Мұнай бағасы АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіске байланысты өсуде

Әлемдік нарықтағы мұнай бағасы АҚШ пен Иран арасындағы ядролық келіссөздер төңірегіндегі шиеленістің төмендемеуі аясында шамамен 2%-ға көтерілді. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сарапшылар сонымен қатар әлемдегі екі ірі мұнай қоймасында қорының қысқарғанын атап отыр.

Brent маркалы шикі мұнай фьючерстері барреліне 1,41 долларға немесе 2,1%-ға өсіп, 70,21 долларға жеткен. West Texas Intermediate (WTI) маркалы мұнай 1,36 долларға немесе 2,1%-ға қымбаттап, 65,31 долларға дейін көтерілген.

UBS талдаушысы Джованни Стоуновоның айтуынша, "Таяу Шығыстағы шиеленіс бағаларды ұстап тұр, дегенмен жеткізілімде әлі де ақаулар жоқ". Сарапшы ARA (Антверпен – Роттердам – Амстердам) аймағы мен БАӘ-дегі Фуджейра портында мұнай қорларының қысқарғанын, бұл нарықтағы шиеленісті күшейтіп отырғанын атап өтті.

Еске салсақ, 6 ақпанда Оманда Иран мен АҚШ жанама келіссөздер бастады. АҚШ делегациясын арнайы өкіл Стивен Уиткофф басқарды. Тараптар ядролық бағдарлама, Иранның зымыран арсеналы және Таяу Шығыстағы прокси-күштерді қолдау мәселелерін талқылауда.

Иран өз кезегінде санкцияларды алып тастаудың орнына ядролық келісімді қайта бастауға дайын екенін мәлімдеді. Иран СІМ басшысы Аббас Арагчи елдің уранды бейбіт мақсатта байытатынын және "нөлдік байыту" саясатын қабылдаудан бас тартатынын айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы