Мұхтар Ерман: Бір кандидаттың құжатын қабылдамадық
Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы туралы қорытынды отырыстан соң өткен брифинг барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Күні бүгінге дейін әртүрлі қоғамдық бірлестік атынан 12 кандидаттың құжаты келіп түсті. Қазіргі таңда мемлекеттік тілден 5 кандидат емтихан тапсырды. Бүгін тағы екі үміткерден емтихан қабылданбақ. Біз үміткерлердің құжаттарын 11 қазан 18:00 ге дейін қабылдадық. Тек бір Польша мемлекетінің азаматшасының құжаттары кандидат ретінде қабылданбады, – деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман.
Осыған дейін, 20 қарашада өтетін Қазақстан Республикасының кезектен тыс сайлауына әртүрлі қоғамдық бірлестіктер атынан 12 кандидат ұсынылғанын және Орталық сайлау комиссиясы әр үміткердің құжаттарын Қазақстан Республикасының Сайлау туралы заңының 59-бабына сәйкес жіті қадағалап отырғандығын жазған болатынбыз. Бүгінде Орталық сайлау комиссиясы әр үміткердің сәйкестігін жеке отырыстарда қарауда.
Кандидаттар Қазақстан Президенттігіне үміткер ретінде тіркелу үшін:
1.қоғамдық бірлестіктің жоғары органы отырысының хаттамасынан президенттікке кандидат ұсыну туралы үзінді.
2.Қоғамдық бірлестіктің әділет министірлігінде тіркелгені туралы құжаттың көшірмесі қоса берілуге тиіс;
3.президенттікке кандидат ретінде сайлауға түсуге келісім беру туралы өтініш; азаматтардың қолдарын тексеру нәтижесі туралы аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары;
4.кандидаттың өмірбаяны;
5.кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) активтері мен міндеттемелер туралы декларацияларды тапсырғаны жөнінде мемлекеттік кіріс органының анықтамасы; кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжат;
6.денсаулығының жай-күйі туралы медициналық қорытынды ұсынылуы керек.
Және әрбір кандидат сайлау жарнасын төлеп, 118 273 қол жинау керек.