Мұнай бағасы 100 доллардан асты: Қазақстан ұта ма әлде жаңа тәуекелдерге тап бола ма?
Неліктен қымбат мұнай әрдайым экономикалық өсім әкелмейді?
Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі мұнай бағасының күрт қымбаттауына себеп болды. 2026 жылдың наурызында Brent маркалы мұнайдың бір баррелі $100-дан асып, шарықтау шегінде $119,5-ға дейін жетті. Бұл – соңғы жылдардағы ең жылдам өсімдердің бірі. Осы жағдай аясында Қазақстан сияқты шикізатқа тәуелді елдер мұнай экспортынан қосымша табыс табады деген үміт күшейді. BAQ.KZ тілшісі Қазақстанның бұл жағдайдан қаншалықты ұтатынын, мұнай бағасының өсуі бюджет пен Ұлттық қорға қалай әсер ететінін, неге халық “қымбат мұнайдың” пайдасын әрдайым сезіне бермейтінін және қазіргі геосаяси ахуал қандай ұзақмерзімді тәуекелдер туындататынын саралап көрді.
PACE Analytics сараптамалық компаниясының жетекшісі Асқар Исмаиловтың айтуынша, қымбат мұнайды тек жақсы құбылыс ретінде қабылдау – қате.
Оның сөзінше, мұнай бағасының өсуі тек табыстың артуы емес, сонымен бірге инфляциялық қысымның күшеюі, экспорттық инфрақұрылымға тәуелділіктің артуы және бюджет тұрақтылығына төнетін қосымша қауіптер.
Бұл – тым қарапайым түсінік. Рас, қымбат мұнай Қазақстанның экспорттық табысын, бюджет кірістерін және валюта жағдайын жақсартады. Бірақ бұл артықшылықтар көбіне қысқа мерзімге ғана тән. Ұзақ мерзімде жоғары мұнай бағасы бүкіл әлемде инфляцияны күшейтеді. Қазақстан тұтынатын тауарлардың шамамен 80%-ы импорт болғандықтан, қымбатшылық әр азаматқа әсер етеді. Импорттық тауарлардың бағасы өседі – тұрмыстық техника, азық-түлік, көлік және басқа да өнімдер қымбаттайды. Сонымен қатар, мұнайдан түсетін пайда экспорттық бағыттар ашық болған жағдайда ғана толық сезіледі. Ал олардың кейбірінде дрон шабуылдарына байланысты қиындықтар туындап отыр, – деді Исмаилов.
Мұнай қымбаттаса, экономика тәуелділігі артады
Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметінше, экспорттық түсімнің 50%-дан астамы және бюджет пен Ұлттық қор кірістерінің 30%-дан көбі мұнай-газ секторына тиесілі.
Осы тұрғыда мұнай бағасының өсуі валюталық түсімдерді көбейтіп, теңгені қолдауы мүмкін. Бірақ басты мәселе – бұл әсердің қаншалықты тұрақты болатынында.
Реттеушінің базалық сценарийіне сәйкес, 2026 жылы мұнайдың орташа бағасы шамамен барреліне $66 деңгейінде болады деп күтілуде, ал нарық тұрақтанған соң $60-ға дейін төмендеуі мүмкін.
Халықаралық болжамдар да қазіргі өсімнің уақытша екенін көрсетеді. Мысалы, J.P. Morgan сарапшылары нарықтағы ұсыныстың артуына байланысты мұнайдың орташа бағасы барреліне шамамен $60 болады деп болжап отыр.
Әсері бірден емес, уақыт өте сезіледі
Мұнай бағасы күрт өскеннің өзінде экономика оның пайдасын бірден сезіне қоймайды.
Иә, белгілі бір кідіріс бар. Споттық баға бірден өседі, ал бюджет пен Ұлттық қор бұл әсерді кейінірек экспорттық түсімдер, салық циклі, валюта айырбастау және жоспарлы трансферттер арқылы ғана сезінеді. Мұны Ұлттық қордың есептерінен көруге болады. Мұнай бағасы алдымен сыртқы қаржы ағындарын жақсартады, содан кейін барып бюджетке және Ұлттық қордан валюта сату көлеміне әсер етеді, – дейді Исмаилов.
Соған қарамастан, баға қанша құбылса да, бюджет құрылымы мұнай трансферттеріне тәуелді болып қала береді.
Бюджет тапшылығы автоматты түрде жабылмайды. 2026 жылға арналған бюджет жобасында кірістер 23,1 трлн теңге, ал шығыстар 27,7 трлн теңге деп жоспарланған. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт шамамен жылына 2,8 трлн теңге деңгейінде қарастырылған. Яғни, мұнай қымбат болса да, Ұлттық қорға тәуелділік сақталады. Жоғары баға бюджетке түсетін қысымды азайтып, оның орындалуын жақсартуы мүмкін, бірақ трансферттерге негізделген құрылымды өзгерте алмайды. Тағы бір мәселе – жоғары бағаның қанша уақыт сақталатыны белгісіз. Жыл соңына қарай мұнай бағасы жоспарланған деңгейден де төмен түсіп кетуі мүмкін, бұл өз кезегінде бюджетке қосымша қысым түсіреді, – деп түсіндірді сарапшы.
Қазақстан мұнай бағасының өсімін толық пайдалана алмай отыр
Баға қолайлы болғанның өзінде, ел өндіріс пен экспорттағы шектеулерге тап болады.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, инфрақұрылымдағы апаттар мен шабуылдарға байланысты 2026 жылы мұнай өндіру көлемі жоспарланған 100,5 млн тоннаның орнына 96-98 млн тоннаға дейін төмендеуі мүмкін.
Пайда бар, бірақ толық емес. Теңіз кен орнындағы екі өрттен кейін, Қарашығанақ газын қабылдайтын Орынбор газ өңдеу зауытындағы мәселелер және Каспий құбыр консорциумындағы (КҚК) қиындықтар салдарынан біз өндірістің толық қуатын пайдалана алмай отырмыз. Қазір Теңіздегі өндіріс біртіндеп қалпына келуде. КҚК-дағы жабдықтарды ауыстыру жұмыстары сәуірдің соңына дейін аяқталуы тиіс. Егер экспорттық әлеует қалпына келіп, мұнай бағасы жоғары деңгейде сақталса, бұл жағдайды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, Қазақстан ОПЕК+ алдындағы міндеттемелерін жиі толық орындамай келеді, бірақ тәжірибе көрсеткендей, бұл ел үшін айтарлықтай шектеу болып отырған жоқ, – дейді Асқар Исмаилов.
Экспорт – негізгі тәуекел
Басты шектеуші фактор – инфрақұрылым. Қазақстан мұнай экспортының шамамен 80%-ы Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданады және дәл осы бағыт геосаяси тәуекелдерге ең осал.
Иә, бұл – қымбат мұнайдан түсетін пайданы шектейтін негізгі факторлардың бірі. КҚК әлі де басты экспорттық арна болып отыр, бірақ соңғы айларда бұл бағыт түрлі шабуылдар мен іркілістерге тап болды. Қаңтарда КҚК арқылы экспорт шектеулі болды, ал желтоқсанда жөнелтілім көлемі 24%-ға дейін қысқарған.
Балама бағыттардың мүмкіндігі әзірге шектеулі. Мысалы, Усть-Луга арқылы экспорт әлі қолжетімсіз. Баку бағыты мен “Дружба” мұнай құбыры арқылы жеткізілетін көлем жалпы экспортпен салыстырғанда аз. Әзербайжан арқылы тасымал Күрік портының өткізу қабілетіне тәуелді, ал “Дружба” бағыты Атырау–Самара құбырының мүмкіндігімен шектеледі. Қалай болғанда да, бұл бағыттардың ешқайсысы мұнай бағасының жоғары кезеңіндегі мүмкіндікті толық пайдалануға жеткіліксіз, – деп қорытындылады сарапшы.
Неге халық мұнай қымбаттағанын сезіне бермейді?
Мұнайдан түсетін табыс артқанына қарамастан, экономикаға оның әсері көбіне инфляция арқылы беріледі.
Ұлттық банктің бағалауынша, 2026 жылы инфляция 9,5–11,5% аралығында болады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде шикізаттан түсетін қосымша табыстың әсерін ішінара әлсіретеді.
Иә, әсері бар, бірақ әрдайым тікелей сезілмейді. Қымбат мұнай импорт арқылы инфляциялық қысымды күшейтеді, әсіресе мемлекет шығындарын арттырған кезде. Халық мұнай бағасының өсуін өмір сапасының жақсаруы ретінде әрдайым сезіне бермейді. Қосымша табыстың бір бөлігі бағаның өсуімен “жұтылып” кетеді, ал негізгі пайда бюджетте, экспорттық түсімде және шикізат секторында шоғырланады. Бұл азаматтардың сатып алу қабілетіне тікелей әсер ете бермейді, – дейді Исмаилов.
Геосаясат – уақытша фактор
Халықаралық сарапшылар қазіргі баға өсімін ұзақмерзімді трендтің басталуы емес, уақытша күйзеліс деп бағалайды.
Халықаралық энергетика агенттігінің (IEA) мәліметінше, баға шарықтағаннан кейін қайта түзеле бастап, барреліне шамамен $90 деңгейіне түсті және әлі де тұрақсыз күйде.
Әзірге бұл – жаңа ұзақмерзімді суперцикл емес, өткір геосаяси шокқа көбірек ұқсайды. Ұзақ мерзімде соғыс ешкімге тиімді емес екені түсінікті. Қазірдің өзінде әлемдік экономика бұл қақтығыстың кері әсерін сезіне бастады. Сондықтан елдер бейбіт реттеу жолын іздейді. Нарықтың базалық сценарийі де осыған сай: қазір тәуекел үшін үстеме баға жоғары, бірақ жағдай тұрақталса, мұнай бағасы қалыпты деңгейге қайта оралуы тиіс. Дегенмен болашақта нарық тасымал қауіпсіздігі үшін қосымша “тәуекел бағасын” ескеретін болады, – деді Асқар Исмаилов.
PACE Analytics сараптамалық компаниясының жетекшісі Асқар Исмаиловтың айтуынша, Қазақстан қазірдің өзінде шикізаттық экономика моделінде өмір сүріп отыр. Бұл модельде экспорттық түсім мен салық кірістерінің негізгі бөлігін мұнай-газ секторы қамтамасыз етеді.
Оның сөзінше, мұнай табыстары ішкі тұтынуды, мемлекеттік шығындарды және импортты қолдайды.
Сонымен қатар, сарапшының пікірінше, тау-кен металлургиясы мен өңдеу өнеркәсібі сияқты салаларды дамыту қажеттігіне қарамастан, тәуелсіздік жылдары бұл бағытта жеткілікті жұмыс жасалмаған. Сондықтан қысқа мерзімде шикізаттық модельден толық шығу қиын. Дегенмен экономиканы әртараптандыру бағыты стратегиялық тұрғыда маңызды болып қала береді.
Қазақстанның рөлі Парсы шығанағынан тыс сенімді жеткізуші ретінде артуы мүмкін. Жапония мен Қытай Қазақстанда жұмыс істейтін мұнай-газ компаниялары арқылы мұнайдың бір бөлігін өз қажетіне бағыттап отыр. Түркия да сатып алу көлемін арттыруда. Әрине, Қазақстан жаңа Сауд Арабиясына айналып, әлемдік нарыққа шешуші ықпал ете алмайды. Бірақ оның мұнайы Еуропа мен ішінара Азия үшін жеткізілімдерді әртараптандыруда стратегиялық маңызды ресурс ретінде қарастырылады. Тағы да қайталап айтамын: Қазақстанның стратегиялық маңызы оның экспорттық бағыттарының қаншалықты сенімді екеніне тікелей байланысты, – деп түйіндеді сарапшы.