Мұнай арзандаса, өндіріс те, әлеуметтік уәде де қысқарады – Рашид Жақсылықов

Мұнай бағасының төмендеуі Қазақстан экономикасына ауыр соққы болуы мүмкін. Әсіресе әлеуметтік міндеттемелер мен мұнай өндірісінің рентабельділігі тәуекел аймағында тұр. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағы президиумының төрағасы Рашид Жақсылықов айтты.

Халық мұнай арзандап кетсе, неден зардап шегеміз деп бірден айтады. Бұл – кез келгенінің ойында жүрген сұрақ. Біздің ұтылатын тұсымыз көп. Біріншіден, халыққа беріп қойған уәдеміз баршылық. Оның ішінде әлеуметтік уәделер де бар. Әлеуметтік жағынан өзін әлсіз көрсететін адамдардың саны да көбейіп кетті. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Олардың барлығына қыруар қаржы қажет, – деді ол.

Сарапшының айтуынша, қазіргі жағдайда Қазақстан мұнайды барреліне шамамен 63 доллар деңгейінде сатып, пайда көріп отыр. Алайда өндірістің өзіндік құны әр кен орнында әртүрлі.

Кез келген кәсіпорын 10–12 долларға өнімін шығарып, соның үстінен пайда көреді. Бірақ инвесторлардың қолы тимеген қаншама жер қойнаулары бар. Ондай кен орындарында мұнай өндіру құны 40 долларға дейін жетеді, – дейді Рашид Жақсылықов.

Оның сөзінше, егер әлемдік нарықта мұнай бағасы 40–50 доллар деңгейіне дейін төмендесе, кейбір кен орындарын игеру экономикалық тұрғыдан тиімсіз болмақ.

Егер болашақта мұнай құны 40–50 долларға түсіп кетсе, мұнайды өндіргеннен өндірмеген тиімді болатын жағдайлар туындауы мүмкін, – деп түйіндеді ол.

Еске салайық, бұған дейін Рашид Жақсылықов КҚК-ның тұрақсыз жұмысы ұзаққа созылса, оның салдары бюджеттен бастап, валюта нарығына дейін сезілетінін айтқан болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы