Мұнай бағасы шілде айын өсіммен аяқтады: 1 тамыздағы Brent пен WTI құны қанша?
Шілде айының қорытындысында Brent шамамен 24%-ға, ал WTI 21%-ға өсті.
Әлемдік мұнай бағасы жұма күнгі сауда қорытындысы бойынша 1%-дан астам өсіп, наурыз айынан бергі ең жоғары айлық көрсеткішке жетті. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Сауда қорытындысы бойынша Brent маркалы мұнайдың бағасы 1,3%-ға өсіп, бір баррелі 90,12 АҚШ долларына жетті. Ал америкалық WTI маркалы мұнай 1,5%-ға қымбаттап, бір баррелі 84,67 долларды құрады.
Шілде айының қорытындысында Brent шамамен 24%-ға, ал WTI 21%-ға өсті.
Reuters мәліметінше, мұнай бағасының өсуіне Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің сақталуы және маңызды теңіз бағыттары арқылы мұнай жеткізіліміне қатысты қауіптер ықпал еткен. Бұған қоса, АҚШ-тағы мұнай қорының 2018 жылдан бергі ең төменгі деңгейге дейін азаюы және өндіріс көлемінің қысқаруы да нарыққа қолдау көрсеткен.
Сонымен бірге сарапшылар мұнай нарығындағы құбылмалылықтың әлі де жоғары екенін айтады. Инвесторлар Қызыл теңіз бен Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына қатысты ахуалды және әлемдік мұнайға сұраныстың даму перспективасын жіті бақылауда.
Reuters сауалнамасына қатысқан сарапшылардың болжамынша, 2026 жылы Brent мұнайының орташа бағасы бір баррель үшін 85,22 АҚШ долларын құрауы мүмкін. Бұл бұған дейінгі болжамнан жоғары көрсеткіш.