6 Қараша 2026, 08:55 Фото: pixabay

Мұнай бағасы апта қорытындысы бойынша күрт арзандауы мүмкін

Brent маркалы мұнай бағасы бір аптада шамамен 12%-ға төмендеуі ықтимал.

Әлемдік мұнай бағасы осы аптаны соңғы уақыттағы ең ірі құлдыраумен аяқтауы мүмкін. Бұған АҚШ-тағы аралық сайлау нәтижелерінен кейін Иран төңірегіндегі шиеленістің бәсеңдеуіне қатысты үміт әсер еткен. Алайда Таяу Шығыстан мұнай жеткізіліміне төнген қауіп бағаның одан әрі төмендеуіне кедергі болып отыр.

Бұл туралы BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қаңтар айында жеткізілетін Brent маркалы мұнай фьючерстері 1,57 долларға немесе 1,6%-ға қымбаттап, барреліне 99,86 долларды құрады. Ал америкалық WTI маркалы мұнайдың бағасы 1,10 долларға немесе 1,22%-ға өсіп, 91,62 долларға жетті. Екі марканың да бағасы қатарынан екінші сауда сессиясында көтеріліп отыр.

Соған қарамастан, апта қорытындысы бойынша Brent мұнайының бағасы шамамен 12%-ға, ал WTI 12,1%-ға арзандауы мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, нарыққа негізгі қысымды АҚШ-та сейсенбі күні өткен аралық сайлау нәтижелері түсірген. Демократиялық партия Конгрестің екі палатасында да басымдыққа ие болды. Инвесторлар бұл нәтижені АҚШ пен Израильдің Иранмен тоғыз айдан бері жалғасып келе жатқан қақтығысының бәсеңдеуіне ықпал етуі мүмкін фактор ретінде бағалады.

Осы жаңалықтардан кейін сәрсенбіде мұнай бағасы 8%-ға құлдырап, соңғы екі айдағы ең төменгі деңгейге жетті.

Алайда Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазындағы жаңа оқиғалар мұнай бағасының одан әрі төмендеуін тежеді. Сәрсенбі және бейсенбі күндері танкерлерге жасалған шабуылдар жиілеп, Таяу Шығыстан мұнай жеткізіліміне қатысты алаңдаушылықты күшейтті.

Ормуз бұғазы – әлемдік энергетикалық ресурстарды тасымалдаудағы маңызды теңіз жолдарының бірі. ANZ банкінің шикізат нарықтары жөніндегі аға стратегы Дэниел Хайнстың айтуынша, мұнай бағасы күрт құлдырағаннан кейін инвесторлар оны шамадан тыс төмендеу деп бағалап, сатып алуды қайта бастаған.

Сарапшының сөзінше, нарық қазір өңірдегі нақты тәуекелдерді қайта бағалап жатыр. Иран Ормуз бұғазына бақылауын сақтап отыр және одан өз еркімен бас тартуы екіталай. Сонымен қатар бұғаз арқылы өтетін жүк көлемі оның өткізу мүмкіндігінің 60%-ынан төмен.

Бейсенбі күні Иран Ормуз бұғазында танкерлерге тағы үш шабуыл жасалғанын хабарлады. Ұлыбританияның теңіз қауіпсіздігі жөніндегі UKMTO агенттігінің деректері де мұнай тасымалдайтын кемелерге шабуыл жасау жиілігі рекордтық деңгейге жақындағанын көрсетеді.