Сөздеріңіз көп, нақты шешімдеріңіз аз – Архимед Мұхамбетов өңірдегі баяу жұмысты сынға алды
Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылы облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелерін жөндеуге 23,3 млрд теңге бөлінген. Бұл жөнінде облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген отырыста жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытбек Есенғұлов айтты.
2018 жылы 10 бағытта басталған жөндеу жұмыстары жалғасады. Көлемі – 152,8 шақырым. Жұмсалатын қаржы – 4 млрд теңге. Одан бөлек, 7,4 млрд теңгеге есептелген 22 жаңа жоба осы жылы жүзеге асырылса, 6,5 млрд теңгенің 11 жобасы келер жылы тапсырылады.
«Биыл жергілікті маңызы бар жолдарға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 41 конкурс өткізілді, соның ішінде мердігер ұйымдармен 30 учаске бойынша келісімшартқа қол қойылған. Бір конкурсқа байланысты арыздар қайта қаралып, қалған 10 жобаға құжат қабылданып жатыр», - деді Бақытбек Есенғұлов.
Жұмысқа кіріскен мердігерлер бүгінге дейін 1,8 млрд теңгені, яғни, жылдық соманың 7%-ын игеріп үлгерген. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, елді мекендердегі көшелерді жөндеуге барлығы 5,5 млрд теңге қарастырылған, соның ішінде Қостанай қаласына 3,0 млрд жуық және Рудный қаласына 1,0 млрд жуық қаражат бөлініп отыр.
«Рудный әкімдігін ерекше айтып өткім келеді. Себебі «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша тек аталған қала жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап, бюджеттік өтінім берген болатын, соның арқасында бізге республикалық бюджеттен 189 млн теңге түсті», - деді баяндамашы.
Сондай-ақ, басқарма басшысы елді мекендердің көшелерін дамытудың 3 жылдық жоспарын әзірлеуді ұсынды.
«Біз талдау жасап көрдік. Аудандардағы көше жолдарын жөндеу бағаларында айырмашылық бар. Яғни, 1 м² бағасы мен кепілдік мерзімдері әртүрлі болып тұр», - деді Бақытбек Есенғұлов.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бұл ұсынысты қолдайтынын білдірді. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Андрей Горват республикалық маңызы бар жолдардың жағдайы туралы баяндады. Оның айтуынша, биылға 9,4 млрд теңге бөлінген (былтырғыдан 200 млн көп). Ол қаражатқа Қостанай-Қарабұтақ бағытындағы 114 км (4 млрд теңге) жол қайта төселіп, Жезқазған-Петропавл, Денисов-Жітіқара-Мықтыкөл, Мамлютка-Қостанай, Екатеринбург-Алматы жолдарының облысқа тиесілі аумақтары жөнделіп, Бала Терісаққан өзені бойында көпір салынбақ.
Облыс әкімі компанияның өңірдегі жұмысы баяу жүріп жатқанын сынға алып, Арқалық-Есіл, Рудный-Денисов бағытындағы жолдар 2020 жылдың соңына дейін тапсырылу керектігін айтты.
«Басшыларыңызбен кездесіп, аймақтағы жұмысты қадағалауды өтіндім. Сөздеріңіз көп, нақты шешімдеріңіз аз. Біз жыл сайын 120 шақырым жасап жатырмыз. Сіздер өткен жылы 10 шақырым да істемепсіздер. Биылғы жоспарларыңызбен таныстым, тағы да азғантай. Миллиардтап ақша бөлінген. Күлкілі. Бізді бұндай жұмыс қанағаттандырмайды. Арқалық-Есіл, Рудный-Денисов бағытындағы жолдар 2020 жылдың соңына дейін бітуі тиіс. Өзімізге осындай міндет қойдық. Қырық жыл жөнделмеген Амангелді-Жангелдин тас жолы биыл жөнделіп болады. Ал, сіздер бізді тығырыққа тіреп отырсыздар. Менің қарамағымда істесеңіздер, жұмыстан баяғыда-ақ шығып қалар едіңіздер», - деді Архимед Мұхамбетов.
Кеңейтілген отырыста «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша Қостанай облысында жасалған жұмыстар да тілге тиек етілді. Атап айтсақ, Сарыкөл, Әулиекөл, Қарасу, Боровское және Федоров ауылдарында (аудан орталықтары) 19 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оған барлығы 649 млн (республикалық бюджеттен 584 млн, облыстық бюджеттен 65 млн теңге) жұмсалған.