Мұхтархан Ділдәбеков атындағы халықаралық турнир аяқталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістанда бокстан Сидней олимпиадасының және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ҚРЕССШ Мұхтархан Ділдәбековтің жүлдесіне арналған жастар арасындағы Х халықаралық турнир өтті, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Бокс додасына Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Йемен мемлекеттерінен және Қазақстанның барлық өңірінен ең таңдаулы деген боксшылар қатысты.

Сайыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, олимпиада ойындарының жеңімпазы Ермахан Ибраимов, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов құттықтау сөз сөйледі. Жастарға Мұхтархан Ділдәбеков те сәттілік тіледі.

Түркістандағы «Olympic Center» спорт кешенінде өткен сынға 120-ға жуық спортшы 12 салмақ бойынша бақ сынады. Жарысты өткізуге Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұжымының еңбегін атап өткен жөн. Сонымен қатар Түркістан облысының бокс федерациясының Президенті Серікжан Кеңесханұлының турнирге қосқан үлесі мол. Федерация тарапынан спортшыларға арнайы тағайындалған сыйлықтар табыс етілді.

Жекпе-жектер нәтижесінде өз салмақ дәрежелерінде Турабеков Нұрғиса (Түркістан), Тұралин Оралхан (Ақтөбе), Қалдыбаев Нұрислам (Түркістан), Ильясов Саят (Өзбекстан), Елемес Әділет (Түркістан), Тұрғынбек Архат (Түркістан), Мурсал Нұрбек (Алматы қаласы), Абдулла Садриддин (Түркістан), Асанбеков Атай (Қырғызстан), Мурасбеков Бекбол (Қырғызстан), Ражапов Эмирхан (Қырғызстан) және Сапар Ерсұлтан (Алматы қаласы) чемпион атанды. Жалпы жүлде саны бойынша ринг қожайындары – Түркістан өрендері мықтылық танытты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы