5 Қазан 2026, 19:54 Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Мүгедектікті кезексіз рәсімдеу: Қазақстанда онлайн-жазылым іске қосылды

Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту үшін электронды кезек енгізілуде

Қазақстандықтар мүгедектікті ресімдеу кезінде куәландырудан өту күні мен уақытын алдын ала таңдай алады. Электронды кезек Алматы қаласы мен Ақмола облысында іске қосылды. Болашақта бұл сервис елдің барлық өңіріне таратылуы мүмкін.

Медициналық-әлеуметтік сараптамадан (МӘС) жүзбе-жүз өту үшін электронды кезек енгізілуде. Жаңа сервис азаматтарға қабылдауға алдын ала жазылып, өзіне ыңғайлы күн мен уақытты таңдауға мүмкіндік береді. Бұл ретте кезекте ұзақ уақыт күтудің қажеті жоқ.

Электронды кезек жобасы алдымен Ақмола облысында іске қосылды. Кейін бұл сервис Алматы қаласында да енгізілді.

2026 жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша электронды кезекті Ақмола облысында 2 580 адам, ал Алматы қаласында 3 030 адам пайдаланған.

Электронды кезекке қалай жазылуға болады?

Оған Әлеуметтік қызметтер порталы (aleumet.egov.kz) арқылы жазылуға болады. Ол үшін бірнеше қарапайым қадамды орындау қажет.

Азамат электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы Әлеуметтік қызметтер порталына кіріп, Жеке кабинеттен «Куәландыруға жазылу» қызметін таңдауы керек. Одан кейін өзіне ыңғайлы күн мен уақытты белгілейді.

Жүйе азаматтың тұрғылықты жеріне қарай тиісті медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімін автоматты түрде анықтайды.

Жазылу сәтті аяқталғаннан кейін азаматтың телефон нөміріне МӘС-тен өтетін күн мен уақыт, бөлімнің мекенжайы және талон нөмірі көрсетілген SMS-хабарлама келеді. Белгіленген қабылдауға үш күн қалғанда жүйе қосымша SMS арқылы еске салады.

Қажет болған жағдайда азамат Жеке кабинеті арқылы жазылуын тоқтата алады немесе басқа күн мен уақытқа ауыстырады.

Егер азамат белгіленген уақытта келмесе, кезек автоматты түрде жойылады. Бұл туралы да тиісті хабарлама жіберіледі.

Онлайн-жазылым бүкіл ел бойынша іске қосылуы мүмкін

Әзірге электронды кезек тек екі өңірде ғана жұмыс істейді. Оны ең бірінші болып Ақмола облысы іске қосты, содан кейін бұл сервис Алматы қаласында пайда болды.

Жобаның нәтижелерін бағалағаннан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі электронды жазылымды Қазақстанның қалған өңірлеріне де тарату мүмкіндігін қарастырады.

Ведомство бұл жаңа формат күту уақытын қысқартып, азаматтардың куәландырудан өтуін анағұрлым ыңғайлы етеді деп үміттенеді.