Мұхтар Әуезовтің Америкаға сапары туралы кітабы қазақ және ағылшын тілдерінде жарық көрді
Алматыдағы АҚШ Бас консулдығы Мұхтар Әуезовтің 1960 жылғы Америкаға сапары туралы жолжазба жинағы – «Америка әсерлері» арнайы шығарылымын көпшілікке таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
1960 жылы қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов КСРО-дағы бірнеше әріптесімен АҚШ Мемлекеттік департаментінің шақыруымен Америкаға сапарлаған. Жазушы мұхиттың арғы бетіндегі Нью-Йорк пен Вашингтонды, Аризона мен Калифорния штаттарын бір ай бойы аралап, көрген-білгендерін «Америка әсерлері» деп атаған жолжазба жинағына түсірген. Сапарынан оралып, очерктерін жазып жатқан шағында Әуезов өмірден өтіп, кітап аяқталмай қалады.
Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясы 2021 жылы Мұхтар Әуезовтің музей-үйі және америкалық гид және оқытушы Деннис Кинмен бірлесіп, Мұхтар Әуезовтің Америкаға сапары туралы жолжазба жинағын ағылшын тіліне аударып, алғаш рет кітап етіп басып шығарды.
АҚШ Миссиясы бұл жобаны Қазақстанның өз тәуелсіздігін нығайту жолындағы Америка тарапынан көрсетіліп жүрген қолдаудың бір мысалы деп біледі.
Әуезовтің шығармашылығы туралы алғаш Вашингтонда қазақ тілін оқып жүргенде естіп қызықтым. Осында келгеннен кейін жазушының АҚШ-қа сапары туралы естігенде таң қалдым. Енді, міне, оның еңбегін ағылшын тіліне аударуға атсалысып, бүгін сіздерге ұсынып отырмыз. Алпыс жыл бұрын АҚШ пен Кеңес одағы екі ел арасында мәдени байланыс орнаса, өзара қарым-қатынас да жақсара түсер деген келісімге келеді. Цензура мен қудалау азайған «Хрущев жылымығы» деп аталған кезең басталған сол сәт екі елге де берері көп қарым-қатынас орнатуға ең қолайлы кез еді. Дәл сол жылымық кезінде АҚШ пен Кеңес одағы арасында ұйымдастырылған мәдени тәжірибе алмасу үшін ұйымдастырған алғашқы сапарға Мұхтар Әуезов топ жарып, алғашқылардың бірі боп барған екен, – деді Алматыдағы АҚШ Бас консулы Кэролайн Сэвидж.
Оның сөзінше, Әуезов Кеңес одағының басқа төрт жазушысымен бірге Америкаға жол тартып, мұхиттың ар жағындағы өмірді өз көзімен көріп қана қоймай, темір перденің арғы бетіндегі адамдар мен олардың өмірі туралы аңыздарды сейілтіп қайтқан.
Сәті түсіп сол алғашқы сапарға қатысқаны қандай тамаша болған, өйткені Америка туралы әсерлерді қазақтың ХХ ғасырдағы алып жазушыларының бірі Әуезовтен артық кім баяндап береді? Өз сапарында жазушы беймәлім жаңа әлеммен алғаш танысқандағы таңырқағанын, толқығанын жеткізеді. Бұл еңбектің ең маңызды тұсы - одан біз Әуезовтің көрген, естіп, аңғарғандарын біліп қана қоймаймыз, толып жатқан қайшылықтардың ішінен оның қос әлем мен халықтың ұқсас тұстарын іздеп таба алатынын байқаймыз, – деді Алматыдағы АҚШ Бас консулы.
Кэролайн Сэвидж атап өткендей, танымал америкалық жазушымен болған бір әңгімеде «Әдебиет кез келген жерде бірдей емес пе?» деп сұрағанда, жауап бермегенімен миға азық болатын әдемі бір әңгімені бастап береді. «Мәдениеттер бір-бірімен қақтығысып жатса да, адамзат универсал ұғым болып қалатын шығар. Бәрімізге ортақ бір бірімізге апратын жолды қалай табамыз?» дейді Әуезов.
Бұл шығарманың әсемдігі де осында жатыр. Әуезов ортақ тарихымыздың ең қызық тұстарының бірін бейнелеп кеткен. Екі еліміз серіктес болуға алғаш қадамын басқан кезде әлемнің ұлы суайрығында тұр еді. Бірақ жазушы бізді жақындататын ортақ құндылықтарды таба білді. Жаңа түскен бүршіктей шағын ғана мәдени тәжірибеден басталған бұл сапар осы күні екі ел арасында отыз жылдан астам тарихы бар мызғымайтын ынтымақтастыққа айналып отыр. Осы тарихтың бастауын Мұхтар Әуезовтің бірінші боп жазып кеткені де бекер емес болар. Әуезовтің Америкаға сапарын қызыға оқыдым. Сіздерге де сондай әсер қалдырады деген үміттемін, – деп сөзін түйіндеді Кэролайн Сэвидж Алматыдағы АҚШ Бас консулдығында өткен кітаптың таныстырылымында.
Осы жобаны алғаш боп ұсынған Деннис Кин қазақ тілі мен мәдениетін зерттеу үшін Алматыға тоғыз жыл бұрын келген. «Америка әсерлерінің» ағылшын тіліне аударған ол екі жыл бұрын америкалық газет беттерінен Әуезовтің Америкаға сапары туралы мақалаларға тап болған.
Американың баспасөзі Қазақстан туралы осы жылдар бойы не жазғанын білгім келді. Америкалықтар атақты қазақтар туралы жазды ма екен? Сөйтіп Мұхтар Әуезов деп тергенде шыққан нәтижелерді көргенде өз көзіме сене алмадым. Мұхтар Әуезов америкалық газеттердің біріне мақала жазған екен. Бұл Жезқазған газетінен Джек Лондонның мақаласын көргенмен тең ғой, сондай таң қаларлық. Бұл өзіме де қызық болды. Ұлы жазушының Америкаға сапары қазақстандықтарға да қызық болар деп ойладым, – деді Деннис Кин.
Аудармашы өзі туған Калифорния штатындағы кішкене бір қаладағы газеттің бас бетінде ұлы қазақ жазушысының суретін көзі шалып, адам сенбес оқиғаға тап болғанын айтады.
Қазақ әдебиеті мен ғылымының аңызы Мұхтар Әуезов Американың супермаркетіне барып көрген. ХХ ғасырдағы қазақ тарихының алыбы алып секвоя ағашының көлеңкесінде тұр. Тапқан мақаланың бәрін жинадым да, Walking Almaty атты блогыма «Әуезов Америкада» деген эссе жаздым. Қуанышыма орай, сол мақала Қазақстанда кең тарап, танымал болды. Мұхтар Әуезовтің атын кез келген қазақстандық білетіні сөзсіз, бірақ оның Американың атақты қалалары Вашингтон, Нью-Йорк пен Лос Анджелеске барғаны көпшілікті таң қалдырды, – деді ол.
Сапарынан оралғаннан кейін Әуезов көпшілікке беймәлім «Америка әсерлері» деген жолжазбаларын жазады. Алайда жазушының бұл очергі орыс тіліне де, әлемнің басқа тілдеріне де аударылмай қалады. Деннис Кин Әуезов орталығының басшысы Диар Асқарұлы Қонаевпен кездесіп, бұл туындының тарихи маңызы туралы сөйлесіп, ағылшын тіліне аудару туралы келіскен. АҚШ консулдығы бұл идеяны қуана-қуана қолдаған.
Калифорнияда туып өстім, осы күні Лос-Анджелестегі Калифорния университетінде қазақ мәдениетінің тарихынан дәріс оқып жүрмін. АҚШ - туған елім, бірақ Қазақстанға мені тағдыр қосты. Ұлы жазушының күнделігін оқығанда туған қалама, тіпті университетіме барып көргенін білгенде шексіз қуандым. Әуезов Диснейлендке барғаны туралы он беттей жазған. Бұдан асып түсетін нәрсе болса ол Абайдың Лас-Вегас туралы өлең жазғаны болатын шығар. Сол кездегі осы екі әлемнің осылайша біріккені бір ғажайып болып көрінді. Дегенмен бұл екі ел арасындағы көп жылдық достықтың бастамасы еді, – деді жобаның кураторы Деннис Кин .
Жазушының очеркінен бөлек кітапта оның жеке күнделігіндегі жазбалар бар. Бұл оқырманға сол заманға еніп, кеңес адамының Америкаға барғанда не сезінгенін түсуніге көмектеседі дейді Деннис Кин. Мұхар Әуезов очеркінде өзін өте байсалды ұстаған. бірақ жеке күнделігінде көрініс мүлдем басқа. Жазушы америкалық киноға таңдай қаққан. Бар-жоғы бір айда онадаған картина тамашалаған.
Кітап авторлы қазақ жазушысының АҚШ-та жүріп өткен жолын толық көрсеткен. Кітаптан Әуезов барған орындарды, кездескен адамдар тізімін, тіпті тамашалаған фильмдерін табуға болады.
Кітаптың тұсаукесеріне Әуезов музей-үйі мен Әуезов орталығын басқаратын Диар Асқарұлы Қонаев та қатысты. Ол музейде Мұхтар Әуезовтің Ұлы Каньонда түскен суреті әлі де ілулі тұрғанын айтты. Ол Әуезов үшін Америкаға сапарының орны бөлек болғанын, өкінішке қарай, жазушы саяхатынан алған әсерлерін аяқтап үлгермей, өмірден өткенін айтты. Сонымен бірге, Америкаға сапарлаған делегация құрамында ұлы украин жазушысы Олесь Гончардың болғанын, оның осы арнайы шығарылымның кіріспесіне енген Әуезов жайлы естеліктерінің де құндылығы зор екенін де атап өтті.
«Америка әсерлерінің» қазақ және ағылшын тіліндегі алғашқы тиражы әзірге сатылымға түспегенімен, жазушының 125 жылдық мерейтойына орай Kitap.kz мобильді қосымшасынан қыркүйек айының аяғына дейін тегін оқуға болады. Сондай-ақ, Әуезов мұражай үйінің келушілеріне тегін таратылады деп жоспарланып отыр.