Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту шаралары күшейтілді

Павлодар облысында мүгедектігі бар тұлғаларды жұмыспен қамту шаралары барынша күшейтілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда облыста еңбекке қабілетті 14 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Олардың 4500-ден астамы екі қолға бір күрек тапты.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, жыл басынан бері мансап орталықтарына 1100 адам келсе, олардың жүзден астамы тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Ал субсидияланатын жұмыс орындарына 400-ге жуық павлодарлық бағытталған.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар кәсіпкерлік негіздері бойынша арнайы курстардан өту мүмкіндігіне ие. Осы күнге дейін 205 тұрғын "Бастау Бизнес" жобасы бойынша оқып шықты. Ал жүзге жуық павлодарлық бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін гранттарға ие болды. Өңірде жұмыс таба алмай жүрген азаматтар үшін бос орындар жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдар үшін кәсіпорындарда квоталық жұмыс орындары қарастырылған, - дейді Альмира Дисюпова.

Үстіміздегі жылы 220-дан астам ірі кәсіпорында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған міндетті 1300 квоталық жұмыс орны бекітілген. Қазіргі уақытқа дейін жартысына жуығы еңбекпен қамтылып, нәпақа табуда. Сонымен қатар аймақтың үш қаласында арнайы жұмыс орындарын құру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.

Мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарын ашқан кәсіпкерлерге төлемдер қарастырылған. Субсидия 300 АЕК көлемінде. Жұмыс беруші мүгедектігі бар тұлғаны міндетті түрде жұмыспен қамту керек. Техника қажет болса, құралмен қамту керек, - басқарма басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы