Мұнай бағасы, қарыз және ұлттық қор: Қазақстанды алда қандай таңдау күтіп тұр?
Әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендеу үрдісі байқалып отыр. Осыған байланысты «Самұрық-Қазына» тобының бюджетке төлейтін салықтары да азаюы мүмкін деген алаңдаушылық бар. Бұл жағдай Қазақстан экономикасына, мұнай өндіру көлеміне және мемлекеттік қаржы саясатына қалай әсер етеді? BAQ.KZ тілшісі саралап көрді.
Мұнай бағасы неге күрт құлдырамайды?
"NAC Analytica" ҚҚ басқарма төрағасы, экономист, қаржыгер Расул Рысмамбетовтің айтуынша, мұнай нарығында тек қысқа мерзімді болжам жасауға болады. Қазір cолтүстік жарты шарда қыс мезгілі жүріп жатқандықтан, мұнай бағасының күрт төмендеуін күту қисынсыз.
Қоймаларда артық қор жиналса да, бәрібір ірі ойыншылар мұнайдың жағында. Ал әлемдегі негізгі ірі ойыншылар — мұнай компанияларының өзі. Сондықтан олар бағаны әрдайым ұстап тұруға тырысады, - дейді ол.
Экономистің пікірінше, бағаны реттеу үшін ірі мұнай компанияларына ОПЕК-тің өзі аса қажет емес. Осы факторлардың барлығын ескере отырып, ол мұнай бағасы орташа жылдық есеппен 60 доллардан төмен түспейді деп санайды. Оның үстіне, келесі жылы да осы деңгей сақталуы ықтимал.
"Самұрық-Қазына" салықтары азайса, бюджетке соққы бола ма?
Сарапшы "Самұрық-Қазына" тобы – ірі салық төлеуші екенін жоққа шығармайды. Алайда оның рөлі тек бюджетке салық төлеумен шектелмейді.
“Самұрық-Қазынаның” басты міндеті – тек салық емес, ең алдымен өнеркәсіпті дамыту, компанияларды дамыту деп ойлаймын. Бұл топқа кіретін компаниялар Қазақстанның барлық өңірінде дерлік жұмыс істеп отыр, – дейді Расул Рысмамбетов.
Осы себепті ол қазіргі жағдайда бюджет тапшылығының күрт тереңдей түсетінін күтпейді. Оның айтуынша, мемлекеттің қолында Ұлттық қор да, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры да бар, қажет болған жағдайда солар арқылы тапшылықты жабуға мүмкіндік жеткілікті. Сонымен қатар сарапшы мемлекеттік шығыстарды оңтайландыру әлдеқайда маңызды екенін атап өтті.
Мұнай өндіру мен инвестицияларға әсері қандай?
Мұнай бағасының төмендеуі Қазақстандағы өндіру көлеміне әсер етуі үшін белгілі бір шарттар қажет.
Ол үшін мұнай бағасы 60 доллардан төмен түсіп, кемінде екі тоқсан бойы сол деңгейде сақталуы керек. Бұл – екіталай жағдай, – дейді экономист.
Сондықтан оның пікірінше, ірі кен орындарындағы өндіріс көлемі сақталады. Дегенмен, мұнай компаниялары шығындарын оңтайландыруды ұмытпауға тиіс: бұл сала үшін қалыпты тәжірибе.
Расул Рысмамбетов мұнай өндіруді арттыруға бағытталған технологияларға инвестиция салудың маңызын да атап өтті. Су айдау, полимер айдау сияқты әдістерді енгізу – алдағы жылдары өзектілігін жоғалтпайды.
Алдағы кемінде бес жылда мұнай бюджетіміздің негізгі демеушісі болып қала береді, – дейді ол.
Ұлттық қорға қайта жүгіну қаупі бар ма?
Сарапшының айтуынша, қазір Ұлттық қорға жүгіну – ерекше қауіп немесе күтпеген жағдай емес.
Егер қаржы жетпей жатса, міндетті түрде Ұлттық қорға жүгінеді. Бұл бұрын да болған. Бұл – жақсы да емес, жаман да емес, бұл – шынайы жағдай. Бұған енді үйрену керек, – деді ол.
Оның пікірінше, ел қазір қайта қарулану, жөндеу жұмыстары мен жол құрылысы кезеңінде тұр. Сондықтан келесі жылы да Ұлттық қордан қаражат алынуы мүмкін. Кепілдендірілген трансферт сақталады, ал мақсатты трансфертке келгенде, шығындарды мұқият қарап, оңтайландыру қажет.
Мақсатты трансфертті келесі жылы мүлде алмауға тырысып көруіміз де мүмкін. Бірақ мұнда ерекше тұстар көп. Қалай болғанда да, кепілдендірілген трансферт көлемін арттыруымыз мүмкін, – деп түйіндеді Расул Рысмамбетов.
Экономистің айтуынша, бұл мәселелердің нақты қалай шешілетіні шамамен сәуір айында белгілі болады.
Мұнай бағасы және бюджетке қысым
Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов келесі жылға қатысты мұнай бағасының төмендеу ықтималдығын да атап өтті. Жетекші агенттіктер мен инвестициялық банктердің болжамы бойынша, орташа жылдық баға барреліне 60 доллардан төмен болуы мүмкін.
Баға шамамен 50–70 доллар аралығында құбылады. Бұл, әрине, бюджетке теріс әсер етеді. Қалай дегенмен де, мұнай саласы – бюджетке түсетін кірістің негізгі драйвері, Ұлттық қорға түсетін түсімнің 99 пайызы осы секторға тиесілі, – дейді сарапшы.
Бұл тәуелділік сақталып отырған жағдайда, мұнай нарығындағы кез келген тербеліс мемлекеттік қаржыға тікелей ықпал етеді.
Ашықтық мәселесі және халықаралық стандарттар
Сарапшының пікірінше, бүгінде Ұлттық қорға ерекше назар аударылып отыр. Себебі инвестициялық табыстың жартысы жас қазақстандық балаларға бөлінеді. Осыған байланысты қорды басқару жүйесі барынша ашық болуға тиіс.
Қазіргі таңда Ұлттық қор аясында нақты қандай қаражат қайда және қалай инвестицияланып жатқанын көпшілік толық білмейді. Ал шын мәнінде бұл да мемлекеттік бюджет сияқты, оның да ақпараты ашық болуы қажет, – дейді Олжас Байділдинов.
Оның айтуынша, қазіргі құрылымымен Ұлттық қорды халықаралық стандарттарға сай, кәсіби басқарылатын дербес қор деп атау қиын. Себебі қордың негізгі портфелі АҚШ пен басқа елдердің мемлекеттік облигацияларынан тұрады. Бұл – табыстылығы төмен, кей кезеңдерде өтімділігі де шектеулі активтер.
Қарыз алу – уақытша шешім
Сарапшы Ұлттық қордан бөлек, Үкіметтің тағы бір тұрақтандыру құралы бар екенін еске салады. Бұл – ішкі және сыртқы нарықтан алынатын қарыздар. Оның көлемі де жылына шамамен 10 миллиард долларды құрайды.
Бюджет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер мен қарыз алу есебінен теңестіріліп отыр. Бірақ бұл ұзаққа созыла алмайды. Ұлттық қордың өтімді бөлігі шектеулі, ал дағдарыс кезінде облигациялар мен акцияларды тез арада қолма-қол ақшаға айналдыру оңай емес, – дейді ол.
Сондықтан сарапшының пайымдауынша, Ұлттық қорды басқаруға қатысты нақты әрі айқын тұжырымдама қажет. Ол ашық болуы, сарапшылар мен Парламенттің қатысуымен әзірленуге тиіс. Қазіргі жағдайда қор "жабық құрылым" күйінде қалып отыр.
Алтын, байлық және әлемдік қаржы теңгерімі
Сонымен қоса Олжас Байділдинов жаһандық үрдістерге де тоқталады. Оның айтуынша, алтын мен металдардың қымбаттауы – кездейсоқ құбылыс емес.
Алтын бағас өсіп жатыр, жалпы металдардың бәрі қымбаттауда. Тіпті бір унциясы 10 мың долларға жетуі мүмкін деген болжамдар да бар. Мұны әзірге нақты айту қиын, бірақ бір нәрсе анық: әлемде ақша бұрынғыдай шешуші рөл атқармай барады, – дейді сарапшы.
Ол Илон Масктің байлығы 750 миллиард долларға жуықтап, оның алғашқы триллионер атануы мүмкін екенін мысалға келтірді. Роботтандыру мен жаңа технологиялардың дамуы болашақта ақшаның рөлін әлсіретіп, энергия сияқты ресурстардың маңызын арттыруы ықтимал.
Жалпы алғанда, сарапшылар пікірі Қазақстан экономикасының әлі де мұнай факторына қатты тәуелді екенін көрсетеді. Мұнай бағасының күрт құлдырауы күтілмегенімен, бюджет тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Ұлттық қор мен қарыз алу тетіктеріне сүйену үрдісі сақталып отыр. Бұл – уақытша шешім.
Бір жағынан, Ұлттық қор бүгінгі таңда экономиканы теңгеріп тұрған негізгі құралға айналды. Екінші жағынан, оны басқару жүйесінің жабықтығы, инвестиция құрылымының шектеулілігі және трансферттерге тәуелділік ұзақ мерзімді тәуекелдерді күшейтеді. Мұнай-газ саласы әлі де бюджет үшін басты тірек болғанымен, жаһандық қаржы жүйесіндегі өзгерістер мен шикізат нарығындағы құбылмалылық жаңа көзқарасты талап етеді.
Сондықтан алдағы кезеңде Ұлттық қордың рөлін қайта ойластырып, оны басқаруда ашықтықты арттыру, шығысты оңтайландыру және экономиканы әртараптандыру мәселелері күн тәртібінен түспек емес. Бұл шешімдер Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы үшін шешуші мәнге ие болады.