"Мұнара" республикалық рухани-танымдық газетіне 5 жыл толды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Мұнара» республикалық рухани-танымдық газетінің 5 жылдығына арналған «Діни журналистика және қазіргі қоғам» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Рухани басқосуға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, белгілі ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы бастаған зиялы қауым өкілдері мен танымал теле-радио, баспасөз журналистері, Діни басқарманың бөлім басшылары мен «Мұнара» газетінің ұжымы қатысты.

Құран аяттарын оқумен басталған дөңгелек үстелде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы уақыт бөліп арнайы келген зиялы қауым өкілдеріне алғыс айтып, Діни басқарманың төл басылымын жарыққа шығарып отырған «Мұнара» газетінің ұжымын құттықтады.

Бүгінгі басқосуымызға себепкер болып отырған «Мұнара» рухани-танымдық газеті осыдан 5 жыл бұрын, 2019 жылғы 22 қазанда жарыққа шықты. Осы уақыт ішінде «Мұнара» газеті өз оқырманын қалыптастырып, еліміздің ақпарат кеңістігіндегі, соның ішінде діни журналистика саласында өз орны бар басылымға айналды. «Мұнара» газетінде тың, жаңа, мазмұнды, тартымды материалдар жарияланады. Сонымен қатар газет діннің өзекті мәселелерін қатар көтереді. Бүгінде «Мұнара» газеті айына 2 рет, 30 мың таралыммен жарық көруде, - деп атап өтті ҚМДБ Төрағасы.

Дөңгелек үстел барысында зиялы қауым өкілдері мен баспасөз саласының майталмандары отандық журналистикадағы дін тақырыбының маңызына тоқталып, халыққа дұрыс ақпарат берудегі бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігі мен міндетіне назар аударды.

Сондай-ақ жиында ардагер журналист, «Мұнара» газетінің тұрақты авторы Жанболат Аупбаевтың «Біз де өлең жазғанбыз» жинағының тұсаукесері өтіп, жаңа кітап көпшілікке таныстырылды. 

Айта кетейік, жинаққа «Мұнара» газетінің «Біз де өлең жазғанбыз...» айдарында жарық көрген жазушы-қаламгерлердің ақындық қырын көрсететін өлеңдері топтастырылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы