Мүлдем төмен деуге болады. Депутат теміржол саласындағы мәселелерді айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат депутаттары Сағындық Лұқпанов пен Сергей Ершов теміржол саласының дамуы сын көтермейтініне назар аударды.

Депутат Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Сауалда Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларына қарамастан елімізде теміржол паркіндегі вагондардың айтарлықтай бөлігі әбден тозған. 

Сондай-ақ сатып алынған жаңа вагондар да көздеген мақсатқа сай емес. Олардың жылдамдығы сағатына 160 шақырым. Ал қазір кейбір көрші мемлекеттерде сағатына 250 шақырым жылдамдықпен жүйткитін пойыздар қолданылатыны белгілі. Осыған байланысты елімізде жылдамдығы жоғары тасымалдау қызметін әрі қарай дамытуға қатысты мәселе туындап отыр. Бұл аздай, біздің еліміз теміржол желісінің дамуы жағынан да артта қалып келеді, - дейді Сағындық Лұқпанов.

Оның айтуынша, Қазақстанда пайдаланылып жүрген теміржол желісінің жалпы ұзындығы 16 634,8 шақырымды құрайды. Олардың 4,2 мың шақырымы ғана электрмен жабдықталған. 

Мысалы, Ресейде теміржол ұзындығы 85,5 мың шақырым болса, оның 43,7 мың шақырымы электрлендірілген. Ал аумағы Қазақстаннан 5 есе кішкентай Францияда теміржол ұзындығы 29 мың шақырымды құрайды. Оның 15 мың шақырымы электрмен қамтамасыз етілген, – деді депутат.

Сенаторлар еліміздегі басты теміржол операторының сыртқы қарызына да алаңдаушылық білдірді. Бұл қарыз көлемі бүгінде 1,9 трлн теңгені құрайды екен. Депутаттар соңғы 5 жылда мемлекеттік субсидия ретінде аталған компанияға 171 млрд теңге бөлінгенін де тілге тиек етті. Одан бөлек, теміржол тасымалдаушысы басқа да жобалар арқылы табыс тауып отырғаны белгілі. 

Әуежайлар, автожол секторы, Халықаралық «Хоргос» шекаралық ынтымақтастық орталығы күні кешеге дейін «Қазақстан темір жолы» компаниясының басқаруында болғаны мәлім. Ал Ақтау қаласындағы теңіз порты әлі күнге дейін осы компанияға тиесілі. Осы ретте атап өтер жайт, «Қазақстан темір жолы» өзі мемлекеттік субсидия ала отырып, 2017 жылы астанадағы халықаралық әуежайға 27,5 млрд теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткен,- деді сенатор.

Оның айтуынша, теміржол саласын дамытуға қатысты бағдарламалық құжаттарда көрсетілген осы бағыттағы нақты мақсат-міндеттерге қарамастан, оларды іске асыру қарқыны көңіл көншітпейді. 

Тіпті, мүлдем төмен деуге болады. Үнемі мемлекеттен субсидия алып отырғанымен, компания ұзақ уақыт бойы басқа жобаларды дамытуға айтарлықтай қаржы жұмсап келеді. Бұл негізгі қызметті шығынға ұшыратуға әкеп соқтыруда, - деді сенатор.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы