Мұнай бағасы 2022 жылдан бергі ең жоғары деңгейден асты
Бұған Трамптың мәлімдемесі себеп болған.
Бейсенбі күні таңертең Brent маркалы мұнай бағасы күрт өсіп, бір баррелі 125 доллардан жоғары көтерілді. Бұған АҚШ президенті Дональд Трамптың Иран порттарына қатысты блокаданы ұзарту мүмкіндігін қарастырып жатқаны әсер етті.
Маусым айына арналған Brent фьючерстері бұған дейін де жоғары деңгейге жеткен еді. Алайда бейсенбі күні (АҚШ-тың шығыс уақыты бойынша 00:39-да) баға 125 доллардан асып, 12 пайыздан астам өсім көрсетті. Ал америкалық эталон саналатын WTI маркалы мұнай бағасы 3 пайыздан астам қымбаттап, 110 доллардан жоғары көтерілгенін CNN хабарлады.
Әлемдік нарықтағы мұндай серпіліс АҚШ-та бензин бағасының соңғы төрт жылдағы ең жоғары деңгейге жетуімен қатар жүріп отыр. Бұған қоса, АҚШ пен Иран арасындағы тікелей келіссөздердің сәтсіз аяқталуы да әсер етті. Нәтижесінде мұнай мен газды тасымалдауда маңызды рөл атқаратын Ормуз бұғазы іс жүзінде жабық күйде қалып отыр.
CNN деректеріне сүйенсек, Дональд Трамп негізгі кеңесшілерімен кездесуде Иран порттарына қарсы әскери-теңіз блокадасын жалғастыру ниетін білдірген. Ақ үй командасы бұл шараны ұзарту, соның ішінде Ормуз бұғазын ұзақ мерзімге жабу жоспарын қарастырып жатыр.
Маусым айындағы Brent келісімшартының мерзімі аяқталуға жақындауына байланысты сауда көлемі шілде айына арналған фьючерстерге ауысты. Бұл келісімшарт сәрсенбі кешінде-ақ 113 доллардан асқан.