Иранға сенімсіздігі қайдан басталды?
Таир Нигмановтың пікірінше, Дональд Трамп шын мәнінде Иранға күмәнмен қарайды және бұл ұстаным саяси шешімдерден де көрініс тапқан.
Сарапшының айтуынша, дәл Трамп алғашқы президенттік мерзімі кезінде ядролық келісімді негізінен жоққа шығарды. Ол келісім бойынша Иран ядролық саясатына қатысты ашықтық танытуы керек еді, ал оның орнына санкциялар алынып тасталуы тиіс болатын.
Алайда Трамп бұл келісімнен шығып кетті де, көрші елге қарсы санкциялық қысымды қайта күшейтті.
Сарапшы мұны Трамптың ішкі ұстанымымен байланыстырады. Оның сөзінше, ол сол кезде-ақ: "Маған бәрібір, мен Иранға сенбеймін" дегендей бағыт ұстанған.
Наразылықтар – қысым саясатын жалғастыруға "сылтау" ма?
Таир Нигманов қазіргі жағдайға тоқтала отырып, бүгінгі оқиғалар мен протестілер Вашингтонның қысымын жалғастыруға "ыңғайлы себеп" ретінде ғана пайдаланылып отырғанын жоққа шығармайды.
Ол бұған дейін де АҚШ Иранға қатысты қатаң қадамға барғанын еске салады. Нақтырақ айтқанда, ядролық келісімнен бас тарту болды, ал жарты жыл бұрын ядролық нысандарға бомбалау жасалды.
Сондықтан сарапшының пайымдауынша, бүгінгі санкциялық белсенділік — қазіргі президенттің нақты антиирандық бағытының жай ғана жалғасы.
"Мәселе санкцияда емес"
Нигмановтың айтуынша, бұл жерде ең маңыздысы – санкцияның қаншалықты күшейгені емес, жалпы саясаттың қайда бұрылып отырғаны.
Сарапшы қазіргі таңда АҚШ-тың негізгі күштері Венесуэлаға байланысты Кариб теңізіне шоғырланғанын атап өтеді. Бірақ соған қарамастан, соңғы айларда, тіпті соңғы бір айдың ішінде "Көлеңкелі флотқа" қатысты бірқатар танкерлер ұсталды деуге болады.
Оның айтуынша, бұл шаралар тек Венесуэлаға ғана емес, Ресейге және тағы басқа елдерге де қатысты болып отыр.
Таир Нигманов АҚШ өкілдерінің, нақтырақ айтқанда бас прокурор Пэмбодидің сөзіне назар аударады. Оның мәліметінше, ұсталған танкерлердің бірі – "Маринерде" Венесуэла мен Ираннан шыққан мұнай болған.
Сарапшы мұндай қадамдардың мәнін өте анық түсіндіріп өтті: Иранның мұнай саудасына кедергі жасау – оған ең қатты соққы болып тиеді.
Энергетикалық соққы: ең ауыр зардап қай тұстан тиді?
Сарапшы энергетика тұрғысынан алғанда Иран ең үлкен зардапты санкциядан емес, жарты жыл бұрын болған бомбалаулар кезінде көргенін алға тартады.
Өйткені, оның сөзінше, ол соққылардың бәрі атом энергетикасына бағытталды.
Таир Нигманов Иранның геосаяси және демографиялық ерекшелігіне де тоқталады: бұл – халқы 90 миллион адам болатын алып мемлекет.
Осы себепті, оның айтуынша, энергия мәселесі Иран үшін тіптен өткір:
Энергия мәселесі кез келген ел үшін маңызды, ал халқы осыншама көп мемлекет үшін бұл мәселе бірнеше есе өзекті, әсіресе Иранның оқшауланған жағдайын ескерсек маңызға ие, – дейді сарапшы.
Осы тұста Нигманов ең үлкен нәтиже беретін нәрсе – санкциялар емес, дәл осындай нақты әрекеттер екендігін басып айтты.
Иран неге жауапсыз қалды?
Таир Нигманов Иранға бұл әрекеттерге жауап беру өте қиын екенін айтады. Оның ойынша, бұған бірнеше себеп бар.
- Біріншіден, ұзаққа созылған наразылықтар салдарынан қазір Иран ішкі тұрақтылықты қайта қалпына келтірумен, режимнің беріктігін сақтаумен әуре.
- Екіншіден, Таяу Шығыстағы ықпал үшін күрес және прокси-қақтығыстар факторын да шетке ысыруға болмайды.
Сарапшы Иран мұндай ықпалын экономикасы дұрыс болғанда ғана алға жылжыта алатынын айтады. Ал экономикада қиындық басталса, Ираннан тыс жердегі прокси-элементтерді қолдауда да мәселе көріне бастайды.
Бұл тұста ол мысал ретінде Ливан мен Сирияны келтіреді. Таир Нигмановтың айтуынша, ирандық қолдаудың әлсіреуі Башар Асад режимінің құлауының негізгі себептерінің бірі болды.
Ормуз бұғазы: Иранның ең тиімді тетігі
Халықаралық сарапшы Таир Нигманов аймақта Иран ықпалына әсер ететін маңызды факторлардың бірі ретінде Йемендегі хуситтерді атайды. Оның айтуынша, олар өңірде әлі де белсенді.
Йемендегі хуситтер сияқты маңызды фактор бар, олар аймақта әлі де белсенді, – дейді сарапшы.
Дегенмен Нигманов Иран нақты іске қоса алатын ең ықпалды әрі тиімді қадамдардың бірі ретінде Ормуз бұғазын жабуды меңзеді.
Иран нақты қолдана алатын ең тиімді шаралардың бірі – Ормуз бұғазын жабу, – деп атап өтті Таир Нигманов.
Сарапшының сөзінше, Ормуз – Араб түбегіндегі мұнай-газ экспорты өтетін негізгі жол.
Бұл – негізгі артерия. Яғни Араб түбегіндегі елдер, мысалы, Біріккен Араб Әмірліктері және басқалары өз мұнайы мен газын халықаралық нарыққа дәл осы жолмен шығарады, – дейді ол.
Нигмановтың пікірінше, бұғаздың бұғатталуы әлемдік энергетика нарығына ауыр соққы болуы мүмкін.
Бұғаздың бұғатталуы әлемдік энергетика нарығына өте үлкен проблема тудыруы мүмкін, – деп түсіндірді сарапшы.
Қарсылық өте күшті болуы мүмкін
Алайда халықаралық сарапшы Ормузға қатысты мұндай әрекеттер бірден жаһандық деңгейдегі қарсылыққа ұласатынын жоққа шығармайды.
Мұндай әрекеттер АҚШ тарапынан ғана емес, жалпы НАТО тарапынан да аса күшті қарсылыққа ұшырайды, – деп атап өтті Нигманов.
Сонымен бірге Қытай мен Үндістан секілді мемлекеттер де бұл сценарийге мүдделі емес екенін айтады.
Қытай немесе Үндістан сияқты мемлекеттер де бұған разы болмайды, өйткені олар араб әлемінің энергоресурстарына қатты тәуелді, – дейді сарапшы.
Осы тұрғыда Нигманов Иранда жауап беру әдістері болғанымен, әрбір қадамның салдары ауыр болуы мүмкін екенін қоса жеткізеді.
Иә, Иранның жауап беретін әдістері бар. Бірақ ол өте қатты қарсылыққа тап болады, – дейді халықаралық сарапшы.
АҚШ қысымы неге тоқтамайды?
Таир Нигмановтың айтуынша, АҚШ-тың Иранға қатысты қатаң саясаты уақытша құбылыс емес, ұзақ жылдарға созылған жүйелі ұстаным.
Қазіргі стратегияның ұзақмерзімді сипатқа қаншалықты ие екенін айту қиын, – дейді сарапшы.
Дегенмен оның пікірінше, бір нәрсе айқын: Вашингтон 1979 жылдан бері Иранға тұрақты түрде қысым жасап келеді.
Соңғы ондаған жылда, нақтырақ айтқанда 1979 жылғы Ислам революциясынан бері АҚШ Иранға жүйелі түрде қысым жасап келеді, – деп атап өтті Нигманов.
