Мұнай 15% арзандады: АҚШ қор нарығы қайта жандана бастады
Акциялар мұнай бағасының төмендеуі аясында өсіп жатыр.
АҚШ-тағы қор нарықтарының индекстері кеше мұнай бағасының күрт қымбаттағаннан кейін қайта төмендеуіне байланысты қалпына келу үрдісін жалғастыруға тырысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дүйсенбі күні мұнай бағасының шарықтауына саясаткерлер мен ірі мұнай компаниялары басшыларының мәлімдемелері себеп болған еді.
АҚШ пен Иран арасындағы соғыс өрши түсіп, оған мұнай мен газ өндіретін Таяу Шығыстың негізгі елдері тартылып отыр. Нарықтағы жағдайды АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемелері мен G7 елдерінің мұнай нарығындағы тұрақтылықты сақтау үшін стратегиялық қорларды пайдалануға шешім қабылдауы біршама тұрақтандырды.
Bloomberg таратқан мәліметке сәйкес, сейсенбі күні Brent маркалы мұнай барреліне 83 доллар деңгейінде саудаланып, бір сауда сессиясының ішінде 15 пайыздан астам арзандады. Ал WTI маркалы мұнай 16 пайызға төмендеп, барреліне 79 долларды құраған.
Бұл жағдай АҚШ қор биржаларындағы қалпына келу үрдісін қолдағанымен, АҚШ энергетика министрінің америкалық әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазында мұнай танкерін қауіпсіз алып өткенін хабарлаған кейінгі твиті нарықтағы көңіл күйді қайтадан күңгірттендірді. Сондай-ақ инвесторларды ирандық кемелер бұғазды миналауы мүмкін деген ақпарат та алаңдатты, - деп жазды The Wall Street Journal.
Нәтижесінде сауда соңында S&P 500 индексі 0,21 пайызға төмендеді, Dow индексі нөлге жуық деңгейде қалды (–0,07%), ал Nasdaq шамалы өсім көрсетті (0,01%).
Еске салайық, АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери әрекеттерді 11-ші күн қатарынан жүргізіп жатыр. Ормуз бұғазында жағдай күрделі: оны Иран әскері бөгеп отыр. Мұнайды тасымалдау қиындап, қоймаларда қор көбейіп кеткендіктен, Сауд Арабиясы, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері және Кувейт мұнай өндіру көлемін күрт қысқартты.
Дональд Трамп АҚШ әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізілімдерінің тұрақты болуын қамтамасыз ету үшін танкерлерді алып жүретінін мәлімдеді.
Forex сарапшысы Фавад Разакзада:
Трейдерлер мұнай бағасының кенет төмендеуін оң қабылдағанымен, геосаяси жағдай әлі де тұрақты емес. Сондықтан нарықтар алдағы уақытта да құбылмалы болуы мүмкін, – деді.