Мүлде интернеті жоқ ауылдар 2027 жылға дейін интернетке қосылады
Мүлде интернеті жоқ ауылдар 2027 жылға дейін интернетке қосылады. Бұл туралы Мәжілісте өткен «Үкімет сағатында» Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова министр Бағдат Мусинге шалғай ауылдың интернет мәселесін көтеріп, сұрақ қойды.
Бүгінгі таңда Мәжілісте «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Бұл заң жобасының новелласы – бұл онлайн петициялар институтын қалыптастыру. Бірақ жұмыс топтарындағы депутаттардың талқылауына сәйкес бүгінгі таңда көптеген шалғайдағы ауылда интернет жоқ немесе сапасы өте нашар. Яғни онлайн петицияларды жүзеге асыру мүмкін емес. Осыған байланысты қағаз петицияларды енгізуге қатысты тұжырымдар айтылып жатыр. Бүгінгі таңда шалғайдағы қанша ауылда онлайн петициялар платформасын халық қолдана алмайды? Егер осындай ауылдар болса, онда олар онлайн петиция енгізілген кезде қандай механизмдер арқылы оны жүзеге асырады? Шалғайдағы ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз етуге байланысты жоспарлаған нақты мерзімдеріңіз қандай? – деп сұрады депутат Жұлдыз Сүлейменова.
Сондай-ақ депутат әріптесінің сұрағын толықтыра келе, секундына 20 мбит-тен келетін интернетке мектеп директорлары 8 мбит-тің ақшасын төлеп отырғанына қатысты пікірге ойын айтты.
Кешегі білім саласының қызметкері ретінде айтарым, бұл қисынсыз пікір. Мектеп директорлары қандай сапалы интернет келіп тұрса, соған сәйкес ақшасын төлейді. Сондай-ақ қаншама планшетті зарядтау үшін арнайы инфрақұрылым керек. Көптеген ауылдық мектепте ол жоқтың қасы, - дейді Сүлейменова.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 2027 жылға қарай ауылдар интернетпен қамтамасыз етілетінін айтты.
Онлайн петициялар онлайн түрде жүруі керек деп ойлаймын. Америкада да барлық жер интернетке қосылмағанынан олар онлайн петицияның қажетсіз екенін айтқан жоқ. Олар онлайн петицияға бет бұрды. Сіздердің (депутаттардың – ред.) талқылап жатқан бастамаларыңыз дұрыс. 266 мың адам 1 600-ге жуық ауылды жерде тұрады. Бұл ауылдарда мүлде интернет жоқ. Ия, олардың онлайн петицияға қалай дауыс бере алатынын талқылау керек. Бірақ 266 мың адам үшін онлайн петицияны қабылдамау дұрыс емес деп есептеймін. Оны қалай шешетінімізді айтып кеттім. 2027 жылға дейін ауылдарды интернетпен 100% қосамыз. Шындығын айт деген соң, жаңа ашық айттым ауылдардың 75%-ы ғана интернетке қосылған. Бірақ стандартқа сай емес жұмыстар бар екенін де көрдіңіздер. Тексеріс жұмыстарын жүргізгенде операторлардың тиімсіз жұмысын анықтап, айыппұл белгілеп жатырмыз, - деп айтты Бағдат Мусин.
Министр мектептегі интернет мәселесіне қатысты депутаттың сұрағына жауап берді.
Бұған дейін министр мектептерге бюджет бөлінгенде интернет стандарт бойынша 20 Мбит/с келеді, ал директор 8 Мбит/с үшін үнемдеп, төлейтінін айтқан болатын.
Шынына келетін болсақ, мен оны жеке өзім тексерген жоқпын. Маған ол ақпаратты Оқу-ағарту министрлігі беріп тұр. Бұл ақпаратты өзім алып жатқан жоқпын. Олар (Оқу-ағарту министрлігі – ред.) ол саланы бақылайтындықтан оларға жүгінемін. Екінші мәселе – планшеттер. Бұл мәселені талқылап жатырмыз. Ал біздің министрліктің алдында қандай міндеттер тұр? Ол - планшеттер Қазақстанда өндіріліп, оқушыға дейін жеткізілу және оның сим-картамен қамтылу мәселесі. Бірақ мектептердің ішіндегі инфрақұрылымды Оқу-ағарту министрлігі айналысып жатыр. Оның маған қатысы жоқ. Мен онымен айналыса алмаймын, - деп толықтырды сөзін Мусин.