Бүгiн 2026, 10:25 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

"Мұнай – біздің бағымыз да, сорымыз да": Депутат заңдағы үлкен олқылықты айтты

Депутаттар мұнай компанияларын тексерудегі заңдағы олқылықтар экологиялық жауапкершіліктен жалтаруға мүмкіндік беріп отырғанын айтты

Мәжілісте экологиялық мәселелер жөніндегі заң жобасын талқылау кезінде депутат Абзал Құспан мұнай компанияларын тексеруге қатысты заңдағы қайшылықтар мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол заң жобасының авторы, депутат Еділ Жаңбыршинге сұрақ қойып, қазіргі Экологиялық кодекс пен Кәсіпкерлік кодекс арасындағы қарама-қайшылықтар экологиялық зиян келтірген компаниялардың жауапкершіліктен жалтаруына себеп болып отырғанын айтты.

Мұнай – біздің бағымыз да, сорымыз да. Бүкіл Қазақстанды асырап отырған сала. Бірақ батыс өңірінің халқы осы мұнайдың зардабын тартып отыр, - деді Абзал Құспан.

Депутаттың айтуынша, 2015 жылы қабылданған Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, кәсіпкерлік субъектілерін тексеру алдында бір ай бұрын ескерту беру нормасы енгізілген.

Оның сөзінше, бұл талап экологиялық заңбұзушылықтарды анықтау мен жауапкершілікке тартуға кедергі келтіріп отыр.

Абзал Құспан мысал ретінде Маңғыстау облысы өңіріндегі жағдайды келтірді.

Депутаттың мәліметінше, Каспий теңізіне мұнай қалдықтарын төккені үшін компанияға 32 млрд теңге айыппұл салынған. Бірінші және апелляциялық сот инстанциялары бұл шешімді заңды деп таныған.

Алайда кейін Жоғарғы сот тексеру алдында бір ай бұрын ескерту берілмегенін негізге алып, барлық шешімді бұзған.

Мұндай жағдай соңғы он жылда тұрақты қайталанып келеді, – деді депутат.

Өз кезегінде Еділ Жаңбыршин бұл мәселенің тек мұнай-газ саласына емес, барлық бірінші және екінші санаттағы қауіпті өндіріс нысандарына қатысты екенін айтты.

Оның сөзінше, қазір депутаттар экологиялық бақылау мәселесін Кәсіпкерлік кодекстен алып, толықтай Экологиялық кодекс аясында реттеуді ұсынып отыр.

Қазір жоспардан тыс тексеру кезінде прокуратурада тіркелу керек, уақыт кетеді. Сол аралықта компаниялар заңбұзушылық іздерін жасырып үлгеруі мүмкін немесе улы газды жел алып кетеді. Кейін оны дәлелдеу қиын болады, – деді Жаңбыршин.

Депутаттың айтуынша, осыған байланысты экологиялық бақылауды күшейтетін жаңа норма ұсынылған.

Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша Үкіметпен бірлескен жұмыс жүріп жатыр. Еділ Жаңбыршиннің сөзінше, мәселені екінші оқылымға дейін толық шешу жоспарланып отыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда экологияны ластаған кәсіпорындарға талап күшейтіледі.