Мұнай бағасы $100-ге бара ма? Ормуз бұғазы Қазақстан нарығына қалай әсер етті
Мұнай бағасы күрт өсіп, энергетикалық компаниялардың акциялары қымбаттады.
Таяу Шығыстағы шиеленіс әлемдік қаржы нарығына бірден әсер етті. Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалына төнген қауіп инвесторларды алаңдатып, нарыққа геосаяси үстеме қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Соның нәтижесінде мұнай бағасы күрт өсіп, энергетикалық компаниялардың акциялары қымбаттады.
Халықаралық Brent маркалы мұнай барреліне $82,37-ге дейін көтеріліп, кейін $78,28 шамасында тұрақтады. АҚШ-тың WTI маркасы $75,33-ке дейін шарықтап, $71,76 деңгейінде жабылды. Сарапшылардың айтуынша, Brent бір сәтте 13 пайызға дейін өсіп, соңғы уақыттағы ең ірі тәуліктік қозғалыстардың бірін көрсетті.
Токио биржасында Nikkei 225 индексі демалыстағы оқиғалардың әсерінен 2,4%-ға төмендеді. Сиднейдегі ASX 200 индексі әуелде қатты құлағанымен, кейін аздап түзеліп, 0,4%-ға төмен деңгейде қалды. Шанхайда CSI 300 индексі 0,6%-ға азайды.
Еуропада да ахуал әлсіреді: EUROSTOXX 50 фьючерстері 1,3%-ға, DAX фьючерстері 1,4%-ға төмендеді. Ал FTSE фьючерстері 0,6%-ға кеміді.
Ормуз – әлемдік нарықтың осал нүктесі
Нарықтағы басты алаңдаушылық – Ормуз бұғазы. Әлемдік мұнайдың шамамен 20 пайызы осы дәліз арқылы өтеді. Егер тасымал баяуласа немесе уақытша тоқтаса, бұл жаһандық жеткізілімге тікелей соққы болмақ.
Financial Times басылымы брокерлерге сілтеме жасап хабарлауынша, сақтандыру компаниялары Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелердің полистерін қайта қарап, кепілдік құнын арттырып жатыр.
Маңыздысы – әзірге әлемдік нарықта мұнайдың нақты физикалық тапшылығы тіркелген жоқ. Қазір сөз болып отырғаны – геосаяси тәуекел үшін бағаға қосылған үстеме. Яғни нарық әскери қауіп ықтималдығын ескеріп отыр, бірақ жеткізілімнің нақты үзілуі расталмаған.
Геосаяси жағдайға байланысты OPEC+ елдерінің өндірісті ұлғайтуы жөніндегі талқылаулар да жүріп жатыр. Алайда қысқа мерзімде нарықтағы дүрбелең бұл фактордың әсерін әлсіретуде. Еуропада табиғи газ бағасы да көтерілді. Азия нарығында Dubai (Platts Dubai) бенчмаркі бойынша баға белгілеу тетіктерін қайта қарау мәселесі талқылануда.
Қазақстан қор нарығына әсері
Әлемдік серпін Қазақстан қор нарығында да сезілді. 2 наурызда KASE саудасында «ҚазМұнайГаз» акциялары 29 100–29 600 теңге аралығында саудаланып, өткен аптадағы шамамен 26 000 теңгемен салыстырғанда 11,9 пайызға жуық өсім көрсетті. Бұл соңғы айлардағы ең айқын күндік серпілістердің бірі. Ақпан айының соңында акция 26 050 теңге деңгейінде тұрған.
Саланың тағы бір ірі өкілі – «ҚазТрансОйл» акциялары да 6 пайыздан астам өсіп, шамамен 1105 теңгеге жетті. Шағын мұнай компаниялары бойынша сауда белсенділігі төмен болғанымен, жалпы секторда оң көңіл күй сақталды.
Еске салайық, бұған дейін «ҚазМұнайГаз» 2025 жылдың өндірістік қорытындысы бойынша мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 26,2 млн тоннаға жеткенін хабарлаған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары. Сонымен қатар газ өндіру көлемі 19,8 пайызға өсіп, 11,45 млрд текше метрді құрады.
Қазақстан үшін бұл нені білдіреді?
Мұнай бағасының өсуі экспорттаушы елдер үшін қысқа мерзімде жағымды фактор саналады. Алайда оның әсері тікелей және тұрақты бола бермейді.
Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, мұнай баррелінің әрбір 1 долларға қымбаттауы Қазақстанға шамамен 500-600 млн доллар көлемінде қосымша экспорттық түсім және бюджетке шамамен 150 млн доллар шамасында қосымша кіріс әкелуі мүмкін.
Бұл Brent бағасының 72 доллардан 82 долларға дейін көтерілуі жылдық есеппен 5 млрд доллардан астам қосымша экспорттық табыс беруі ықтимал дегенді білдіреді. Алайда бұл есеп баға ұзақ уақыт жоғары деңгейде сақталған жағдайда ғана өзекті. Қысқа мерзімді секіріс бюджетке толық әсер етпеуі мүмкін.
Сонымен қатар мұнай бағасындағы күрт ауытқулар валюта нарығындағы құбылмалылықты күшейтіп, бюджеттік жоспарлауды қиындатады. Егер өсім уақытша сипатта болса, фискалдық тиімділік шектеулі болуы ықтимал.
Алдағы сценарийлер
Нарықтағы әрі қарайғы қозғалыс геосаяси ахуалдың дамуына байланысты болмақ. Егер Ормуз арқылы транзит толық тоқтаса, мұнай бағасы барреліне 100 доллардан жоғары көтерілуі мүмкін.
Ал шиеленіс бәсеңдесе, геосаяси үстеме қысқарып, баға 70-75 доллар дәлізіне қайта оралуы ықтимал. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі өсім – әскери тәуекелге берілген реакция. Әзірге әлемдік нарықта мұнай тапшылығы тіркелген жоқ. Нарық жеткізілім үзілуінің ықтималдығын бағаға енгізіп отыр, ал ұзақмерзімді тренд қақтығыстың ауқымы мен ұзақтығына тәуелді болады.
Егер жағдай тұрақталмаса, мұнай мен акциялардағы құбылмалылық алдағы күндері де сақталуы мүмкін.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Таяу Шығыстағы әскери әрекеттер мұнай нарықтарына елеулі қауіп төндіріп отыр. Баррель бағасына қатысты сарапшылар жаңа сценарийді атады.
Белгілі болғандай, Иран дрондары әлемдегі ең ірі мұнай зауытына соққы жасады.