Ол кей тұста дипломатиялық «жылы кезеңдер» болғанын да жоққа шығармайды.
Иә, ара-тұра “жылы кезеңдер” болады, мысалы, Барак Обама тұсындағы ядролық келісім секілді, – дейді сарапшы.
Алайда тұжырымдық бағыт бәрібір өзгермейді деп есептейді.
Бірақ тұжырымдық тұрғыдан алғанда ұстаным аса өзгермейді, – деп түсіндірді ол.
Нигманов бұл жерде АҚШ-тың Израильмен одақтастығының да әсері барын атап өтеді.
АҚШ, оның ішінде Израильдің өте жақын одақтасы ретінде де, Иранның сыртқы саясатына қарсы басты қарсыластардың бірі болып қала береді, – дейді сарапшы.
Вашингтонның көксегені не?
Нигманов АҚШ үшін ең «қалаулы» сценарийдің бірі – Ирандағы саяси режимді ауыстыру екенін айтады.
Қазіргі америкалық президент үшін идеал жағдайда Ирандағы саяси режимді де ертерек ауыстыру үлкен жетістік болар еді, – дейді ол.
Сарапшы мұны ішкі саясаттағы ұпаймен де байланыстырады.
Бұл – “жеңістер қазынасына” қосылатын мығым жеңіс, оны сайлаушыларына “президенттің аса ірі жетістігі” ретінде көрсетіп шығуға болады, – деп атап өтті Нигманов.
Бірақ ол мұндай сценарийдің Иранда жүзеге асуы Венесуэламен салыстырғанда әлдеқайда қиын екенін алға тартады.
Мұны іске асыру Венесуэлаға қарағанда әлдеқайда қиын, – дейді сарапшы.
Әскери жолдың қаупі: тұрақсыз режим
Нигманов АҚШ әскери қысымға көшсе, бұл проамерикалық әрі тұрақты билік әкелмейді деген пікір айтады.
Егер АҚШ күшпен режимді құлатуға кіріссе, онда орнына келген жаңа режимнің “өте проамерикалық” болуы екіталай. Тіпті мұндай режим белгілі бір деңгейде Вашингтонға ыңғайлы болған күннің өзінде, оның тұрақтылығы күмәнді. Егер проамерикалық болған күннің өзінде, оның тұрақты болып кетуі күмәнді, – дейді сарапшы.
Бұл ойына Нигманов нақты мысалдар келтіреді.
Ауғанстан мен Ирак сияқты жағымсыз мысалдар бар: АҚШ орнатқан режимдер билікте ұсталып тұра алмады, – деп түсіндірді ол.
"АЯКС операциясы": Иран неге Батысқа қарсы?
Таир Нигманов Ирандағы Батыс ықпалына қарсы реакцияның тарихи тамыры терең екенін айтады. Оның сөзінше, 1950-жылдары Иранда Мұхаммед Мосаддық бастаған демократиялық үкімет болған.
1950-жылдары Иранда Мұхаммед Мосаддық бастаған демократиялық үкімет тұрған, – дейді сарапшы.
Ол үкімет мұнай саласын ұлттық меншікке өткізгісі келгенін атап өтеді.
Ол үкімет мұнай өнеркәсібін ұлттық меншікке өткізгісі келді, – деп түсіндірді Нигманов.
Алайда Ұлыбритания мен АҚШ бұған қарсы болып, режимді құлатқанын айтады.
Ұлыбритания да, АҚШ та бұны қаламағандықтан, олар бұл режимді жай ғана құлатты, – дейді ол.
Бұл процестің "АЯКС операциясы"деп аталатынын және оның ашық деректерде бар екенін атап өтті.
Бұл қастандық теориясы емес, бәрі ашық деректерде бар, – деп атап өтті сарапшы.
Нигмановтың тұжырымы бойынша, Иранның белгілі бір жауап беру мүмкіндіктері бар. Бірақ әрбір әрекет үлкен қарсылыққа ұласуы мүмкін.
Иә, жауап берудің жолдары бар. Бірақ ол өте қатты қарсылыққа тап болады, – дейді халықаралық сарапшы Таир Нигманов.