22 Шілде 2026, 11:42 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Мүлік салығын төмендетіп көрсеткендерден 250 млн теңге өндірілді

Атырау облысының прокуратурасы мүлік салығын есептеу кезінде салық төлеушілердің салық базасын төмендетіп көрсеткен деректерін анықтады.

Тексеру барысында кейбір ұйымдардың салық жүктемесін азайту мақсатында салық декларацияларында өздеріне тиесілі жылжымайтын мүлік нысандары туралы жалған мәліметтер көрсеткені белгілі болды. Соның салдарынан бюджетке төленуі тиіс салық толық көлемде түспеген.

Осындай заң бұзушылықтардың бірі «М» ЖШС-де анықталды. Кәсіпорын 2025 жылы мүлік салығы ретінде 9,2 млн теңге төлеген. Бұл сома ауданы 14 700 шаршы метр болатын нысан негізінде есептелген.

Алайда «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ мәліметіне сәйкес, аталған нысанның нақты ауданы 28 827,3 шаршы метрді құрайды.

Нәтижесінде салық базасының төмендетілуіне байланысты бюджетке 8,5 млн теңгеден астам сома төленбей қалған.

Сонымен қатар прокуратура осындай заң бұзушылықтарды тағы 63 жылжымайтын мүлік нысаны бойынша анықтады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бюджетке 250 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.

Прокуратура мұндай заң бұзушылықтарды анықтау жұмыстары жалғасып жатқанын және бұл мәселе ведомствоның тұрақты бақылауында екенін мәлімдеді.