Мұнай, өндіріс пен сауда: Қазақстан экономикасының болашағы қандай?
2024 жылдың алғашқы төрт айында Қазақстанның ішкі жалпы өнімі (ЖІӨ) 6 пайызға өсіп, соңғы жылдардағы орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары деңгейге жетті. Бұл туралы "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ Макроэкономикалық зерттеулер және болжау орталығының аға сарапшысы Рамазан Есенгазиев BAQ.KZ тілшісіне айтып берді.
ЖІӨ өсімі: негізгі себептер
Сарапшының айтуынша, бұл серпінді өсім бірнеше фактордың әсерінен орын алған.
Экономикалық өсімнің негізгі драйверлері – көлік, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, сауда және тау-кен өндірісі болды. Теңіз кен орнындағы өндіріс көлемінің артуы, халық табысының көтерілуі, сондай-ақ инфрақұрылымға салынған мемлекеттік инвестициялар айтарлықтай үлес қосты, – дейді Есенгазиев.
Сала-сала бойынша қарастырар болсақ:
- Көлік секторы – +22,4%
- Құрылыс – +16,2%
- Өңдеу өнеркәсібі – +7,2%
- Сауда – +7%
- Тау-кен өнеркәсібі – +7,1%
Жаһандық тәуекелдер мен мұнай бағасы
Сарапшының пікірінше, мұндай өсімге қарамастан, сыртқы қауіптер сақталып отыр.
"Жыл басында мұнай бағасы барреліне 60 долларға дейін түсті. Бұл жаһандық экономиканың баяулауымен және геосаяси шиеленістермен байланысты. Мұндай сыртқы факторлар Қазақстан экономикасына да әсер етуі мүмкін", – деп ескертті сарапшы.
Өнеркәсіптегі өсім: өңдеу және кен өндіру
2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында өнеркәсіп секторы да жоғары нәтиже көрсетті.
- Мұнай өндіру – +8,8%
- Көмір – +11,2%
- Темір рудасы – +5,2%
Өңдеу өнеркәсібі де жанданып келеді. Азық-түлік өндірісі, машина жасау, металлургия сынды бағыттар алда. Бұл – шикізат жеткізілімінің тұрақтылығы мен инвестициялық жобалардың нәтижесі, – дейді сарапшы.
Ауыл шаруашылығы: баяу, бірақ тұрақты
Ауыл шаруашылығы саласы 3,9%-ға өсті. Негізгі өсім – мал шаруашылығы мен жұмыртқа өндірісінде.
Бұл салада техниканы жаңарту мен су ресурстарын тиімді пайдалану – басты міндеттердің бірі. Қазіргі инвестиция көлемі жеткіліксіз, – дейді Рамазан Есенгазиев.
Сауда секторы: сұраныс жоғары
Сауда саласы 7%-ға өсті. Көтерме және бөлшек сауда көлемі де айтарлықтай артқан.
Халықтың нақты табысы артып, тұтынушылық несие көлемі көбейді. Бұл – сауда секторының тұрақты өсуінің негізгі себебі, – деп түсіндіреді сарапшы.
Көлік: өндіріс пен сауданың көрінісі
Тасымал және қоймалау қызметтері 22,4%-ға артты. Теміржол мен құбыр көлігі басты рөл атқаруда.
Экономиканың жандануымен бірге жүк тасымалына сұраныс та өсіп келеді. Бұл әсіресе құрылыс және тұтыну тауарлары нарығында айқын байқалады, – дейді Есенгазиев.
Байланыс: интернет пен мобильді қызмет алда
Байланыс секторының өсімі – 2,6%. Негізінен интернет және мобильді қызметтер үлесі жоғары.
Телеком инфрақұрылымын дамытпай, бұл саланы жылдамдата алмаймыз. Халыққа жоғары жылдамдықты, қолжетімді интернет қажет, – деп атап өтті сарапшы.
Инвестициялар: мемлекеттің белсенділігі жоғары
Негізгі капиталға инвестициялар көлемі 13,7%-ға артқан. Бұл өсімнің басты көзі – мемлекеттік бюджет.
Бүгінде "Комфортты мектеп" жобасы мен "Тариф орнына инвестиция" бағдарламасы арқылы инфрақұрылым кең көлемде жаңартылуда. Дегенмен, жеке сектор тарапынан инвестицияны арттыру қажет. Ол үшін бизнесті қолдау, инфляцияны тұрақтандыру сияқты шаралар маңызды, – дейді сарапшы.
Сарапшының айтуынша, Қазақстан экономикасы тұрақты өсім траекториясында. Бірақ сыртқы факторларға тәуелділікті азайту үшін ішкі резервтер мен бизнес белсенділігін арттыру маңызды.
Қазір біз өсіп келе жатқан экономика кезеңіндеміз. Бірақ бұл қарқынды сақтау үшін жүйелі жұмыс пен жеке инвестицияны ынталандыру қажет, – деп қорытындылады Рамазан Есенгазиев.