Мұнай бағасының құлдырауы, бюджет тапшылығы, жоғары мөлшерлеме: 2026 жылы теңгені не күтіп тұр?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Сонымен қатар базалық мөлшерлеме рекордтық жоғары деңгейде, яғни 18 пайыз болып отыр. Ұлттық банкте оның кем дегенде 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін сақталуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Сыртқы факторлардың қатарында әлемдік мұнай бағасының төмендеуі бар. Бұл үрдіс экспорт көлемінің қысқаруына әкеліп отыр. Қазақстан экономикасының шикізат кірісіне тәуелді екенін ескерсек, сыртқы жағдайлармен қатар ішкі экономикалық өзгерістер де 2026 жылы теңге бағамына әсер етуі мүмкін.

Осы мәселеге байланысты BAQ.KZ сарапшылармен сөйлесті. Экономистер 2026 жылы теңге бағамы қалай қалыптасуы мүмкін екеніне қатысты өз болжамдарын ортаға салды.

"ҚҚС көтерілсе де, бюджет бәрібір тапшылықта болады"

Экономист, R-Finance компаниясының қаржылық кеңесшісі Арман Байғановтың айтуынша, қазіргі таңда ұлттық валютаның бағамы негізінен жоғары базалық мөлшерлеменің есебінен ұсталып тұр. Егер мөлшерлеме төмендетілсе, инфляция одан әрі үдей түсуі мүмкін. 2025 жылдың қараша айында елдегі жылдық инфляция деңгейі 12,4 пайызды құрады.

Сарапшының пікірінше, салық реформасы да теңге бағамына айтарлықтай ықпал етеді. Себебі жаңа өзгерістер нәтижесінде бизнестің әлдеқайда кең бөлігі салық салу аясына ілігеді.

Бұл қадам іскерлік белсенділіктің төмендеуіне алып келуі мүмкін. Оның айтуынша, жылдың бірінші жартыжылдығында нарық белгілі бір «шокты» сезінуі ықтимал, алайда кейін бизнес жаңа жағдайға біртіндеп бейімделе бастайды.

Барлығы сол ҚҚС-тың көтерілуіне келіп тіреледі. Менің білуімше, келесі жылға арналған бюджет тапшылықпен жоспарланып отыр, әрі бұл шаралар бюджетке айтарлықтай күшейту әкелмейді. ҚҚС өсірілген күннің өзінде, бюджет бәрібір тапшылықта қалады, – дейді Арман Байғанов.

Мұнай бағасы өспейді. Ол әлемде "қара алтынға" сұраныстың төмендеуіне байланысты қысым астында қала береді. Бұл факторлар кірістердің азаюы арқылы әсер етеді. Алдыңғы жылдары Қазақстанның табыс бөлігін негізінен мұнай мен мұнай өнімдерін сату қамтамасыз етіп келді. Биыл мұнай бағасы өткен жылмен салыстырғанда 10–15 пайызға төмендегенін ескерсек, алдағы уақытта оның айтарлықтай қымбаттай қоюы екіталай. Демек, бұл жағдай табыстың қысқаруына ықпал етеді, – деді сарапшы.

Оның пікірінше, сыртқы факторлар теңгеге әрі оң, әрі теріс әсер етуі мүмкін.

Геосаяси жағдайлардың белгілі бір шешіміне келу ықтималдығы жоғары. Мәселен, Ресей мен Украина арасындағы соғыс аяқталуы мүмкін. Мұндай сценарий ұлттық валютамызға оң ықпал етуі ықтимал. Соғыс аяқталған жағдайда рубльдің әлсіреуі де тоқтауы мүмкін, – дейді сарапшы.

Жалпы алғанда, оның айтуынша, 2026 жылы теңге бағамы 2025 жылғыдай осы шамада қозғалу ықтималдығы жоғары.

Бізде былтыр 10–15 пайызға әлсіреу болды. Биыл да ұлттық валюта бір жыл ішінде шамамен тағы 10 пайызға дейін әлсіреуі мүмкін, яғни осы аралықта, – деді Арман Байғанов.

Импорт экспорттан жылдам өсіп жатыр

Қаржы аналитигі Андрей Чеботаревтің айтуынша, теңге бағамына әсер етуде сыртқы факторларға қарағанда ішкі факторлар басым. Сарапшының сөзінше, импорт экспорттан жылдамырақ өсіп тұрған жағдайда теңге қысым астында қала береді, өйткені валютаға деген сұраныс оның ұсынысынан асып түседі.

Бағам дегеніміз – ел ішіндегі сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі. Былайша айтқанда, бір жағында экспорттаушылар, екінші жағында импорттаушылар бар. Экспорттаушылар тауарын шетелге шығарып, валюта табады да, оны ішкі нарыққа әкеледі. Ал импорттаушылар керісінше, шетелден тауар сатып алу үшін валюта сатып алып, оны елден шығарады. Импорттың өсу қарқыны экспорттан жоғары болып тұрған кезде бағам әлсірей береді: валютаға сұраныс оның ұсынысынан көп болады. Яғни елге әкелінетін валютадан гөрі, сатып алғысы келетіндер көп. Бұл үрдіс төлем балансына тікелей байланысты: егер елге келетін валюта көлемі сыртқа шығатын валютадан аз болса, бұл теңге бағамына тікелей әсер етеді, – деп түсіндірді сарапшы.

Оның айтуынша, базалық мөлшерлеменің төмендеуі шетелдік алыпсатар инвесторлардың, яғни carry-trader деп аталатын ойыншылардың елден кетуіне алып келуі мүмкін. Себебі теңгемен ұсынылатын қаржы құралдарының табыстылығы азайса, олар үшін теңгедегі позицияларды ұстап тұру тиімсіз бола бастайды да, инвесторлар бұл активтерден шығады. Мұндай жағдайда, сарапшы атап өткендей, валюта бағамы бағытын өзгертіп, кері қозғалысқа түсуі ықтимал.

Сондай-ақ оның сөзінше, сыртқы факторлар ішінде басты қауіп – қазақстандық мұнайға және басқа да экспорттық тауарларға әлемдік сұраныстың төмендеуі болып отыр.

Сыртқы факторлардың ықпалы

Экономист Расул Рысмамбетов 2026 жылы теңге бағамына әсер ететін негізгі сыртқы факторлардың бірі – АҚШ Федералды резерв жүйесінің саясаты екенін атап өтті. Оның айтуынша, егер АҚШ-та инфляция америкалық билік мәлімдеп отырғандай шамамен 2,7% деңгейінде тұрақтаса, ал келесі жылы одан әрі төмендей бастаса, ФРЖ базалық мөлшерлемені кезең-кезеңімен төмендетуі мүмкін.

Сарапшының сөзінше, қазіргі параметрлерге сүйенсек, кемінде алдағы алты айда базалық мөлшерлеме 18% деңгейінде сақталуы ықтимал. Сонымен қатар оны қайта көтеру нұсқасы да жоққа шығарылмайды.

Рысмамбетовтің пікірінше, мұндай саясат теңгені қолдап отырады: базалық мөлшерлеме жоғары деңгейде сақталған жағдайда ұлттық валюта долларына қатысты айтарлықтай тұрақты болып, шамамен қазіргі деңгейлер маңында қалуы мүмкін.

Теңге долларына қатысты жеткілікті түрде тұрақты әрі салыстырмалы түрде берік болады деп ойлаймын. Жалпы алғанда, қазіргі деңгейлерге жақын шамада сақталады, – дейді сарапшы.

Егер қандай да бір өзгерістер болса, олар, ең алдымен, базалық мөлшерлеменің төмендеуі арқылы іске асуы мүмкін. Бұл процесс бір мезгілде емес, кезең-кезеңімен жүруі ықтимал. Бұл дегеніміз алдымен АҚШ Федералды резерв жүйесінің мөлшерлемесі төмендеп, содан кейін ғана бизнеске несиені қолжетімді ету мақсатында ішкі мөлшерлеме қайта қаралуы мүмкін, – дейді экономист.

Оның айтуынша, теңге бағамына қатысты болжам жасағанда мұнай бағасының динамикасын да міндетті түрде ескеру қажет. Сарапшы кем дегенде наурыз айына дейін мұнайдың әлемдік бағасының айтарлықтай төмендеуін күтпейтінін айтады. Себебі жекелеген болжамдарға, соның ішінде Дүниежүзілік банк тарапынан айтылған пікірлерге қарамастан, мұнай бағасы әдетте күрт әрі тез арзандай қоймайды.

Сонымен қатар сарапшы мынаны ескертті: егер мұнай бағасы төмендей бастаса, бұл теңгеге қысым түсіреді. Бұл қысым аса ауыр болмауы мүмкін, дегенмен валюталық нарық үшін жеткілікті дәрежеде сезілетін факторға айналуы ықтимал.

Сарапшы сондай-ақ 1 сәуірден бастап тарифтерді уақытша тоқтату жөніндегі мораторий аяқталатынына назар аударады. Осыған байланысты сәуір айының өзінде-ақ инфляцияның біршама жеделдеуі мүмкін.

Бұдан бөлек, ол сыртқы факторлардың қатарында Ресей нарығын да атап өтті. Экономистің айтуынша, Қазақстан белгілі бір деңгейде инфляцияны әсіресе азық-түлік арқылы Ресейден "импорттайды". Бұл жағдай ел ішіндегі ахуалға да, теңге бағамына да әсер етпей қоймайды.

Валюталық бағамды дәл болжау мүмкін емес. Тек шамамен бағыт-бағдар ғана көрсетуге болады. Мысалы, бірінші жартыжылдықта доллардың бағамы 520–550 теңге аралығындағы дәлізде болуы ықтимал, – деді сарапшы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ коллажы
Өзгелердің жаңалығы