6 Қараша 2026, 15:40 Фото: Magnific.com

Мүлік пен келісімшарттар: Жаңа Азаматтық кодекс нені қорғауы керек?

Жаңа Азаматтық кодекс азаматтардың мүлкін қорғауды күшейтіп, келісімшарттық қатынастардың сенімділігін арттыруы тиіс. Бұл үшін жекелеген түзетулер неге жеткіліксіз? Бұл туралы «КЭМОНТ» АҚ даму жөніндегі директоры Зоя Новолодская BAQ.KZ тілшісіне айтып берді.

Оның пікірінше, Азаматтық кодексті жаңарту қажеттілігі экономика мен күнделікті өмірдегі өзгерістерге байланысты туындап отыр. Цифрлық қызметтердің, электронды сауданың және бизнестің жаңа түрлерінің дамуы бұрынғы экономикалық жағдайда қалыптасқан көптеген ережені қайта қарауды талап етеді.

Новолодскаяның айтуынша, қордаланған мәселелерді жекелеген түзетулер арқылы шешу қиындаған. Сондықтан заңнамаға кешенді түрде қайта қарап, қайшылықтарды жою, құқықтық нормаларды түсінікті әрі бірізді ету қажет.

Меншік құқығын қорғау

Спикердің айтуынша, жаңа кодекстегі негізгі бағыттардың бірі – меншік иелері мен мүлікті адал жолмен сатып алған азаматтардың құқығын қорғау кепілдіктерін күшейту.

Әр адам өз пәтері, үйі, жері, көлігі және басқа да сатып алған мүлкі заңның сенімді қорғауында екеніне сенімді болуы керек. Жаңа кодекс меншік иелеріне берілетін кепілдіктерді күшейтіп, мүлікті адал жолмен сатып алған азаматтардың да құқығын қорғауды көздейді. Қарапайым тілмен айтқанда, мүлікті заңды жолмен сатып алып, ешқандай заң бұзбаған адам негізсіз талаптардан және өз мүлкінен айырылып қалудан қорғалуы тиіс. Бұл тек бизнеске қатысты мәселе емес, әр отбасының алаңсыз өмір сүруіне де тікелей байланысты, – деді Зоя Новолодская.

Ол бұл өзгерістерді Конституцияда бекітілген қағидаттарды іс жүзінде жүзеге асырумен байланыстырады. Әңгіме меншік нысандарының барлығын бірдей қорғау және азаматтардың, соның ішінде цифрлық ортадағы құқықтарына кепілдік беру туралы болып отыр.

Құқықтарды қорғау кепілдіктері қалай жүзеге асуы керек?

Новолодскаяның пікірінше, кодексті әзірлеу кезінде жаңа нормалардың күнделікті өмірде қалай қолданылатынын ескеру маңызды.

Жаңа Конституцияда адам, оның құқықтары мен мүдделері басты орынға қойылған. Бұл қағидаттар қағаз жүзінде ғана емес, күнделікті өмірде де жүзеге асуы керек. Жаңа Азаматтық кодекс оларды іс жүзінде бекітуге тиіс. Яғни, меншік нысандарының барлығына бірдей құқықтық қорғаныс қамтамасыз етіліп, азаматтардың құқықтары сенімді қорғалуы және цифрлық ортада қалыптасып жатқан жаңа қатынастар ескерілуі қажет. Заңның баршаға бірдей әділ болғаны маңызды деп санаймын. Адамның тұрмыстық жағдайына, қоғамдағы орнына, кәсіпкер немесе қарапайым азамат екеніне қарамастан, заң алдында бәрі тең болуы керек, – деп атап өтті ол.

Спикер маңызды бағыттардың бірі ретінде келісімшарттық міндеттемелердің орындалуын да атады. Оның сөзінше, мәмілеге қатысушылар жасалған келісімнің орындалатынына сенімді болып, міндеттемелер бұзылған жағдайда өз мүдделерін қорғай алуы керек.

Келісімшарт бұзылса, шығын қалай өтеледі?

Новолодскаяның пікірінше, кодекстің жаңартылуы келісімшарттық қатынастардың болжамдылығын арттыруы тиіс.

Келісімшарт қол қойылған жай ғана құжат емес, міндеттемелердің орындалуына берілетін нақты кепілдік болуы керек. Егер адам немесе ұйым белгілі бір міндеттемені өз мойнына алса, оны орындауға тиіс. Ал келісім бұзылған жағдайда екінші тарап өз құқығын қорғап, келтірілген шығынның өтелуін талап ете алуы керек. Жаңа кодекс келісімшарттық қатынастардың сенімділігін арттыруға бағытталған. Бұл ережелерді барынша түсінікті етіп, құқығы бұзылған тараптың қорғалуын күшейтуге тиіс, – деп түсіндірді спикер.

Сонымен қатар ол өтемақы төлеудің нақты тетіктері кодексті әзірлеу барысында әлі де айқындалуы қажет екенін атап өтті.

Новолодская Азаматтық кодексті жаңартуды қолдай отырып, оның басты нәтижесі азаматтардың өз мүлкінің қорғалатынына және келісім бұзылған жағдайда өз құқығын қорғай алатынына сенімді болуы керектігін айтты.