Мұнай-газ жобаларында жергілікті қамту үлесі неге аз?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚМЖО Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг компаниясы ұйымдастырған жергілікті қамтуды дамыту форумының жұмысына қатысты. Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасында жергілікті қамтуды дамыту бойынша өткен онлайн-форумда мұнай-газ жобаларында жергілікті қамту үлесі неге аз екені, салада қандай мәселелерге назар керегі айтылды.

Форумда энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Карашығанақты кеңейту жобасы, сондай-ақ, Теңізде және Қашағандағы кен орындарын игеру арқылы отандық бизнес өкілдері тәжірибе жинайтынын атап өтті.

Сондай-ақ ол тауарлардағы қазақстандық қамтудың үлесі төмен екенін атап өтіп (2021 жылғы жедел деректер бойынша – 10,08%), Қарашығанақ Петролиум Оперейтингтен (ҚПО) осы жағдайға назар аударуды сұрады.

Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев ҚПО сатып алған тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі қазақстандық қамту үлесінің артып келе жатқанын жеткізді.

Оның айтуынша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша ол 59% немесе 586 млн долларға жеткен. Алайда тауарлардағы жергілікті қамту үлесі – небәрі 16,2%.

Осыған байланысты ол жергілікті қамту үлесін арттыруға мүмкіндік бермейтін бірқатар мәселеге тоқталды:

-отандық тауар өндірушілерге біліктілік алды іріктеуден өту кезінде қойылатын жоғары талаптар, бұл ASME, API, ASNT және ANSI халықаралық стандарттарының ережелерін білу және еуропа елдерінен немесе АҚШ-тан шикізат материалын міндетті түрде пайдалану;

-халықаралық стандарттарға сәйкестікті сертификаттаудан өту рәсімдерінің қымбаттығы (шамамен $250 мың), халықаралық сертификаттарды алуға қарамастан, өнімді сатып алуға кепілдіктердің болмауы;

-жұмыстарды/қызметтерді орындау кезінде мердігердің Қазақстанда шығарылған тауарларды қолдануына Тапсырыс беруші тарапынан тиісті бақылаудың болмауы;

- конкурстың (тендердің) қорытындыларын шығару кезінде отандық тауар өндірушілердің өтінімдерін қабылдамау себептерінің толық ашылмауы.

Сонымен қатар Мейрам Пішембаев мұнай-газ жобаларында қазақстандық машина жасау өнімінің үлесін арттыру керегін атап өтті.

Қазақстандық машина жасау үлесін ұлғайтуда мұнай-газ машина жасау өнімінің әлеуеті зор.

Бұл бағытта ҚМЖО бастамасымен құрылған Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы маңызды рөл атқаруға тиіс. Орталық мақсаты – өндірістерді локализациялауды арттыру және машина жасау өнімдерінің жаңа түрлерін игеру арқылы кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру, - деді Президентінің штаттан тыс кеңесшісі.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы