Бүгiн 2026, 17:32 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Мұнай-газ саласында жергілікті қамту үлесі 65%-ға жетті – Энергетика министрлігі

Қазақстан мұнай-газ саласында жергілікті қамтуды күшейтіп жатыр: миллиардтаған келісімшарт жасалды. Бірақ көрсеткіштер барлық компанияда бірдей емес.

Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров Мәжілістегі тақырыптық отырыста өнеркәсіптік әлеуетті нығайту, отандық өндірісті қолдау және жергілікті қамтуды дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ірі мұнай-газ жобаларында елішілік құндылықты дамыту жүйесін тиімді іске асыру мақсатында North Caspian Operating Company (НКОК), Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В. және Теңізшевройл компанияларымен бірлесіп жергілікті қамтуды арттыру бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілді, - деді вице-министр отырыста.

2025 жылғы бірлескен жұмыстың нәтижелері:

  • Қазақстандық тауар өндірушілерді қолдауға арналған тендерлік процедураларға өзгерістер енгізу;
  • Тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылық үлесін арттыруға арналған бағдарламаларды бекіту;
  • Қазақстандық компаниялармен жалпы 35,8 млрд теңге сомасына ұзақ мерзімді шарттар жасау;
  • Мұнай-газ машина жасау форумы нәтижесінде 443,8 млн АҚШ доллары көлемінде 33 келісімшарт және 12 ынтымақтастық меморандумы қол қойылды.

Вице-министр сондай-ақ 2025 жылдың қорытындысына сәйкес жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу көлемін айтты. Жалпы сатып алу көлемі 4,664 трлн теңгені құрап, оның 3,037 трлн теңгесі немесе 65,1%-ы елішілік құндылыққа тиесілі болды. Үш ірі оператордың (ТШО, ҚПО, НКОК) жергілікті қамтудағы үлесі 60,8%-ды құрады.

Нысаналы көрсеткіштер бойынша жетістіктер:

  • НКОК: тауарларда 17,2% (2024 – 15,5%), жұмыстарда 81,2% (2024 – 74%), қызметтерде 72,5% (2024 – 53,4%) өсу;
  • ҚПО: тауарлар – 18,2%, жұмыстар – 61,6% (шамамен 5% төмендеу), қызметтер – 88% (4% өсу);
  • ТШО: тауарлар – 15,1% (2024 – 6,2%), жұмыстар – 76,7% (1,4% өсу), қызметтер – 49,5% (2024 – 37,3%).

Вице-министр операторларға жыл соңына дейін жергілікті қамту үлесін ұлғайтуды және бекітілген даму бағдарламалары шеңберінде нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз ету қажеттігін ескертті.

Еске сала кетейік, "Теңізшевройл" ЖШС бас директоры Билли Лакоби Мәжілісте өткен тақырыптық отырыста компанияның кадрлық саясаты, әлеуметтік жобалары және қазақстандық қамту көрсеткіштері туралы баяндады. Сөзінше, мұнай компаниясында мамандардың 96%-ы – қазақстандықтар.