Мұнай өнімдерінің сұранысы қалай жабылады?

Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты айдың басында жоспарлы алдына алу жұмыстары үшін жабылды. Қазір қалада сұйық отын қат болмаса да, тапшылығы байқалады. Әкімдіктегілер қажетті мұнай өнімін Ақтөбе облысынан күтіп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Алпауыт кәсіпорындағы жоспарлы алдын алу 1-31 қазан аралығында жалғасады. Сол уақытта зауыттағы жабдыққа техникалық куәландыру мен сараптама жүргізіледі. Нақтырақ айтқанда ыдыс пен аппараттың 1174-і, 1458 технологиялық құбыр мен пеш, сондай-ақ біраз қондырғыда 316 тоннадан астам катализатор ауыстырылады екен. Одан өзге коллоналардың ішкі құрылғылары жаңартылып, реакторлар жөнделеді. 

Жоспарлы алдын алу жұмысы жабдықтың сенімділігін, технологиялық процестің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Өндірістің жалпы тиімділігін арттыруды көздейді. Іс-шара кезінде еңбекті қорғау, өнеркәсіп және өрт қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Жалпы жөндеу жұмыстарына 1800-ден астам маман және 62 бірлік арнайы техника жұмылдырылады, - дейді "АМӨЗ" серіктестігінің баспасөз қызметі. 

Осы жөндеуге қатысты Атырау қаласындағы кей бекеттерде автогаз тапшылығы байқалды. Ұзын-сонар кезек жоқ. Десе де автокөлік иелері біраз жерде мұнай өнімін таппағанын айтады. 

Ондай бір кезек күттім, автогаз мүлдем жоқ деп айта алмаймын. Бірақ іздеп жүріп, қарап алуың керек. Кей жерде автогаз жоқ екен. Қазір дүрлігетіндей емес сияқты. Бірақ енді айдың соңында не болады оны білмейміз. Тапшы болмаса екен деп тілейміз. Себебі бізге енді газ тиімдірек қазір, - дейді жергілікті тұрғындарды бірі Асылхан. 

Бұл мәселеге қатысты жауапты басқарма өкілдерінен ақпарат сұрадық. Зауыттағы қазіргі жұмыстарға қатысты мұнай өнімдерінің тапшылығы туындамас үшін көрші облыстан қор сұрап қойған. Бірер күнде Ақтөбе облысынан Атырауға 6358 тонна өнім жеткізіледі екен. 

Өздеріңізге белгілі 2025 жылдың 1-қазаны мен 31-қазан аралығында Атырау мұнай өңдеу зауыты кезекті жөндеу жұмыстарына тұрғызылды. Сол кезде сәйкесінше сұйытылған мұнай газы зауыттағы сұйытылған мұнай газының өндірісі толығымен тоқтады. Алайда негізгі отын көзі бензин және дизель отынының көлемдері сақталған. Енді осы кезде ҚР Энергетика министрлігінің тоқсан сайынғы кеңес хаттамасына сәйкес облыстың ішкі нарығына 6358 тонна көлеміндегі сұйытылған мұнай-газы бөлініп, қазіргі таңда комиссия нәтижесімен облыстағы комиссия шешімінің нәтижесімен 20-дан астам субъектілерге, нақтылап айтсақ 23-субъектіге бөлініп, сол газбен жабдықтаушы мекемелердің жасақталған кестесіне сәйкес біртіндеп облысқа жеткізіліп отыратын болады, - дейді Атырау облысы энергетика және ТҮКШ Басқармасының бас маманы Анар Ахметова. 

Облыс халқы ай сайын 13-14 мың тоннадай сұйық отын тұтынады. Соның тең жартысы көрші аймақтан алынса, қалғаны жергілікті зауыттың бұған дейін бөлген қорынан алынады екен. 

Жалпы қажеттілікті айта кететін болсақ, облыстың сұйытылған мұнай газына ай сайынғы қажеттілігіміз 13-14 мың тоннаны құрайды. Алайда министрлік бізге сол қажеттіліктің небәрі 60-70 пайызын ғана қамтамасыз етіп отыр. Осыған байланысты біздер әкімдік тарапынан ай сайын сұраныс хаттар жолдаймыз қосымша көлемдерді сұрап. Министрліктің қолдауымен қыркүйек айында қосымша 2,5 мың тонна АМӨЗ-ден бөлінсе, айдың аяғында 1008 тонна көлемі Ақтөбеден бөлініп, бүгінгі күні қазан айының екісі күні жағдайына вагондар толық жеткізіліп, енді бірте-бірте бекеттерге құйылатын болады, - дейді Анар Ахметова.

Атқарушы биліктегілер бұл мәселе үнемі назарда екенін жеткізді. Сондықтан алаңдайтын негіз жоқ деп отыр. Дегенмен жауаптылардың берген ақпаратына сүйенсек, бөлінетін өнім көлемі бір айлық сұранысты жаппайды. 

Біздер газ бөлінісі ережесіне сәйкес бөлеміз ғой. Сол ҚР Энергетика министрлігінің 23 жылғы 9 қазандағы осы сұйытылған мұнай газы бөлінісінің ережесіне тамыз айында бірнеше өзгерістер енгізілген болатын. Сол өзгерістердің бірі бұрынғы қолданыстағы, яғни автомобильмен алып кету үшін субъектілерге 5 тонна көрсеткіші болса, қазіргі таңда сол көрсеткіш 5 тоннадан 20 тоннаға дейін өсті. Яғни газ бөлінісі кезінде 20 тоннадан төмен бөлінген жағдайда бұл субъектіге газ бөлінбейді делінген, - дейді А.Ахметова. 

Жауаптылар тапшылықты болдырмау мақсатында жұмыс жүргізіп жатыр. Ал зауыттағы жоспарлы алдын алу жұмысы айдың аяғына дейін созылады дегенмен, 25 қазаннан бастап технологиялық қондырғыларды кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланған көрінеді. 

Бұған дейін серіктестік өкілдері хабарлағандай, жөндеу басталғанға дейін мұнай өнімдерінің қорын жасақтаған. Бүгінде зауыттың резервуарлық паркінде жинақталған отын көлемі: автобензин - 37 мың тонна, дизель отыны - 30 мың тонна, авиаотын - 6,8 мың тонна. Зауытта жинақталған бұл қор жоспарлы алдын алу жұмыстары кезінде Қазақстанның батыс өңірлеріне мұнай өнімдерінің біркелкі жөнелтуін қамтамасыз етеді делінген ақпаратта. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: коллаж BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы