Мұнай мен газдың үстінде отырып, өзге елдердің соңында тезек теріп қалдық – Қазыбек Иса

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдады. Депутат әділетсіз жасалған кен орындары келісімдерін заңсыз екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол «Ақ жол» партиясы билік ойларына келгенін істеген 30 жылдағы мұнай-газ, яғни стратегиялық кен орындарымен жасалған құпия келісімшарттарды қайта қарауды, халыққа тиімсіз, әділетсіз келісімдерді тоқтатуды талайдан бері көтеріп келе жатқанын жеткізді.

Шетелдіктермен кен орындары жайлы жасасқан Өнімді бөлу келісімдерін (ӨБК) ашық жариялау керек. Стратегиялық кен орындарындағы еліміз үлесі 51%-дан аз болмауын заңмен бекіту керек. Біз халқымызға қатысты әділетсіз болған жағдайда, Өнімді бөлу келісімдерін заңсыз деп тану керек, - деді Қазыбек Иса.

Оның айтуныша, Өнімді бөлу туралы келісім елдің емес, инвестордың мүддесі мен пайдасын қорғайды. Дамыған елдерде мұндай келісім жасалмайды. Мысалы, БАҚ мәліметінше, мемлекетке Қашағандағы мұнай мұхитынан тиетіні тамшыдай ғана 2 пайыз.

Ал Қашаған Қазақстанда өндірілетін бүкіл мұнайдың 20 пайызын береді. Осы орасан мұнай кенішінен бізге түсетін пайда жоқтың қасы болса, бұл жерде ешқандай да инвестордың елге тигізер игілігі жоқ. Бұл-шетелдік инвестор мен сол кездегі президент Назарбаев үшін зор келісім болған шығар, халық үшін қор келісім болды. Біз осы қорлыққа 30 жылға жуық төзіп келеміз, - деп айтты депутат өз сөзінде.

Иса атап өткендей, Конституцияға сәйкес, Қазақстанда халықаралық шарттар парламент оларды ратификациялаған жағдайда ғана ұлттық заңнамадан үстем бола алады.

Ал Өнімді бөлісу келісімі Парламентте талқыланбаған және ратификацияланбаған, сондықтан олар біздің заңдарымыз бен Конституциямызға бағынуы тиіс. Біз Үкіметке құпия келісім (ӨБК) шарттарын жариялауды талап етіп, екі рет депутаттық сауал жолдадық. Әлихан Смайылов мырза, өзіңіз бастап, Үкімет екеуінде де бас тартты. Қара алтынымыз, мұнайымыз – экономикалық қан тамырымыз. Қанымызды кімдер қалай сорып жатқанын білуге қақымыз бар ма, жоқ па? Халықтан жасырып, халық байлығын шетелге асырып отырғандардың атын білуге халықтың толық қақысы бар, - дейді Қазыбек Иса депутаттық сауалында.

Қазақстанда Дүниежүзілік Банктің зерттеуінше, сирек кездесетін асыл қазыналар жатқан 5 мың кеніштің құны 46 триллион доллардан асады.

Ал осы алтын қазынаның үстінде жалаңаяқ отырған елде балаларына сүт сатып әпере алмай отырғандар аз емес. Мұнайына ие болғандар құдайына бағынғысы келмей жатқан заманда біз мұнай мен газдың үстінде тезек жағып отырып, өзге елдердің соңында тезек теріп қалдық. Халық түбегейлі өзгерісті, Әділетті Қазақстанды ертең емес - бүгін, қағаз жүзінде емес - өмірде көргісі келеді, - деп депутат өз ұсыныстарын жолдады.

Ұсыныстар:

  1. Барлық әділетсіз жасалған кен орындары келісімдерін заңсыз деп санаймыз. Оларға түгел аудит жасалуы тиіс.
  2. Алдағы уақытта жер қойнауын пайдалану келісімшарттарында қоғам үшін жабық баптар мен нормаларды қолдануға тыйым салуды талап етеміз.
  3. Конституция нормасына сай стратегиялық кен орындардағы Қазақстанның үлесін 51%-дан аз болмауын заңмен белгілеуді ұсынамыз.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы