Мұнай, санкция және теңге: 2025 жылы Қазақстан экономикасы қалай дамиды

Қолданбалы экономика зерттеу орталығы (AERC) Қазақстанның тоқсан сайынғы макроэкономикалық шолуын ұсынды. Соңғы шолуда үрдістер талданып, 2025 жылға арналған негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бағаланған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мұнай бағасы

Әлемде болып жатқан экономикалық өзгерістер Қазақстанға әсер етпей қоймайды. Осы тұста басты мәселенің бірі - мұнай бағасы.

AERC-тің болжамына сәйкес, негізгі сценарий бойынша 2025 жылы Brent маркалы мұнайдың орташа жылдық бағасы 81,0 доллар/баррель деңгейіне жетеді. Осылайша бұған дейінгі 2025 жылғы қазан айында айтылған болжам (82,0 доллар/баррель) төмендетілді. 

Баға төмендеуінің себебі – Қытай экономикасының өсу қарқынына қатысты белгісіздікке байланысты мұнайға деген сұраныстың азаюы.  Төмендегі графиктен мұнай бағасының тербелеуін анық байқауға болады. 

Дереккөз: AERC

Айта кетсек, АҚШ Энергетикалық ақпарат басқармасының (US EIA) қысқа мерзімді болжамында 2025 жылы Brent мұнайының бағасы 74,0 доллар/баррель болады деп көрсетілген. Дегенмен АҚШ-тың Ресейге қарсы санкцияларының күшеюі 2024 жылдың қаңтарында мұнай бағасының өсуіне ықпал етті. Бұл фактор ОПЕК+ келісімі және Қытай экономикасының баяулауына қарамастан сұраныстың шамалы өсуімен қатар осы макроэкономикалық шолуда ескерілді.

Сауда-саттық

AERC 2025 жылы Қазақстанның сауда серіктес елдерінің экономикалық өсімі жылдық есептеуде 1,7% деңгейінде болады деп күтуде. Бұл алдыңғы шолудағы болжаммен салыстырғанда (1,8%) шамалы төмен. Мұндай түзету санкциялық қысымның күшеюіне орай Ресей экономикасының өсу қарқынының баяулауына байланысты.  

Дүниежүзілік банк (ДБ) деректеріне сәйкес, Қазақстанның сауда серіктестері – Ресей, Еуроаймақ және Қытай бойынша болжамдар 2024 жылдың қазан айынан бері айтарлықтай өзгерген жоқ.

Атап айтқанда, Қытай экономикасының 2025 жылға арналған өсім болжамы 4,3%-дан 4,5%-ға көтерілді, ал Еуроаймақ бойынша болжам 1,4%-дан 1,0%-ға дейін 0,4 пайыздық тармаққа төмендеді. Ресей экономикасына қатысты ДБ болжамы қазан айындағы өңірлік шолудан бері өзгеріссіз қалды.

Санкциялар

ХВҚ 2025 жылы Ресей мен Қытай экономикасының өсу қарқыны қазан айындағы шолумен салыстырғанда жоғары болады деп күтуде. Ресей бойынша болжам 1,3%-дан 1,4%-ға, ал Қытай экономикасы бойынша 4,5%-дан 4,6%-ға көтерілді. Сонымен қатар, Еуроаймақтың өсім болжамы 1,2%-дан 1,0%-ға дейін 0,2 пайыздық тармаққа төмендетілді.  

Халықаралық валюта қоры болжамдарын қайта қарағанына қарамастан, AERC Қытай экономикасындағы құрылымдық қиындықтарды, оның ішінде Трамп әкімшілігі енгізген сауда тарифтерінің сақталуын және Ресейге қарсы санкциялардың күшеюін ескере отырып, пессимистік көзқарасын сақтап отыр.

Теңге бағамы

Ұлттық валютаның АҚШ долларына қатысты айырбас бағамы соңғы 2 айда айтарлықтай әлсіреді. Желтоқсанда теңге орта есеппен 5%-ға (айлық есептеуде) құнсызданып, 519,65 теңге/доллар деңгейінде қалыптасты.

Теңгенің әлсіреуіне әсер еткен факторлар – АҚШ долларының нығаюы және мұнай бағасының құбылмалы төмендеу үрдісі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша USD/KZT жұбы 469,44 деңгейінде қалыптасты.  

2025 жылға арналған мұнай бағасының болжамы төмендетілгенін ескере отырып, AERC USD/KZT жұбының 489,5 теңге/доллар деңгейінде болатынын болжайды. Осылайша 2025 жылға арналған айырбас бағамы қазан айындағы шолумен салыстырғанда (бұрын – 480,8 теңге/доллар) ұлттық валютаның үлкенірек құнсыздануын көрсетеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы